Илья Жақанов – өнер абызы
Қазақ мәдениетінің алтын арқауына айналған, ұлт өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі, этнограф, аудармашы әрі суретші Илья Жақанов мерейлі 90 жасқа толып отыр. Есімі аңызға айналған абыз ақсақал Илья Жақанов туралы ең басты деген 15 деректі назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
1. Илья Жақанов 1936 жылдың 6-шы мамырында қазақтың тас бесігі саналатын киелі де қазыналы Қаратау тауының бөктеріндегі Ақтоғай ауылы маңындағы Көлме көл жағасында (Жамбыл облысы, Сарысу ауданы) дүниеге келген. Ол Кіші жүздің Тама руынан. Ильяның әкесі Жақан жан дүниесі таза, оқығаны мол, үйінен қонақ арылмайтын көпшіл кісі болған екен. Ұзақ жылдар ауыл мұғалімі болып еңбек етіпті. Ұлы Отан соғысына қатысып, сегіз жерінен жараланып, нешебір қасіретке толы күндерді артта қалдырып, елге аман-есен жетіп, ұстаздығын жалғастырған. Ал оның ұлы Илья жас кезінен өнерге жақын жүріп, әсершіл болып өсіп, халық әндерін тыңдап қана қоймай, оларды көкейіне қондырып, бойына сіңіре білген ерекше сезімтал болып өскен.
2. Ильяның атын осы күнге дейін базбіреулер Ілия деп қате жазып жүр. Оның шын аты Илья. Неге олай аталғаны жайлы мынадай мәлімет бар. Әкесі Жақан дүниеге келген шақалақ баласына қандай ат қоюды білмей дағдарысқа түседі. Ауылдас қарияның бірі кездесіп, әлгі кісіге баласының дүниеге келгенін жеткізіп, қандай ат қоюды білмей келе жатқанын айтады. Сонда қария «Күн көсеміміз деп бүкіл әлем аспандатып жүрген Лениннің әкесінің есімі қалай?» деп өзіне қарсы сұрақ қояды. «Илья!» деп жауап қатады Жақан. «Онда алақаныңды жай. Балаңның атын Илья қой. Болашақта балаң Лениндей айтулы, даңқты, ақылды, дана болсын» деп батасын беріпті. Сөйтіп туу куәлігіне есімі Илья деп жазылыпты.
3. Илья Жақанов білім алуды өзі тұрған Ақтоғай аулындағы Сергей Орджаникидзе атындағы сегізжылдық мектебінен бастап, кейін Қаратау қаласындағы (ол кезде Шолақтау поселкасы) орта мектепте ауысып оқыған. Жас кезінен-ақ сурет салумен әуестеніп, мектептің қабырға газетінің суретшісі болып көзге түседі. Мектепте болашақ мемлекет қайраткері филолог-ғалым Мырзатай Жолдасбековпен интернатта бірге жатып, бір сыныпта оқыған.
4. 1954 жылы Алматадағы қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны 1959 жылы тәмамдаған. Дипломды маман Алматыда қалып, республикалық «Қазақстан пионері» газетіне қызметке орналасқан. Осы газет бетінде оның халық композиторлары Ықылас, Ақан сері жайлы алғашқы мақалалары жариялана бастайды. Олардан бөлек Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова туралы очерк-эссалары жарық көреді. Оның оқушыларға арналған әндері де газет бетінде көріне бастады. Сөйтіп жүріп, Ахмет Жұбановтың кеңесімен Илья музыка зерттеу ісіне ынтыға кірісті.
5. Жақанов қаламгер ретінде 1968 жылы «Қайта оралған ән», 1969 жылы «Қош бол, вальс» атты повестерін жазды. Осыдан кейін «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988), «Таңғажайып махаббат» (2021), «Еділ-Жайық» (2024) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы оқырманға жол тартты. Ал 1989 жылы қазақтың ұлы қобызшысы Ықыластың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Кертолғау» романы алғаш қырғыз тілінде шығып, кейін, яғни 1990 жылы қазақ тілінде «Ықылас» деген атпен жарық көрді. Сондай-ақ «Қарабура» (1977) тарихи-танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты қырғыз тілінен аударылған (авторы Қасымбеков) тарихи романдары шықты. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б да сал-серілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары бар.
