Шат күлкісі сәбидің…

0

Балалар — біздің болашағымыздың жарқын көрінісі. Дүниеде сәбидің шаттық үні мен бейкүнә көңілінен асқан сезім бар ма? Қылығы мен тәтті сөздерімен жанды баурайтын балаларды қорғау әрбір ата-ананың

басты парызы.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың қажеттілігін айта келіп,  «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз — деп атап көрсеткен болатын.

Сондықтан балалар мерекесінің ерекше аталып өтілуі заңды құбылыс. Жаздың алғашқы күнінде ауданда 1 маусым — балаларды қорғау күніне орай, кешенді іс-шаралар өткізілді.

Сарысу аудандық білім бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер орталығы, балалар шығармашылығы орталығы, қалалық аула клубтарының, спорт мектебінің ұйымдастыруымен  Орталық саябақта мерекелік іс-шаралар өтті.

Мерекелік шарада аудан әкімінің  орынбасары  Еркебұлан Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, балалардың болашағының жарқын болуы ата-анаға артылатын міндет екендігін атап өтіп, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, отбастарына амандық, дендеріне саулық тіледі.

Шара барысында балаларға аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламалары, қойылымдары көрсетіліп,аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің түрлі спорттық шаралары өткізілді.

Спорттық жарыстардың жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен, сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, Балалар-жасөспірімдер орталығы, Балалар шығармашылық орталығы балаларының қолымен жасалынған қолөнер және сурет көрмелері көрермендерге ұсынылды.

Жаңатас қалалық өнер мектебінің домбырашылар ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Саябақтағы қызықты репертуарлар, персонаждар, театрландырылған көріністер, әртүрлі аспаптарда музыкалық композициялар балаларға қуаныш сыйлады.

Аталмыш мектептің ұйымдастыруымен орталық саябақта «Бақытты балалық шақ» атты асфальтқа сурет салу байқауы өткізілді. Сайысқа 12 бала қатысып, өз ойларын асфальтқа сурет етіп салды. Шараға қатысқан барлық балалар Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп оқушыларының картиналарынан көрме қойылып, домбыра класында оқитын оқушылар керемет ансамбльмен сүйемелдеді.

Қала тұрғындары балалардың салғанына қарап, көрмеге тоқталып, балалардың туындыларына ризашылығын білдіріп өтті.

Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы І.Баймағамбетов  мектептің жас суретшілері: 1 — сынып оқушысы Есенейқызы Фариза мен домбыра класының 2 — сынып оқушысы Айтбекқызы Альбинаны Алғыс хатпен марапаттады.

Ұ.Сыздықбаев ауылдық бөлімшесі де мерекеде белсенділік танытып оқушылар арасында асфальтқа сурет салу байқауын ұйымдастырып, белсенді қатысқандарды Алғыс хатпен марапаттады. Шара соңында ауылдық округ әкімшілігі балаларға балмұздақ таратып, көңілдеріне қуаныш сыйлады.

Балалардың қуанышына кәсіпкерлер де аянбай атсалысты. Аудан кәсіпкерлері саябақта балаларға тегін балмұздақтар мен тәттілер таратып, балаларға арналған жәрмеңке ұйымдастырды.

Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері концерттік бағдарламамен қатар, «Тоқты мен серке» ертегісінің сахналық қойылымы қойып, «Әлем балалар көзімен» атты асфальтқа сурет салу байқауын, аудандық кітапхана қызметкерлері кітап көрмесін ұйымдастырып, балаларға тәтті тоқаштар таратып, жас оқырмандарды марапаттады.

