ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ ТОЛЫ КӘСІП

0

Бұл мамандық иелерінің бір күні екіншісіне ұқсамайды.  бас-ты міндеті-халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Ал, апат айтып келмейді. Тосыннан болған оқыс оқиғалар кезінде адамдарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары.  Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері жайлы көп айта бермейміз. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз басын бәске тігіп, талай жанның өмірін лапылдаған оттан да, жан-жағын жайпаған қызыл судан да аман алып қалатын құтқарушылардың еңбегі ерен. Сондықтан халық жүрек жұтқан жандар – құтқарушылар жайлы көбірек білуі керек-ақ. Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Танабаев Жақсылық Иманалыұлымен кездесіп, төтенше жағдайлар қызметімен  және өрт сөндірушілер туралы көбірек білуге тырыстық.

— Сәл осалдық танытсаң бәрін бір-ақ сәтте жалмауға дайын тұратын өртпен күрес қашан да маңызды. Бұл бағытта Сарысу ауданындағы төтенше жағдайлар қызметінің жұмыс қарқыны қалай? Жалпы, өткен жылы қандай шаралар атқарылып, аудандағы мекемелерді тексеру барысында нендей фактілер тіркелді?

—      Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің 2022 жылдың өткен барысындағы негізгі қызметі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің тоқсандық жоспарына, сонымен қатар бөлімнің жеке жұмыс жоспары негізінде аудан аумағында өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, материалдық зиянды азайту секілді, халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жұмыстар атқарылды. 2022 жылдың 12 айы ішінде аудан аумағындағы Төтенше жағдайларды алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссиясының төрағасымен бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес-4, ал жоспардан тыс-1 төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өткізілді. Отырыс барысында қаралған сұрақтар шешімдерін табуда. Сарысу ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі штат бойынша 4 инженерлік мемлекеттік инспекторынан құрылған. 2022 жылдың 12 ай ішінде бөлім тарапынан өрт қауіпсіздік іс-шаралары бойынша 101 нысанға өрт-техникалық тексеріс жұмыстары жүргізілді, оның ішінде: ерекше тәртіп бойынша жүргізілген тексеріс саны — 54, ал жоспардан тыс тексеріс-47.

— Өрт неден шығады?

— Қазақта «өрт – тілсіз жау» деп жатады. Қызыл  жалын    тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Жер үй болсын, көп қабатты тұрғын үй не басқа да ғимарат болсын, бəрі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан шығады. Адамдар темекі шегіп ұйықтап қалады. Жылыту мау-сымы кезеңінде жылыту пештерін дұрыс қолданбау, сақтық шараларын ескермеу, тағы басқа. Соңғы кездері автокөліктердің жануы көбейіп кетті. Техникалық ережелерді сақтамайды. Міне, осындай салғырттықтың салдарынан өкінішті жағдайлар орын алады.

— Өрт сөндіру кезінде қандай кедергілер кездеседі?

— Кедергілер жоқ емес. Сол үйлердің тұрғындары кедергі жасап жатады. Енді оларды да түсінуге болады. Сонымен қатар, жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған жағдайлар жиі кездеседі. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады.

— Төтенше жағдай орын алғанда немесе өрт сөндіруге аттанып бара жатқан қызметкерлеріңіз үшін қорқыныш сезімі бола ма?

— Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, қызмет бабында түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда, өзім үшін емес, қарамағымдағы барлық қызметкерге жауапты болған соң, солардың бірінен айырылып қаламын ба деген қорқыныш сезімі болады. Өртті сөндіру барысын қадағалау, барлық жағдайды бақылап отыру және де сол хабарды орталыққа жеткізіп отыруым керек. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн.

— Құтқарушылар өрт болған орынға қанша уақыттың ішінде шығады?

— Нормативтік құжатқа сәйкес, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арнайы киім-жарақтарын киіп, өрт сөндіру автокөліктерімен өрт орнына бір минуттың ішінде шығады.

— Оқыс жағдай орын алғанда бірден аттануға Жаңатас қаласы №16 өрт сөндіру бөлімінде қанша қызметкер мен техника дайын тұрады? Жалпы, бөлімнің қызметкерлер құрамы мен техникалық базасы қандай?

— Жаңатас қаласы №16 өрт өрт сөндіру бөлімінде қазіргі уақытта 23 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім 5 өрт сөндіру автокөлігімен қамтылған. Оның 3 негізгі өрт сөндіруге арналған, 2-арнайы өрт сөндіру автокөлігі. Өрт сөндіру мен авариялық құтқару қызмет бөлімінде күнделікті 4 қызметкер кезекшілікке түседі және 5 автокөлік кезекшілікте дайын тұрады. Қалған қызметкерлер де, техника да резервте болады. Үлкен, ауқымды өрт болған жағдайда барлық жеке құрам жұмысқа 100 пайыз жұмылдырылады. Қосымша күш керек болған жағдайда Талас, Жамбыл аудандарынан құтқарушылар көмекке келеді.

— Өрттің, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылады? Тұрғындарға айтар кеңесіңіз қандай?

— Төтенше жағдай өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрттің алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізеді. Ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, саяжай бірлестіктерінің төрағаларымен бірлесе жұмыс істейміз. Әсіресе, жылыту маусымына қарай үй-үйді аралап, өрттің қаупі, оның алдын алу шаралары, пештің дұрыс-бұрыстығы, түтінге улану қаупі бәрі-бәрі айтылады. Құрметті тұрғындар, өрт болған жағдайда бірден 101 номеріне қоңырау шалып, хабарласыңыздар.

— Жалпы, жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

— Әрине, абыройлы қызмет. Біз еленсін деп жұмыс істемейміз. Бұл-біздің міндетіміз. Өз жұмысым қатты ұнайды. Жалпы, ТЖМ жүйесіндегі жұмыс ұйымшылдықты, атқарушылықты, жауапкершілікті, адалдықты талап етеді. Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындықтары болады.

— Сұқбатыңызға рахмет!

Гүлбану ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ, «Sarysý»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.