Табиғатты аялайық
Жаз мезгілі – өрт көп болатын қауіпті мезгіл. Бұл кезеңде күннің ыстық болуы өрттің болуына себепші. Қазіргідей күн райы күрт ысып тұрғанда өртті болдырмауға абай болу керек.
Өрт туындауына алып келетін ең көп тараған себеп – отты пайдаланудағы абайсыздық. Сонымен қатар адам өміріне қауіп төндіретін тілсіз жаудың орын алуына отты пайдалану ережелерінің бұзылуы. Сондай-ақ үйде, табиғатта немесе көшеде ойланбай тасталған сіріңке, темекінің тұқылы үлкен қасіретке айналуы мүмкін. Сондықтан кез келген азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін, оның шығу себептерін және дұрыс әрекет жасауды білу керек.
Бүгінгі таңда көпшілік су жағалауына, табиғат аясына шығып демалуда. Осындайда өрт қауіпсіздігін сақтаған дұрыс. Отты пайдаланып, өшірмей кетіп, ол үлкен өрттің тұтануына себеп болатынын қаперімізден шығарып аламыз. Орын алған өрт ауданы бір қарағанда болмашы болғанымен, кей уақыттарда жүздеген шаршы метр жерлерге жетіп артады. Бұл әсіресе жазғы уақыттарда өте жиі орын алады. Жуырда «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудандық жер қорындағы Түркістан ауылдық округі Ә.Бүркітбаев ауылы маңындағы қураған шөптің жану оқиғасы туралы хабар түсті. Мекемеден 3 -«УАЗ» өрт сөндіру көлігімен 18 адам оқиға орнына дер кезінде жетті. Өрт жасақшылар тез арада тілсіз жауды құрықтады. Өрт шалған аумақ 3,2 гектарды құрады. Орман инжинері Сәрсен Смайлов, көлік жүргізуші Талғат Аяшев, өрт жасақшысы Ерболат Мұханов, Алмаз Исаевтар біліктілігі мен күш-жігерлерін салып, жон өлкесіндегі диқаншылардың егістік алқабына өртті жібермей сөндірді. Құрметті аудан тұрғындары сондықтан осындай шақта сақтық шараларын сақтаған абзал. Одан бөлек орман-тоғайда да күнның ыстықтығынан темекі тұқылының өзінен шөп, ағаш тұтанып кеткелі тұр. Бұған да өте сақтықпен қарауымыз керек. Өйткені орман-тоғайды өрт шалса, қоршаған ортаның ластануына әкеліп соғады. Оның адам денсаулығына кері әсері көп.
Жалпы ашық от қолдану кезінде өте мұқият болыңыздар. Тек қатаң сақталған қауіпсіздік ережелері өртті болдырмайды және материалдық шығыннан сақтайды.
Ж.Оразбаев,
«Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман өрт сөндіру станция басшысы