Мереке қарсаңында тағы да бір ерекше шара мейрамның көркін аша түсті. Жаңатас қаласының 1988 жылғы кәсіпкерлерінің демеушілігімен және аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепте тұрған балаларға арналып, 1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, қаламыздағы «Шах» мейрамханасында «Бала деген бір бақыт» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Аталмыш шараның басы қасында жүрген Әділетжан Көпбаев пен Диас Ағаділов мерекелік кештің мәнді өтуіне аянбай еңбек етті. Кеш барысында жас өнерпаздар Асылжан Қайратұлы  «Көбелек», Қасымхан Сапарбай «Көңілді күн» атты ән шашуын тарту етті.  Аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Аманов пен Е.Есмаханов шалғай ауыл-аймақта тұратын және іс-шараға келе алмаған балалардың әлеуметтік қызметкерлермен бірге  үйлерін  аралап,  мультфильм персонаждарымен  кішігірім сахналық қойылымдар көрсетті, бүлдіршіндеріміз әр-түрлі тақпақтарды ата-аналарға тарту етті. Сондай — ақ, Жаңатас қалалық аула клубының ұйымдастыруымен «Бар мейіріміміз балаға!» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Алаң мерекеге сай безендірілді. Мерекелік іс-шараны Бибінұр Олжатай мен Нұрболған Абай, Раушан Жанкужаева жүргізді. Кеш «Пусть всегда будет солнце» атты бүлдіршіндердің әсем хорымен басталды. «Балдырған» тобының бүлдіршіндері «До ре ми», «үнді» биімен, Алибек Каусар «Отан» атты әнімен өнер көрсетті. «Тұлпар» тобының бүлдіршіндері «Миньйоны», «In do get to» билерін билесе, Мерей «Анашым, ана жаным», «Кітапхана» атты әсем әндерін шырқап қызықты ойында ойнатты. «Балауса» тобының бүлдіршіндері «Инопланетяны», «Тока, Тока» атты заманауи би билеп, Олжатай Бибінұр «Жақсы адамдарым», Нұрболған Абай «Көңілді күн» атты әндерін шырқап, көңілді өткізді. Шараға қатысқан, көрермен болған барлық балаларға тәтті кәмпиттер мен балмұздақтар таратылды.

Шара соңында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде есепте тұрған  балаларға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Тілеубаев арнайы дайындалған сыйлықтарын табыс етті.

Мерекелік іс-шаралар барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты.

Самат Тоқбанов,  «Sarysý»

Еркін елдің ұландары

Бір ғасырдан астам тарихы бар 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін тәуелсіз Қазақ елі де жыл сайын атап өтеді. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, еліміздің әр өңірінде балаларға арналған түрлі шаралар жоспары құрылған. Ауданымызда да кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай жайылма ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасында  «Бар мейіріміміз балаларға» атты ертеңгілік өтті.

Іс-шарада бөбекжай-бақша меңгерушісі Р.Керимбаева балаларды мерекелерімен құттықтады:

-Балаларды қорғау дегеніміз — әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Бұлтсыз күн, ашық аспандай, нұрын шашқан күн сәулесіндей біздің балаларымыз бейбіт өмір сүрсе екен, олардың жүректерін қайғы мұң шалмаса екен! Қымбатты балалар! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарыңыз Отанның қорған болар азаматы болуға жетелеуін тілейміз,- деді.

Мерекелік шараға орай безендірілген «Балауса»  бөбекжай-бақшасының ауласы мен көңілді әуені қатысушы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Бүлдіршіндер  ұлттық билерден би билеп, «асық ату» жарысын өткізді. Сонымен қатар асфальтқа түрлі ертегі кейіпкерлерінің суреттерін салды. «Бар мейіріміміз балаларға» атты ертеңгіліктің соңында тәрбиеленушінің әжесі балаларға арнап ақ батасын берді.

С.ҚУАНДЫҚҰЛЫ,

«Sarysý»

 

«Балалардың күлкісі — көркі, сәні әлемнің»

1 маусым-балалық шақтың басты мерекесі,  жаздың алғашқы күні.   Бұл күннің бас-ты мақсаты- қоғамда балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, әркез мейірім мен махаббатқа бөлеу, денсаулығын сақтап, білім, тәрбие беру ұстаздар мен ата-аналардың міндеті. 

1 маусым-Халықаралық балалар күні-әлемнің түкпір-түкпірінде балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға шақырады.

«Балапан  ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Балалардың тағдыры оны тәрбиелейтін  адамдардың қолында. Балалық шағын қызық әрі көңілді өткізген баланың өмірге деген көзқарасы да жарқын болады.

Бұл мереке балалар асыға күтетін мереке. Себебі бүлдіршіндерді қуанту  үшін түрлі  іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіледі.

Сондықтан да, ата-ана мен ұстаздардың алдындағы зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

«Мен  Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек». –деді Президент. Осы ретте Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізген. Бала — өміріміздің жалғасы. «Балалардың күлкісі — көркі, сәні әлемнің» -деп бекер айтпаса керек. Өзімізді балаларсыз елестету мүмкін емес.

Н.Идрисова, Балалар-жасөспірімдер орталығының

бұқаралық бөлім меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.