СҰЛУ САЗҒА ІҢКӘРЛІК (Лирикалық эссе)
Қарт Қаратаудың баурайында көркі көз тойдырғандай Ақтоғай атты аяулы мекен бар. Жақпарлы жартас, шат қойнауынан сарқырап аққан өзен-суы мол, әр сайынан бұрқырап аққан бұлағы бар, көз жауын алғандай кәусар сулы Көлме деген көлі бар аймақта осыдан алпыс жыл бұрын Жақан атты мұғалімнің отбасында Илья атты ұл дүниеге келген. Бұралаңы мол тағдырдың жаңа туған жас нәрестеге тартар сыйының қандай екендігі кімге де болса беймәлім-ді.
Сонау нәубетті жылда, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» атты қызыл ұранның қанды қылышынан қансырап, қынадай қырылған халықтың аман-сау қалған бөлігі ұбап-шұбап, құт қонысты Қаратауды бетке алып ағылған-ды. Солақай саясаттың содыр семсері мұнда да жер төсін емген халықты ұйпап өтіпті. Санасыз үкіметтің санаға сыймас сансыз салығы жергілікті, тұрғылықты жұртты тұралатып кетіпті. Жан далбасалап жан-жаққа қашқан елдің біразы қарақалпақ, өзбек ағайындар жаққа ауа көшкен екен.
Десе де түгін тартсаң майы шыққан, кетпен ұстаған күсті қолды сағынып, тусырап жатқан жер аз уақытта кенеуі кеткен жұртқа ес жиғызып, тойымшылық әкелді. Тұзақ салып, қоянын аулады, қармақ салып, балығын ұстады.
Міне, қазақ тарихындағы «ақтабан шұбырындыдан» да ең сұрапыл, ең алапат қырғынның соңын ала, екі-үш жыл өткен соң дүниеге келген Ильяның балалық шағы соғыс лапылына шарпылды. Жас та болса, ел басына түскен сұмдық ауыртпалықтың шет жағасын, соғыстың шеткі жұртқа әкелген зардабын көрді. Көн етікті сүйретіп, көне шүберектен тігілген сөмкесін иыққа асып, әрі аласа, әрі тар мектептен сауат ашты. Тоқ құрсақ болып тойына ішіп жүрмесе де, бала Илья мінезі көптен сәл ерекшелеу-ді. Ол қиялшыл да арманшыл еді. Бала шағынан-ақ аспанмен жөңкіле көшкен бұлттарға қызықтай қараудан бір жалықпас еді. Көктемді сонша сағына күтетін.Қаз-қатар тізіліп, туған жерге асыға жеткен тырналарға, сонау зеңгір көктен тыраулап жеткен әндерін тыңдауға соншама ынтық болатын-ды. Ерте көктемде, қоңырқай күзде Қаратаудың қолтық – қойнауына ұйысып, шұбатылған шудадай, сан алуан бейнеге бөленіп жататын аппақ тұман-бұлттарға ерекше таңсықтықпен қарайтын. Ақтоғай алабының жалбызы мен киікоты, жуасы мен шайыры бұрқыраған табиғатын қызықтаудан еш жалықпас еді. Тау сағызы мен шиесін қуалап, күс табанды тасқа тілгізіп, өзен-су бойын қуалап жүгірген шақтардың рақаты естен кетер ме! Сонау жартас басында шаңырақ мүйізі күнге шағылысып, айнала кеңіске әрі маңғаз, әрі асқақ қарап тұратын арқар, құлжалардың сұлу мүсіндеріне сүйсіне қарап тұрудың өзі бір ғанибет-ті.
Илья Қаратаудың биігіне шығады. Айнала әлем алақанға келіп қонғандай. Құлаққа тау өзенінің сарқыраған үні жетеді. Анау бұлақтарды айтсайшы! Тыңдай бергісі келеді, тыңдай бергісі келеді! Ерке мінезді елік қыздардың бұрымында ойнаған күміс шолпыдай сыңғырлайды. Көкке көз салады. Дала бозторғайы да момын мінезді, бейбіт жұрттың еңсесін енді көтере бастаған сәтіне қуанатындай, шаттанатындай. Көз ұшында тау қыраны қалықтайды. Ол Көлме көлдің көркіне соншама құмарлықпен, ынтызар пейілмен елжірей қарар еді. Құдай-ау, мынау дүниеде осыншама сұлулық болар ма? Тілің байланғандай. Анау бұйра-бұйра талдардың көркін айтсайшы! Көл жиегін көмкерген құрақтардың айна суға түскен суретіне тамсанып қарай бергің келеді. Қалың жыныс арасынан қаптай шыққан үйректер соңдарынан шұбай ерген балапандарын ертіп, мылтық үні естілмейтін мынау өлкеде рақатты күн кешіп жүргеніне масаттанатындай. Ақ қанат шағалалар Көлме көл көгінде қалқып жүрген ақ күміс қоңыраулар дерсің. Әдемі үнмен ән салады. Мөлдір аспанда қалқып жүрген ақ бұйра бұлттар көл бетіне аунап түсе салғандай. Жас Илья, бала Илья еріксіз таңданады. Сұлулық сазы шым-шымдап жас жүрек бойына сіңіп жатқандай.