6. Илья Жақановтың 200-ден астам әні бар. Оның әндері қазақ әнінің табиғи болмысын бүлдірген эстрадалық ырғақтан дін аман, ұлттық нақышты бойына сіңірген. Абай, Пушкин, Лермонтов, Мақтымқұлы, одан бері қазақтың классиктері – Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындардың мәтіндеріне жазылған әндер халықтың жоғары сұранысына ие болды. Пушкиннің сөзіне «Түнгі зефир», Лермонтовтың Абай аударған өлеңдеріне «Жолға шықтым түнде жалғыз», «Жалғыз жалау» әндері жазылды. Ән-романстардың ішінде Есениннің сөзіне жазылған «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас», Мақтымқұлының сөзіне жазылған «Өтіп барады» атты ойлы, толғаулы романсты ерекше атауға болады.
7. Сондай-ақ, Илья Жақановтың туындылары тақырып жағынан топталып, циклдық жүйеге түзілген. Сарыарқа циклына «Толағай», «Арқаның аруы», «Балқантау» циклы кіреді. Сазгер Қарқаралы өңіріндегі Балқан деген тауда ән зерттеу экспедициясымен жүріп, сол мекеннің көркіне, әншілік салтына, күйшілік дәстүріне қызығып, Балқантау циклына кіретін төрт ән жазды. Бұл әндерді әуелі Кенжеғали Мыржықбаев, Зейнеп Қойшыбаева, Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Толқын Забирова секілді талантты әншілер орындады, олардың ізін жалғаған бүгінгі дәстүрлі әншілердің көпшілігі айтып жүр.
8.Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі, «Қош бол, Гүлсары!», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Әселім – әнім», «Бибіжан» атты бес ән Қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кетті. Бұл әндердің қырғыз-қазақ арасында кең тарағаны сондай, 1999 жылы композиторға Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлық берілді, Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің кавалері атанды.
9. Ал Оңтүстік циклына «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері», «Қамқалыға қайта орал», «Арыс», «Дүние» деген көптің аузында жүрген атақты әндер енді. Тіпті «Жайлаукөл кештері» әнінің халықтың сүйіспеншілігіне бөленгені сондай, еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама адам сол бір Жайлаукөлді көру үшін ат сабылтып, ұзақ-ұзақ сапар шекті. Сол кездегі жасақталатын студенттер құрылыс отрядтары да Жайлаукөлге ынтық болып, Шу бойына барып, кездескен қиындықтарға дес бермей «Жайлаукөл кештері» әнін шырқай жүріп біраз құрылыстар жүргізіпті.
10. Батыс циклы 1981 жылдан бастау алды. Яғни сол жылдың 7-ші қазанында «Еділ мен Жайық» әні туды. Илья Жақанов 2000 жылдан бастап Атырауға қоныс аударды. Ол кезде Иманғали Тасмағанбетов бір топ өнер қайраткерлерін арнайы шақырып, сол өңірге қоныстануларына барлық жағдайды жасаған. Сол кезден бастап композитор Батыс Қазақстанның музыкалық мұрасына тереңірек ден қойып, еркін шығармашылықпен айналысты. Осылайша сырбаз сазгер Каспийдің тулаған толқындарын күн сайын тамашалап, Еділ мен Жайықтың тынысын тыңдап, ел көріп, жер көріп жүріп, «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы», «Құлсары», «Ерке бұлбұл», «Ақмарал» әндерін жазып, Батыс циклын толықтыра түсті.
11. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың әні» дастаны Илья Жақановтың «Ақ қайың» атты әнінің әсерімен жазылған. Композитордың осы аттас екі әні бар. Оның бірін сазгер университетте оқып жүргенде, 21 жасында жазған екен. Сол кезде ән студенттер арасында кеңінен таралып, танымалдыққа ие болған. Осы әндегі оқиға желісімен Нәсіреддин Серәлиев деген жазушы «Ақ қайың» атты повесть жазған. Кейін 1963 жылы М. Мақатаев Илья Жақановпен танысып, әнді композитордың өз аузынан естіп, оның шығу тарихын, бала кездегі кейбір оқиғаларын сұрап-біліп алып, он шақты күннің ішінде «Ақ қайың әні» дастанын жазып шыққан. Сосын оның маңдайына «Илья Жақановқа арнаймын» деп жазып, «Лениншіл жасқа» алып барғанда, газет редакторы «Жақанов деген кім? Ол танымал адам емес, сондықтан бұл жазуды алып тастап, дастанды ғана жариялаймыз» депті, бірақ ақын оған келіспей, дастанын алып кеткен екен. Кейін бұл дастан маңдайына «Илья Жақановқа арнаймын» деп жазылып, ақынның таңдамалы шығармалар жинағына енгізілді.
