Тұжырымдама іске асады
Қоғаммен біте қайнасып жататын аудандық полиция бөлімінің жұмысы қашан да қауырт. Қоғамның тыныштығы үшін тік тұрып қызмет ететін тәртіп сақшыларының мәртебесі мен имиджі әрдайым жоғары тұрады. Заманның көшімен «Әділетті Қазақстанның» жаңғыруына бет бұрған ішкі істер министрлігінің жұмысы да қоғам сұранысына сай бір жүйеге еніп жатыр.
Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өткізілген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынын айтты.
Осы орайда аптаның бейсенбі күні аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде аудан әкімі С.Мамытов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Есмаханов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Сақыпбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Алметов және полиция қызметкерлері қатысты. Жиынды Асхат Аманқұлұлы жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік түрлерінің бірі ретінде қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы үшін азаматтардың өмірі, денсаулығы мен әл — қуатын, қазақстандық қоғамның рухани- адамгершілік құндылықтарын және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нақты және әлеуетті қатерлерден қорғаудың жай- күйін көрсететін тұжырымдаманың маңыздылығына тоқталды. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Б.Күзембаев қатысушыларды 7 бөлімнен тұратын тұжырымдамамен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кездесу барысында Жаңатас қаласына көлік қозғалысы тәртібін сақтайтын «Сергек» камерасын іске қосу керектігін, сондай-ақ, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелерге камераларды көбірек орнату қажеттігі туралы және басқа да ұсыныс — пікірлер айтылды. Өз кезегінде С.Үмбетұлы ұсыныстардың жіті бақылауда болатындығын айтып, камераларды орнату бойынша жергілікті бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінетіндігін жеткізді.
Шара соңында бірқатар полиция қызметкерлерін аудан басшысы 6 шілде — Астана күнімен құттықтады: — Баршаларыңызды бүгінгі еліміздің жүрегі, береке — бірлігіміздің тірегі болған Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бас-тап оның тыныштығын қорғауға берік ден қойылып келеді. Барша полиция қызметкерлеріне еліміздің өркендеуі жолында табысты қызмет ете берулеріңізге тілектеспін, -деп Қазақстан Республикасы полиция бөлімінің 30 жыл толуына орай, адал еңбегі үшін арнайы төсбелгіні және қызметте сатылары көтерілген тәртіп сақшыларына шендерін тапсырды.
Самат Тоқбанов, «SARYSÝ»
Ауыл ажары, ел ажары
Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бүгінгі таңда ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде аудандағы ауылдық округтердің әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде.
Өткен аптада аудан әкімі Сәкен Мамытов жұмыс сапарымен Тоғызкент және Досбол ауылдық округтеріне ат басын тіреп, тұрғындармен кездесті.
Тоғызкент ауылдық округ әкімі аппаратының мәжіліс залында тұрғындармен кездесіп, көкейлерінде жүрген ұсыныс –пікірлерін тыңдады.
Аудан әкімі мемлекет тарапынан қолдаулар, ауқымды жобалар жүріп жатқанын, ауданымызда атқарылып жатқан және алдағы атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.
Жиын барысында тұрғындар Тоғызкент ауылындағы бала-бақшада бала санының аздығына байланысты балабақша жабылып қалу қаупінің туындап отырғанын айтты. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуді, балабақшаның жағдайын ретке келтіруге тапсырма берді.
Ауыл тұрғындары Есмұрза көшесіне жол жабындысын төсеу және тоқ реттейтін трансформатормен көше жарығы орнатылса,-деген ұсыныстарын жеткізді.
Ауылдық округ әкімі М.Күзенбаев Есмұрза көшесіне келесі жылы жол жабындысы төселетінін, ал жарық мәселесін алдағы уақытта аудандық электр жүйесін тарату мекемесімен бірлесіп ретке келтіретінін айтты.
Сондай-ақ сапар барысында аудан әкімі округте бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл ішіндегі тазалықты, әлеуметтік нысандардың жағдайын, инфрақұрылым желілерінің, су, жарық тағы да басқа халыққа тиімді нысандардың толық жұмыс істеп тұруын бақылауда ұстауды және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды ауылдық округ әкіміне және өзге де жауапты тұлғаларға тапсырды.
Тұрғындармен кездесу Дос-бол ауылында жалғасын тапты. Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Алтынбеков ауыл тұрғындарына елді мекенге жайылымдық, шабындық жерлерді бекітіп беру, орман шаруашылығы иелігіндегі жерлерді пайдалануын сұраса, қысқы мал азығын дайындау барысында жем-шөптің сатып алу бағасын төмендетіп беруін айтты.
Аудан әкімі тұрғындар көтеріп отырған шабындық және жайылымдық мәселесін аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Е.Ұзақбековке тез арада шешілу жолдарын қарастыруды тапсырып, алдағы уақытта бақылауға алынатынын және бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Ауыл тұрғындары Талас өзенінің ауылға жетуін қадағалау, медициналық пункттің жұмысы мен дәрігер мәселелерін тілге тиек етіп, ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы көтерілген ұсыныстарды шешу жолдарын қарастыру үшін сала басшыларына және ауылдық округ әкіміне тапсырмалар берді. Сонымен қатар ауылдық округ әкіміне ауылды көгалдандыру, жарықтандыру, ағаш отырғызу, аулаларға гүл егіп, көшелердің тазалығына баса назар аударуды тапсырды.
Аудан басшысы округте бірқатар әлеуметтік нысандарды аралау барысында кездескен кемшіліктерді ретке келтіру бойынша округ әкімі бөлімдерімен жұмысты жүйелендіру керектігін жеткізді.
Сәулет Есқараев,