Жаз жайлауға қараша үйлері мен қостарын апарып қонған жұрт жазғы кеште рақат бір шақтарды бастан кешеді. Осы бір мамыражай шақты Илья мейілінше ұнатады. Бар-жоғын, құрт-ірімшігін ортаға салып, бар ас мәзірін қанағат қылған былайғы жұрт, ақ сақалдары алдарын жапқан аталар мен ақ жаулықты әжелердің әсерлі, әдемі айтылатын әңгімелеріне Илья ынтыға құлақ түретін-ді. Өткен-кеткен тарихтан шертілер әңгімелердің шет-шегі болсайшы! Көнекөз шежірешілердің әңгімелері ше? Болған жайларды көз алдыңа келтіріп, майын тамызып айтқанда, жас та болса елітіп, сол көне жұмбақ әлемнің ішіне еніп кеткендей әсерде болатын.
Бірде әңгіме арнасы Қорқыт пен Ықыласқа ауып кетсе, енді бірде ел бастаған батырлар, ерлер туралы әңгімелерге кезек тиер еді. Енді бір шақ домбыра шертіліп, қобызға ұласып та кететін. Арқа әндері мен Қаратау сазы кезек айтылып, әдемі бір үйлесім тауып кететін сәттер де өзгеше бір қызық-ты.
Илья жас болса да, ән мен күй дегенде ішкен асын жерге қояр еді. Анда-санда ауылға жыл құсындай сағындырып, артистер келген күні бүкіл ауылда үлкен той болғандай әсер әкелетіні бар. Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, Роза, Үрия, Жамал секілді өнер тарландарын тыңдау Ильяның есінен еш кетпейтін. Ән айтқан, күй тартқан жанның маңынан бөлекше бір сиқырға арбалғандай ұзап шықпайтын. Оның өзінің де домбыра, сырнайға әуестігі ерен болды. Домбыраны тез үйренді. Үйден шықпай ұзақ тартатын. Оңаша шыққанда, табиғат аясында қыдырғанда көкірек қойнауында жүрек түкпірінде, сана өрісінде әдемі бір әуендер сезім қылын шертіп, өзгеше саз толқыны сыртқа, кеңіске сұранатындай хал кешетін…
Ол өзі туған Ақтоғайын Қаратау қойнауына келіп орнай қалған кішігірім жұмаққа, кішігірім Көкшеге теңейтін.
Мектеп бітірісімен Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Әлем, орыс, қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен танысты. Бірақ өнер әлеміне деген, ән әлеміне деген бөлекше іңкәрлік оны көркем әдебиеттен де тыс өзге өріске, ән-саз кеңісіне еріксіз жетелей берді. Осы кездегі «Пионер» газетінде аз уақыт жұмыс істегеннен кейін Илья қазақ радиосы мен телевизиясының музыкалық бөлімінде ұзақ жылдар бойы түрлі қызметтерде жемісті еңбек етті. Жас кезінен арман еткен ән әлемі, саз әлемі Ильяны өз құшағына біржола «тұтқындап» алды. Ұлттық ән-күй әлемінің шалқар айдынында еркін жүзді. Небір саңлақ әншілерімен, өнер адамдарымен танысты. Олар туралы танымы мол, қызғылықты музыкалық хабарларды бірінен соң бірін ұйымдастырып, ел аузына ілікті. Осында өзінің алғашқы әндері дүниеге келді. Балалық шағындағы сұлулыққа, көркемдікке, табиғатқа риясыз құштарлығы, іңкәрлігі, ынтызарлығы текке кетпепті. Көктем жаңбырының құнарлы тамшысындай болып жүрек әлеміне, көкірек қойнауына қоныс тепкен сезімдер легі әсерлі әндерге айнала бастады. Әдемі әуенге, нәзік сезімге тұнып тұрған «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Нені ойладың?», «Алматы кештері» секілді әндері жастардың, жалпы халықтың сүйіп айтатын сазына айналды.
Қырғыздың ұлы жазушысы, «адамзаттың Айтматовының» шығармалары Илья Жақановтың сазгерлік өнеріне аса күшті ықпал етті. «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің» секілді туындыларындағы терең психологизм, лиризм, романтикалық рухпен астасып жатқан поэтикалық желілер Ильяның сезім әлемімен барынша үндескен, туысқан-ды. «Даниярдың әні», «Әселім» әндері – сол рухани үндестіктен туған аяулы дүниелер.
