ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ — БАСТЫ НАЗАРДА

0

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру бастамасы жаңа кезеңге басқан кемел қадамның алғашқы баспалдағының бірі болуда. Шынайылық пен ашықтықты көздейтін қоғам сұранысы орындалып келе жатқандай. Елмен бірге етене жақын болуды көздеген халық қалаулылары мәселелердің шешілу жолдарын мінберге жеткізу үшін ел ішіндегі сапарларын жалғастыруда.

Аптаның  сейсенбісінде  Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ауданымызға  жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесіп, елді мекендердегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жұмыс сапарын «АMANAT» партиясының Сарысу аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды қоғамдық қабылдаумен бастаған Гүлдара Алданышқызы тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Қабылдауға келген «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік  мекемесінің слесарі С.Балғабаев   мекемеде  айлықтың аз  екенін айтып, айлық жалақының көтерілуіне ықпал етуін сұрады. Бұл сұраққа халық қалаулысы барлығы заң аясында шешілетінін, айлықты жергілікті бюджеттен бөлінуі керектігін аталмыш мәселені аудандық мәслихаттың сессиясында қарауды қажет ететінін жеткізді. Қаладағы спорт кешенінің  директоры С.Ниязов қаладағы спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне ықпал етуін сұрады. Бұл мәселе бойынша мәжіліс депутаты жауап беріп, заң аясында тиісті шаралар қолданылатынын айтты. Сондай — ақ, қоғамдық қабылдауда басқа да өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар мен   пікірлер айтылды. Мұнан соң «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ұжымымен кездесу өткізілді. Жиын барысында жұмысшылар тарапынан бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мәселен, темір жол арқылы жүзеге асатын жолаушы және жүк тасымалын кеңейту,  осы арқылы Жаңатас қаласы мен Түркістан облысы арасындағы байланысты нығайту, жұмысшыларға қосымша қаржы төлеу жағын қарастыру, Жаңатас қаласына МРТ, КТ орнату, зауыт жұмысшыларына жеңілдіктер қарастыру сияқты өтініштерді халық қалаулысының назарына ұсынды. Өз кезегінде Гүлдара Алданышқызы аталмыш мәселелер бойынша тиісті жүмыстар атқарылатынын жеткізді.

Мәжіліс депутаты орталық қазандықтың жұмысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Қазандықтағы мазутқа қатысты біраз мәселе зерделеніп, тиісті тапсырмалар берілді.  Сапар барысында Түркістан ауылдық округі, Үшбас елді мекенінде салынып жатқан су құрылысының жұмысымен танысты. Мердігер «Корпорация Алем Құрылыс» ЖШС-нің атқарып жатқан құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Сондай — ақ, бірлігі жарасқан аядай ғана ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесу жасады. Ауылда мәселе жоқ емес. Тұрғындар мектепте дене шынықтыру залы, асхана, медициналық пунктінің жоқ екенін айтып, аталмыш мәселелердің шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Мұнан соң Игілік ауылдық округіне қарасты Өндіріс ауылында құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйіне барды. Жастардың талантын ашуға мұндай жұмыстардың маңызды екенін айтып, құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды. Шалғай ауыл Шағалалыдағы газ құбырын тарту жұмыстары мен танысқан Гүлдара Алданышқызы алыстағы ағайындардың тілектеріне құлақ асты. Ауыл дихандары су тапшылығынан тарығып отырғандығын айтып, Талас өзенінен ағын судың өте баяу келетінін жеткізді. Халық қалаулысы бұл мәселенің де шет қалмайтынын, тиісті жұмыстар жасалатынын айтты.

Сапар соңында Гүлдара Алданышқызы ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапалы әрі уақытылы атқарылуына сенім білдірді. Тұрғындар тарапынан айтылған талап-тілектердің бақылауда болатынын айтып, бұдан әрі нәтижелі жұмыстар атқаруға тілектестігін білдірді.

Маңызды мәселелер мен ұсыныстар айтылған берері мол сапардан өңір жұртшылығының күтері көп.

С.Тоқбанов, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.