12. Илья Жақанов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, 78 жасында суретшілік мамандықты меңгеріп шыққан. Оның дипломдық жұмысы «Жерұйық» деген атпен топтама ретінде салынды. Ол топтамада суретші Алтай мен Атырау арасын жайлаған қазақ даласын майлы бояумен, қылқаламмен бейнелеп шықты. Оның туған елдің көрінісін бейнелеген суреттері шындылығымен көрермендерін тартып тұрады.
13. Илья Жақанов музыкалық радиопьеса жанрының негізін салушы. Оның көркем туындыларының ішінде 8 радиоспектаклі, телеспектакльдерге, телефильмдерге жазған сценарийлері іспетті туындылары бөлек жанрлық топ құрайды. Тележүргізуші ретінде ол дәстүрлі ән мәдениетінің жауһары «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Муса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» және Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Латиф Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың көркем шығармашылығын бейнелеген.
14. Илья Жақановтың тек қана әндерге байланысты зерттеулері 9-10 томға жүк болған. Оның «Еділ мен Жайық» әніне байланысты жазған деректері ғана бір кітапқа арқау бола алады. Бұл лирикалық әні еліміздің Батыс өңірінің халқы елти тыңдайтын, құштарлық сезімдерін қытықтайтын, шын көңілмен еркін шырқайтын гимніне айналды десек те болады. Сонымен қатар, ғалымның «Балқадиша», «Дудар-ай» сынды халық арасында кең таралған, алайда шығу тарихы бұрмаланған әндер туралы жазған зерттеу жұмыстары да бүгінгі күнде көптеген өнер зерттеушілеріне таптырмас дереккөздері болып отыр.
15. Илья Жақановты «сегіз қырлы, бір сырлы жан» деп ауыз толтырып айтуға болады. Бір кісінің бойында осыншама қабілеттің бар екеніне таңғалмасқа шара жоқ. Өмір-жасының біраз айтулы белестерін артта қалдырса да әлі Құдай берген қуаттың арқасында ізденуден еш жалықпайды. Ильяның өнер саласын зерттеудегі тынымсыз еңбегін жоғары бағалаған белгілі ғалым-филолог Ақселеу Сейдімбеков «Илья Жақанов ән іздеген бүгінгінің Асанғайғысы» деп орынды пікір айтқан екен. Илья ағамыз кеуде қағып көрген жан емес, «елден үлкен емеспіз» деген принциппен өмір сүріп келеді. Ол әркез қарапайым, кіммен болмасын тез тіл табысып кететін жаны таза, пейілі адал, жүрегі жылы, ойы терең, сабырлы да салиқалы аты аңызға айналған айтулы азамат.
Жерлестері арасына Илья аға бүгіндері кеудесіндегі жұдырықтай жүрек әмірімен, ерекше сағынышпен оралып, мерейлі 90 жасқа толу қуанышымен бөлісуге арнайы келіп отыр. Қазақстанның қай түкпірінде жүрсе де оның жүрегінің бір түкпірінде туған жеріне, кіндік қаны тамған топыраққа, бала кезінде соқпақтарында ізі қалған атамекені киелі де қазыналы Қаратау өңіріне, Ақтоғай ауылы мен Көлме көліне деген асыл сезімі ешқашан суыған емес. Ол — ұлт мақтанышына айналған өнер саласының абызы.
Қазақтың ұлы даласын ән мен күйге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Ықылас, кешегі Шәмші мен Нұрғиса сияқты өнер дүлдүлдерінің қасиетті жолын үзбей жалғастырып келе жатқан қазақтың айтулы саз зергері Илья Жақанов ағамызбен туған жерінде бүгіндері жүздесіп отырмыз.
Туған жерге хош келдіңіз, Илья аға!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.