Соңғы ретте атақты «Қош бол, Гүлсарыдағы» Танабай мен Бүбіжан арасындағы үлкен махаббатты арқау еткен әніне Шыңғыстың өзі ерекше тәнті болып, қазақ Президентінің дастарқаны үстінде, бүкіл зиялы қауым алдында Ильяны өзінің алып құшағына барынша қысып, сүйіп, көзіне жас алып, зор алғысын білдірген-ді.
Соңғы жылдардың бедерінде туып, барша қазақтың сүйіп айтатын «Еділ мен Жайығы» өзінің әуезділігімен, кеңдігімен, асқақтығымен барынша ерекшеленеді.
«Толағай» ше? Бұл ән туралы жеке, көлемді мақала жазуға әбден болар еді. Қалай десек те, Илья әндерінің өміршеңдігі, халыққа барынша сіңістілігі – оның бастау көзі қазақ халқының рухани әлемінің қайнарынан шыққандығында.
Илья аса көрнекті музыка тарихшысы, зерттеушісі ретінде ғана мәлім емес, ол- таяу және алыс шетелдерге шыққан сапарларында, сол жақтағы бауырларымыздың шашылып кеткен әндерін, күйлерін тірнектеп жинап жүрген азаматымыз. Бұл дүниелердің біздің музыкалық байлығымыздың көкжиегін барынша кеңейте берері де дау тудырмайды. Сондай-ақ, Илья зерттеліп біткендей болған Біржан, Ақан, Ыбырай секілді ақиықтарымыздың қаншама әндерін тауып, рухани игілігімізге жаратты. Біржанның соңғы кезде табылған «Айбозым» әнінің өзі неге тұрады? Бұл күнде Илья Жақановтың басшылығымен «Қазақ диаспорасы» атты экспедициясының жүргізген жұмыстары аса ауқымды әрі маңызды.
Сонау бір жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің «Аққу» атты эстетикалық клубында Бетховеннің «Айлы сонатасы», Штраустың «Көгілдір Дунайы» туралы жазылған тамаша эсселері өнер сүйгіш қауымның әлі есінде.
Илья Жақановтың жазушылық қызметінің өзі де бір төбе. Соңғы 15-20 жыл көлемінде қазақтың ән, күй өнері, өнер адамдары туралы жазған «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс», «Алғашқы концерт», «Екі жирен», «Аққулар қонған айдын» атты кітаптары өнерді қадір тұтқан азаматтардың қол кітабына айналған. Ұлы күйші Ықылас туралы романы — өнер саласында жазылған көркем шығармалардың сүбелісі. Бұл еңбек – көп ізденіс, көп толғаныс, зерттеудің жемісі. Роман арнайы бір әңгіменің тақырыбы болуға әбден лайық.
Осыдан екі жарым жылдай бұрын республика деңгейінде атап өтілген Ықыластың 150 жылдық дүбірлі тойына ұлы күйшінің мәрмәрдан жасалған кесенесінің ашылуына тер төккен атпал азаматтығы ел есінде.
Бүгінде алты асудың асқарына шыққан Ильяға қазақтың талай әншілері, күйшілері, өнер шеберлері дән риза. Қазақ телевизиясы арқылы ол жүргізген музыкалық лекторийлер өзінің мазмұндылығымен, тартымдылығымен ерекшеленді. Өз әнінің рухын барынша ұғынатын сазгер, сол әуенге лайық сөзді де өзі жазады. Оның сол ақындық өнеріне де дән риза боласың.
Әрдайым еңбек, тынымсыз қимыл лирик, сазгер өнер зерттеуші, қарымды журналист, жазушы Илья Жақановтың тойы – халқымыздың ортақ тойы десек болғандай. Сол үшін де Ильядай халық жүрегіне 200-ге жуық ән сыйлаған үлкен дарын иесіне мерейтойы үстінде бір игі тілегімізді арнасақ, әбден жарасымды болар.
Р.S: Бұл лирикалық эссе Илья Жақановтың 60 жылдығына арналып жазылған. Бұл мақалада Илья ағамыздың сол кезеңдегі шығармашылығы қамтылған. Жалпы «Ақ жол» газетінде аса көрнекті ғалым, өнер десе ішкен асын жерге қоятын азамат, профессор Сағындық Ордабековтің терең сезіммен жазылған дүниесі Жақанов ағамыздың бүкіл шығармашылық келбеті терең талданған.
Үстіміздегі айдың аяғына таман ауданымызда ол кісінің мерейтойы салтанатпен аталып өтетіндігін қаперге ұстағанымыз абзал.
Сондықтан жарияланып отырған лирикалық эссені ізгі ниетті ықыласпен қабылдағандарыңыз абзал.
Пернебай Дүйсенбин, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының Гран-при иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы