Мемлекеттік тілді үйренемін десеңіз…
Қазір ар мен намыстың, күмән мен үміттің болашаққа деген сенімнің айрықша баламасына айналған тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық және саяси мәселе болып отыр.
Ол елдің елдігіне, мемлекеттің мемлекеттігіне сын болатын, ұрпақ келешегі мен халық болашағының кепілі болатын аса киелі шаруа. Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез-келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез-келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Тілге деген құрмет-халыққа деген құрмет.
Мемлекеттік тілді оқып-үйрену бағытында жүргізілген алғашқы кезеңдегі жұмыстар қазіргі таңда күнделікті іс-қағаздарын, құжаттарды қазақ тілінде сауатты жаза білу, қисынды сөйлеу шеберлігі мен тіл мәдениеті талаптарын меңгеру сияқты т.б. игілікті істермен жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Бағдарламаның мақсаты-қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Qazonline», «Ana tili» қосымшалары жұмыс істейді. Қазақ тілін меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі бойынша анықталады. 2022 жылы диагностикалық тестілеуден 12000 адам өтті. «Қазтест» жүйесі енгізілген сәттен бастап (2006 жылдан бастап) тестілеуге қатысушылардың жалпы саны 452 671 адамды құрады.
Қазақ тілін білу деңгейін www.kazakhtest.kz ресми сайтына өтіп, тексеруге болады.
Тіл саясатын тиімді іске асыру, оның ішінде халыққа тілдерді оқыту процесінің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен әзірленген «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Qazgramma», «Qujat.kz», «Atau.kz», «Qazlatyn.kz» электрондық ресурстары жұмыс істейді.
Тіл саясатын іске асыруға бағытталған барлық электронды қосымшалар мен өзекті ақпарат (жаңалықтар, мақалалар, орталықтарға қатысты ақпарат, әдістемелік жинақтар және т. б.) «Tilalemi.kz» сайтында орналастырылған. «Тermincom.kz» сайтының негізінде терминологияның жай-күйі және термин қалыптастырудың негізгі қағидаттары туралы жұртшылықты хабардар ететін, сондай-ақ, терминдерді халықпен талқылауға мүмкіндік беретін ашық алаң жұмыс істейді. «Termincom» базасына жүктелген терминдердің жалпы саны 383 534 бірлікті құрайды. Қазақ тілінің ұлттық корпустарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Корпустар «Qаzcorpus.kz» және «Qazcorpora.kz» сайттарында қолжетімді.
А.Шымырбекова,
Сарысу аудандық соты әкімшісінің
бас маманы
Семинарлық сабақ өтті
Сарысу аудандық сотында «Банк саласында кездесетін алаяқтық қылмыстары» тақырыбында семинарлық сабақ өтті.
Семинарлық сабаққа төраға Марат Үркімбаев, судьялар-Динара Кадерқұлқызы, Жанат Төлепбергенқызы, сот әкімшісінің басшысы Гүлжан Несіпбекова, бас мамандар Айнұр Шымырбекова, Ғазиза Данярова, бас маман — сот отырысының хатшылары Жаңабек Мейірхан, Олжас Сейтбаев, жетекші мамандар Фариза Әметова қатысты.
Сот төрағасы М.Үркімбаев өз кезегінде банктер арасындағы бәсекелестікке қарай, қарыз алушы минималды тексерістен өтіп несие алады. Себебі әр ұйым сапалық емес, сандық сипаттамаға көбірек көңіл бөледі. Сондай-ақ, банктер жақсы атын, беделін сақтап қалу үшін қарыз алушылар тарапынан орын алған алаяқтық фактілерін жасыруға тырысады. Егер қандай да бір себептермен банктің қарызды қайтарып алуына мүмкіндігі болмаса, борышкер қарызы кешіріледі. Шығында қалып қалмас үшін, банк ұйымдары несие бойынша пайыздық мөлшерлемені арттырады, бұдан адал қарыз алушылар зардап шегеді.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл мәселе туралы азаматтарды үнемі хабардар етіп отыру қажет, өйткені қазіргі уақытта адамдар өте сенгіш және алаяқтардың психологиялық әсеріне оңай түсіп қалады. Несие беру саласындағы алаяқтыққа тек қылмыстық- құқықтық жүйе арқылы қарсы тұру іс жүзінде мүмкін емес екендігін атап өтті.
Семинарға қатысушылар талқыға салынған мәселелердің қайталануына жол бермеу мақсатында өз ұсыныстары мен ой-пікірлерімен бөлісті.
«Sarysý-Aqparat»
дұрыс тамақтану әдебі
Дұрыс тамақтану –денсаулық кепілі! Адам баласының денсаулығын сақтаудың басты шарты ол дұрыс тамақтану.
Сондықтан тамақтануға және тағам құрамына ерекше көңіл бөлген абзал. Әсіресе өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдер ұтымды тамақтануы тиіс, ағзаларына дәрумендерге толы тағамдар қажет. Қазіргі заман ағымына байланысты жартылай дайын, тез дайындалатын, майлы тағамдарды, газды сусындарды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа өте зиян. Адам күнделікті өмірде дұрыс тамақтануды әдетке айналдыруы қажет. Сонымен қатар дұрыс тамақтану ережесін ұстану тиіс: Тамақты үстелдің басында отырып қабылдау, асықпай мұқият шайнап жеу, аз мөлшерде күніне 5 рет қабылдаған жөн. Әсіресе, таңғы асқа ерекше мән беру керек, құнарлы, табиғи тағамдар болуы абзал.
Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан – ішек жолдарын, семіздік, қант диабеті т,б аурулардың алдын алады. Дүкен сөрелерінен қандай да тағамды сатып алмас бұрын сыртқы қорабына, сақталуына назар аударып құрамындағы компоненттермен танысып алу қажет. Сонымен қатар сатушыдан тауардың қауіпсіздігін растайтын құжат сұрасаңыз болады. Бұндай ақпарат сіздің денсаулығынызға тікелей байланысты. Сапалы тағам денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!
С.АРТЫҚБАЕВ, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы