ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Күннің жылуы әрине ең алдымен тұрғындар үшін, ел үшін маңызды нәрсе. Алайда, мамыражай мезгілде тасталған қоқыстың күлімсі иісі қолқаны қабып, қолайсыз жағдай туындатады. Өз кезегінде қала әкімі аппараты жоспар бойынша қоқыстарды уақытылы шығарып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Дегенмен, кейбір тұрғындар қоқысты тиісті орындарға жеткізбей қылтимадан лақтыра салу, есік алдына тастап кету, қоқыс алаңшаларына жеткізбей тастау сынды жәйттер көптеп кездесуде. Бұл, біріншіден, мәдениетсіздік. Екіншіден, қоршаған ортаға бейқам қарау. Ең болмаса таң алдында тұрып қаланы күл-қоқыстан тазартатын қоғамдық қызметкерлердің еңбегін неге ойламайды деп қынжыласың кейде.
Бәрін де түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес. Расында солай сияқты. Қанша түсіндіру жұмыстарын жасап, әлеуметтік желілерге де бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жасасақ та нәтиже жоқ.
Сүйікті қаламыздың сиқын кетірмей сүйкімді ету үшін «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, сенбілік жұмыстарына шығуды бәріміз қолға алсақ игі. Тым болмаса қоқыстардың аузын жел ұшырмайтындай етіп жауып, қоқысқа дәл тастасақ қоғамдық жұмысшыларға да оңай болар еді.
Дұрыс тыныстауға тың істің керегі жоқ. Тек бірлікпен жұмыс атқару қажет. Тұрғындар бұған асқан жауапкершілік танытса, тынысымыз да, ырысымыз да артатынына күмән жоқ.
Біз мұнымен тазалығымен танымал Еуропа немесе сәнді Сингапур болып кетпеспіз. Дегенмен «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, қаламыздың тазалығын сақтай білсек теңіздің тамшысындай болса да қосқан үлес деп білемін.
Дархан даламызға қазынасымен танылған қаламыздың ғұмыры ұзақ болғай.
Д.Борсықов,
Жаңатас қаласының әкімі
Жандану жаңарудан басталса керек
«Өлмеген құлға жаз келер» деп қытымыр қыстан аман шыққан қазақ, көктемде жақсы тілек, ниетті түгендеп амал етеді. Тазару, жаңару қоғамға құнды бір игілік. Жаңатас қаламызда соңғы жылдарда біршама жақсы дүниелер қабат атқарылып келеді. Біршамасы ел игілігіне ұсынылып, халық қызметінде. Қаламыз үшін оңтайлы істер атқарылып, біршама маңызды мәселелердің шешімі табылуда.
1-шағынауданы 19-ы үйді жергілікті әкімдік қоршап, шарбақ аулаларын тұрғызып берді. Тұрғындар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ бастамамен сенбілік жұмыстарын жасады. Тал отырғызып, аула үйді әктеу жұмыстарын атқарды. Жас өскін талдарды егіп, оны суарып, күту болашақ таза климаттың кепілі екендігін қоғам болып түсініп, жүзеге асырғанымыз игілікті іс. Айналаны артық қоқыс пен сонау күзден бері қыстың тоңында жатқан жерлерді тазалап, жаңартып қойды. Қоршаған ортаға, өзіміз тіршілік ететін аумаққа қамқорлықпен қарап, оны барлық әлеумет болып аялап, жаңартып, тазалап отыруға ниетті болу- азаматтық қоғамның қалыптасу бастамасы. Үлгілі қоғам әр адамның өзіне жауапкершілік алудан басталатынын жетесі түгел барлық жамағат түсінері анық. Жақсы бастамаға қолдау мен септігін тигізудің өзі көз сүйсінер, көңіл қуанар, ел болар қадам. Тазалықты сақтау-оны жүргізудің алдында тұратын іс. Сондықтан, ең әуелі тазалық құндылық сақтаудың мәні мен маңызын біздің қоғам қаперіне жіті алуы тиіс дегім келеді. Үй, аула, көше, қала ортақ игілігіміз. Сол себепті оны үнемі тазалықта ұстап, жаңартып отыру осы қоғамның басты міндеті әрі адами борышы.
1-шағынауданы 19-үйдің тұрғында-рына үлкен алғыс айтамын. Біртұтас әлеумет болып, бір мақсатқа жұмылып, берекелі жарастықпен атқарып шықты. Осылай жаңара беру ел болып жанданудың алғышарты. «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ» дейді түркі ақыны Назым Хикмет Ран. Осы ғибратты тәмсіл тәрізді, әр адам, әр отбасы, әр тұрғын, әр үй көктемде ғана емес барлық айда жаңару мен тазалықты әуелі сақтап, жүзеге асырып отырса өзіміз ғұмыр кешетін қоғамның жандануы кезең сайын кемелдене бермек.
Қ.Есеналиева,
қала тұрғыны