ОНОМАСТИКА ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫ ТОП ОТЫРЫСЫ

0

Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігінің 2022 жылғы 23 қыркүйекте №364-ө қаулысымен аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ құрамы қайта бекітіліп, жұмысшы топтың жұмыс жоспарына сәйкес отырысы болып өтті.

Отырысты аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы Е.Есмаханов жүргізіп отырды.

Жиынға жұмысшы топ мүшелері, қала және ауылдық округ әкімдері,      мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіне қойылған «Жаңатас қаласы, Түркістан, Жаңаарық ауылдық округтерінде Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңының орындалу барысы туралы» тақырыпта аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Жақсыпейлова хабарлама жасады.

Баяндамашы өз хабарламасында 10-15 наурыз аралығында Жаңатас қаласы, Жаңаарық, Түркістан ауылдық округтерінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, зерделеу барысында барлығы 12 мемлекеттік нысан, 115 кәсіпкерлік нысан, 19 билборд, 39 лайтбокс пен ситибордтар  қамтылғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, зерделеу барысында «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы Заңының»  орындалуы, «Жарнама туралы» заңының талаптарының сәйкестігі қаралып, Жаңатас қаласындағы Сәбит Мұқанов көшесі бойындағы және орталық базарда орналасқан жарнамалар тек ресми тілде жазылып орналастырылғанын, орталық базарда жабайы жарнамалар қатары көбейгенін, кейбір көшелердегі көрнекі ақпарат құралдарының шеті бүлінгенін,  аудандық орталық аурухананың ішіндегі көрнекі ақпарат құралдарында грамматикалық қателер кездескенін және жол нұсқағыштардың барлығы тек ресми тілде жазылып, ілінгенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, ескі үлгідегі аншлагтар, мекеме маңдайшасының мемлекеттік тілде жазылғаны орналастырылмағанын,  мектеп ішінде ілінген көрнекі ақпаратты жаңартуды қажет ететінін, көшелердің ескі атаумен тұрғандығын айтып өтті.

Баяндамашы сөз соңында:

-Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда, сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие, қоғамдық сананы қалыптастыратын қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар екендігі белгілі.

Бұл ретте жазулардың сауатты,  әдемі, айшықты жазылуымен қатар тілдік ереже талаптарына сай қолданылуын қадағалау, сондай-ақ, ауданда ұлттық ономастика жүйесін дамыту мақсатында нысандар мен көшелердің идеологиялық тұрғыдан мағынасы ескірген атауларын жаңа атауларымен атау немесе қайта атау бағытында жұмыстар жүргізу біздің басты назарымызда.

Қала  және ауылдық округтердің  көшелерді тіркеу жұмыстарын аяғына дейін жеткізуге және көшелерді Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының 2021 жылғы 2 сәуірдегі №04-276 тапсырмасына сәйкес QR коды бар аншлагтармен қамту үшін нақты тапсырма беруіңізді сұраймын,-деді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жазушы Пернебай Дүйсенбин өз пікірін білдірді. Айтылған кемшіліктер мен ұсыныс-пікірлерге тоқталған аудан әкімі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы Жаңатас қаласындағы барлық кәсіпкерлік нысандарға жарнамаларды ретке келтіру бойынша зерделеу, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тіркеу жұмыстарын қажет ететін 13 көшенің құжаттары 2023 жылдың сәуір айының аяғына дейін заңға сәйкес рәсімделуін, анықтамада көрсетілген үйлерде ілінген ескі үлгідегі аншлагтардың орнына жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтамасыз етілуін, Ұ.Сыздықбайұлы және Ақтоғай ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің мекеме маңдайшасы ретке келтірілуін айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмаларды берді.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.