Жұмыстар сапалы жүзеге асырылуы керек

0

Қай жерде, қай қоғамда болмасын ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан жерде күрмеуі шешілмей жатқан мәселелердің болатыны заңдылық. Демек, түйіннің шешілуі де табанды тірлік пен қажырлы еңбекке байланысты. Осы орайда, сәрсенбі күні ҚР Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданымызға жұмыс сапарымен келді.

Сенатор, аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов және жауапты бөлім басшылармен бірге аудандағы құрылыс нысандары мен орталық қазандық жұмыстарын аралап, жұмыс сапасы мен мерзімін бақылап қайтты. Бекболат Серікбекұлы жұмыс сапарын Шоқпар жел электр станциясынан бастап, жобаның аудан халқы үшін маңыздылығына тоқталды. Жобаның қуаты 100 МВт-ты құрайды. Жел трубиналардың саны 22 бірлік. Шамамен 140 млн. АҚШ долларға инвестиция тартылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 200 адам тартылып, пайдалану кезінде 20 адам жұмыс атқарады. Бекболат Орынбеков Жаңатас қаласындағы Құрылыс алқабына су, газ және электр жүйелерін тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігердің жыл аяғына дейін жұмысты сапалы аяқтап, уақытылы өткізуін қадағалауды тапсырды.

Сенат депутаты орталық қазандықты газ жүйесіне ауыстыру бойынша  негізгі жұмыстармен танысты. Жалпы жоба құны 4,2 млрд. теңге, сонымен қатар, өзекті мәселелердің бірі «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дебиторлық және кредиторлық қарыздарын тез арада шешу жолдарын айтып, тиісті тапсырма берді.

Сапар барысында Жаңатас қаласында қайта жөңдеуден өтіп жатқан 1-ші шағын аудандағы 44-ші үйдегі құрылыс жұмыстарымен танысып, моноқаланы дамытуда маңызы жоғары жобаның сапалы аяқталуын, пәтер кілтін тапсыруды жүйелі жүзеге асыруда олқылықтар болмауды ескертті. Аудан бойынша 1576 азамат пәтер кезегіне тіркелген.

«ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің  кешеніне тартылып жатқан жоғары қысымды газ құбырының құрылыс жұмыстарымен танысқан Бекболат Серікбекұлы бас мердігер «Stroy Gaz Company» ЖШС-нің жұмыстарына оң бағасын беріп, аудан халқы үшін жасалып жатқан жұмыстардың маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін сенатор ат басын «Қазақсода» ЖШС-ға бұрып, құрылыс жұмыстарымен танысып, бірқатар жобаларды зерделеді. Аталмыш жобаларға мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп жатқанын, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі  уақытылы аяқтауын тапсырды. Бұл жұмыстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Сенат депутаты Бекболат Орынбеков,   аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков және аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен жиын өткізді. Кездесуде сенат депутаты түрлі мәселелерді шешуде ашықтық пен нақтылықтың керек екендігін айтты. Аудандық мәслихат депутаты Б.Балғабай Жаңатас қаласын қоса алғанда 6 елді мекенге газ құбырын тартуға және Жаңатас қаласының қайта жаңғыру жобасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінуге ықпал етуін сұрады. Сенатор бұл мәселе заң аясында қаралатынын жеткізді.

Байқағанымыздай ауданда биыл көптеген жобалар іске асып, бірқатар нысандар халық игілігіне берілудің алдында тұр. Берекелі іс және бағыт пен бағдарлы жұмыстарды бақылауда біліктілік пен еңбек керек. Ел ішінде жүріп әр мәселені көкейге түртіп отырған Бекболат Орынбековтың сапары аудан жұртшылығы үшін маңызды болатыны сөзсіз.

Самат Тоқбанов,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.