ЖАҢА НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

0

Аудан экономикасы мен халқының жағдайын жақсарту мақсатында өңірде жыл санап әртүрлі бағыттағы ірі әлеуметтік және кәсіптік нысандар бой көтеруде. Осы ретте газетіміздің ағымдағы жылғы соңғы нөмірінде ауданымызда тұсауы кесілген медициналық  нысан туралы қысқаша деректер беріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

Желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызында Дегерез елді мекенінде 30 келушіні қабылдайтын дәрігерлік амбулаториясы ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев,  Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Ахметбеков және ауыл тұрғындары, ауыл ақсақалдары қатысып, жаңа нысанның  лентасын салтанатты түрде қиды.

Айта кетейік, Дегерез ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмыстарын ЖШС «АКМ груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Салтанатты шара барысында  «АКМ груп» ЖШС-нің директоры Кәмілхан Абиев аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Жарылқасынұлына  медициналық ғимараттың «Символикалық кілтін» табыс етті. Жаңа медпунктте емдеу ісіне қажетті құрал-жабдықтардың барлығы орнатылған. Құрылыс дизайны да замануи үлгіге сай салынған. Осылайша, биыл аудан аумағында межелі жоспардың біріне баланған 3 медициналық жаңа нысан халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында реаномобильденген жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Оның барлығы науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету құралдармен жабдықталған реаномобильдер. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартқалы отыр. Жедел жәрдем қызметкерлері – науқастарға бірінші кезекте шұғыл көмек беретін негізгі бригада.

Гүлбану ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.