Болашаққа жол баста!
Биікке самғап, өрге ұмтылуда мектеп тәрбиесінің рөлі ерекше. Болашаққа бағдар беріп, білімнің бас-тамашысы болатын білім ордасының түлектері өздерінің ыстық ұяларын бір сәтке де ұмытпайды. Соңғы қоңырау үні ауылдық округтерде де өткізілді.
Оқу жылы аяқталған сәтте түлектер балалықпен, мектеппен қоштасты. Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпейтін күн болмақ. Балдәурен балалық шақпен қоштасып, болашаққа қанат қағатын бұл сәт — түлектер үшін ең бір қымбат, ең бір қимас жыл ретінде есте мәңгілік қалары сөзсіз.
Маусымның алғашқы күнінде Арыс-танды орта мектебінде кезекті оқу жылын аяқтауға арналған салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынға аудандық білім бөлімінің өкілі Эльмира Сатиева, Түркістан ауылдық округінің әкімі Ахан Шортанбаев, ұстаздар мен мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары қатысты.
2022-2023 оқу жылын аяқтау сәті «1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесімен қатар келуімен ерекше болды.
Аталмыш білім ордасы оқу жылының басын 114 білім алушымен бастап, 108 білім алушымен аяқтап отыр. Оның ішінде 9,11-сынып түлектерінің саны -12.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Жиында мектебімізге арнайы келген қонақтар мен ата-аналар комитетінің төрағасы, ардагер ұстаздар өздерінің жылы құттықтауларын білдіріп, мектеп бітіруші түлектер де өздерінің ұстаздарға деген алғысын айтты.
Мектеп бітірушілері Асан Махамбетов пен Хатун Усенова «Соңғы қоңырау» соғу рәсімін орындады. Мектепте салтанатты жиын аяқталғаннан кейін кезекті «Жұлдызды сәт» 2022-2023 оқу жылының қорытындысына берілді.
Онда өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасау мақсатында, әрі осындай мерекелі шақта Арыстанды орта мектебінің даңқын асырып, биік жетістіктерге жеткізер мектеп мақтаныштары мен түрлі жетістікке жеткен ұстаздар марапатталды. Атап айтар болсақ, өзі жетекшілік жасап отырған бірлестікте жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарағаны үшін «Үздік бірлестік жетекші-2023» номинациясымен «Бастауыш» бірлестік жетекшісі Васила Алиева, өздері аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген және үздік шәкірт тәрбиелегені үшін география пәнінің мұғалімі Саладин Айдаров, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Жұмабекова, информатика пәнінің мұғалімі Гозаль Азизова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Несіпбаева «шығармашылық ұстаз-2023» номинациясымен марапатталса, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытсерік Қалбаев «Үздік педагог — 2023», бастауыш сынып мұғалімі Бибіхан Каранеева «Жыл мұғалімі — 2023» номинацияларымен марапатталды.
Сонымен қатар, аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері, мектеп өміріне белсене атсалысқан 9-сынып оқушысы Диар Айдаров, 8-сынып оқушысы Мадина Мырзабек «Үздік оқушысы-2023», ал «Үздік аттестат» иегері 9-сынып оқушысы Ұлту Жанмолда «Жыл оқушысы-2023» номинацияларымен марапатталды.
Бүгінгі күні біз мектеп сахнасында қаншама жұлдыздың жарқырап, биіктен көрінгеніне куә болдық. Болашақта жұлдыздарымыздың саны көбейіп, мектеп даңқын шарықтата түсетініне сеніміміз мол.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Соңғы қоңырау сыңғыры
Балауса балғын шаққа «қош» дегізіп, соңғы қоңырау сыңғыры, қағылған өмірдің күмбіріндей мектеп бітіруші түлектерге ерекше әсер қалдырды.
Еліміздегі барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылып, үлкен өмірдің табалдырығын аттаған түлектер үшін оңай болмады. Күні кеше ғана кішкентай балақандар, енді мектеп партасымен мәңгілік қоштасып, үлкен өмірге қанат қағар алдында тұр. Әрқайсысының жанарында – жас, көңілдеріндегі – қимастық сезімі білініп-ақ тұр. Бұл күні талапкерлер өздерінің 11 жыл тәлім терген тарыдай шәкірттен, таудай азамат пен азаматша болғандарын сезінгендей.
Осы мерекеге орай, Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде «Болашаққа бастар жол» атты салтанатты шара болып өтті. Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Жұмат Жұмабекұлы Сақыпбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Ильяс Алшынбайұлы Баймағанбетов қатысты.
Салтанатты кеште 11-сыныптың бітіруші түлектері сән-салтанатпен ортаға шықты. Республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларда, байқауларда оза шауып бәйге алған шәкірттер жеке-жеке таныстырылды.
Мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген аппарат басшысы Жұмат Жұмабекұлы, білім бөлімінің басшысы Ильяс Алшынбайұлы ұядан ұшқалы тұрған түлектерге сәт сапар тіледі.
Мектеп директоры Роза Сарсебекқызы Қамбарбаева «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша үздік оқырмандарды, «Ең Үздік сынып» байқауы бойынша марапаттады.
Бітіруші түлектерге 4-сынып оқушылары жылы лебіздерін арнаса, 2022-2023 оқу жылында аудандық, облыстық олимпиадаларда мектеп мәртебесін жоғары көтеріп, білім ошағының абыройын асқақтатқан, білім көкжиегінде жүлделі орындарға ие болған, білімді, зерек оқушылардың атынан үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттер атынан 11 «Ә» сынып оқушысы Аружан Батырбай сөз сөйлеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына, тәлім-тәрбие берген ата-аналарына алғыстарын білдіріп, достарына сәтті сапар тіледі. Сонымен қатар, бітіруші түлектер қоштасу валсін билеп, барлығы бірге әуелете ән шырқады.
Осы іс-шарада осыдан 20 жыл бұрын білім алып, арман қуып кеткен, бүгін еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген түлектер де қонаққа келіп, өздерінің жылы тілектерін білдірді.
Салтанатты мерекеде соңғы қоңырау соғу мәртебесі 11 жыл бойы өзін тек жақсы оқу, үлгілі тәртібімен көрсете білген, бірнеше рет мектеп пен ауданның намысын қорғап жүрген білімді түлектердің бірі 11 «Ә» сынып оқушысы Сейдіш Эльвира және 1 «А» сынып оқушысы Шоқанбай Әмірланға бұйырды. Осындай іс-шаралар аудандағы барлық білім ордаларында өткізілді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»