ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮС, КҮЙМЕЙСІҢ
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштерінің негізін ұрысқа қабілетті, қазіргі заманғы техникамен және қару-жарақпен жарақталған, қуаты мен ұтқырлығы жоғары, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шеше алатын жоғары технологиялы, кәсіби армия құрайды.
Отан қорғаудағы қасиетті борыш – тек қана қанды қырғын, шабуыл-шайқаспен ғана өтелмейді, ол еліміздің күш-қуатын нығайта отырып, оны бейбіт уақытта да қорғауға болады. Отан үшін аянбай еңбек ету, қарулы күшінің қатарын толықтыру – патриоттық іс. Ермін деген әрбір ер азаматқа әскерге бару Отан алдындағы борыш саналады. Бүгінгі таңда күзгі әскерге шақыру науқаны қызған шақ. Осы әскерге шақыру жұмыстары Түркістан ауылдық округінде де қызу атқарылуда. Ауылдық округте күрді ұлтының 90 пайызы 400-ге жуығы қоныстанған. «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» дегендей, ағайындай болып кеткен бұл кісілер толығымен Мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Бұл ұлттың осында қоныстанғандарына да 85 жылдан астам уақыт болыпты. Бұл халықтың барлығы да осында туып, өсіп Қазақстанды ғана — Мемлекетім деп таниды.
Күзгі әскерге шақыру науқанына Ә.Бүркітбаев ауылының тұрғыны, күрді ұлтының өкілі Мұстафаев Жасым Қанатұлы да өз еркімен әскери комиссариатқа келіп, медициналық тексеруден өтіп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Азаматтық борышын өтеуге еліміздің батысы Маңғыстау облысына, № 99116 әскери бөлімге, барлау тобына қатардағы жауынгер болып қабылданды.
Бұл да болса, Еліміздегі ұлттар татулығының бір көрінісі емес пе?
Ұлттар мен ұлыстардың бір тудың астына бірігіп, ата-баба аманаты болып қалған ұлан-байтақ қазақ даласын аман сақтап, бейбіт күнде баянды тіршілік ету тәртіп пен тәрбиеге байланысты. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Елім менің Қазақстан» деп өскен отбасыдағы тәрбиенің бір ұшқыны санасына жастай сіңіп өскен, сарбаз Жасымның бойындағы патриоттық сезім деп білгеніміз жөн.
туған жерге тарту
Халық аузында Көсегенің Көк Жоны деп аталып кеткен Түркістан ауылдық округінің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылында түнгі жарықшам орнатылмаған С.Бекпенбетов көшесі қалған еді. С.Бекпенбетов көшесі ауылдық округтің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылының дәл ортасындағы «АҚМОЛДА СҮЛГЕТАЙ» мешіті орналасқан көше. «Жомарт жүрек» бағдарламасы бойынша округ әкімі Ахан Шортанбаев ауылдан шыққан бірнеше кәсіпкер азаматтармен түнгі жарықшамдар орнатып беруге сөйлескен болатын.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп халық даналығы айтқандай, жерлесіміз ауылдан шыққан кәсіпкер, меценат азамат Д.Жылқыбаев осы игі істі жасатып берді. Демеуші азамат 1 млн. теңге қаржы беріп, ауылдың жарқырап тұруына мол үлесін қосты.
Туған ауылына жарқыраған көше жарығын орнаттырып берген ұлдарының демеушілігіне ауылдастары және ата-әжелерінің қуанышы мен ризашылығы шексіз.
Ж.АРЫСТАНБЕКОВ,
Тәртіпке бас иген құл болмайды
Жаңатас көпсалалы колледжінде колледж психологі А.Есболаеваның ұйымдастыруымен «Тәртіпке бас иген құл болмайды » тақырыпта семинар өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: ұл-қыздарымызды ұлтымызға жат қылықтардан алшақ ұстауға шақыру, жастар арасында құқықбұзушылықты болдырмау, оның алдын алу, заң білімі саласынан мағлұмат беру, білімгерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал жасау.
Басқосуға колледж директоры Н.Түйтебаева, теолог маманы М.Мырзағараев, АПБ ЖПҚБ УПИ полиция капитаны Ж.Амангелдиев, АПБ ЖПҚБ ЮПТ инспекторлары А.Кентаев және М.Мәулен қатысты.
Ортада белсенді І- ІІ курс студенттерінің ұйымдастыруымен «Темекі және электронды темекінің зияны», «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыптарында көріністер қойылып, «Ұрлық түбі — қорлық», «Бала құқықтары», «Кәмелетке толмаған жастар арасындағы қылмыскерлік» тақырыптарда видеороликтер көрсетілді.
Сондай-ақ баяндамашылар бүгінгі таңдағы жастарға білім берумен қатар рухани тәрбиені қатар алып жүруге, елінің жанашыр азаматы болуға, заң талаптарын бұзбауға шақырды.
«Sarysý-Aqparat»
қауіпсіз жаңа жыл
Жаңа жылды көтеріңкі көңіл — күймен қарсы аламыз. Бірақта мереке қайғылы жағдайға ауысуы мүмкін. Жиі жағдайда абайсыздықтан «жаңа жылғы себептерден» өрт пайда болады. Мерекенің сәні санайтын кейбір заттар сол мейрамның ең қайғылы оқиғасының себепшісі болып қалуы ғажап емес. Себебі, отшашулар, шырағдандар, бенгал шамдары сынды жарылғыш заттардан түрлі жарақаттар алу қаупі өте жоғары. Жаңа жыл мейрамын өткізгенде адамдар тек қуанышын ғана ойлайды, бірақ осындай мейрамдар өрттің шығуына қолайлы деп айтсақ, қате болмас.
Шартылдақтар – жаңа жыл фейерверктерінің ең көп тараған түрі. Сонымен бірге, ең қауіпсіз. Оларды қағаз немесе пластик цилиндрдан жасайды. Жібінен тартып қалған кезде ішіндегі үйкелісінен пиротехникалық құрамы жана бастайды және шартылдақтан түрлі-түсті конфеттилерді, серпантинді шашады. Қауіпсіздік ережелері жай фейерверктерге де бар: оны адамның бетіне қаратып емес, жоғарыға қаратып ұстау керек.
Бенгал шамы — шартылдақтарға қарағанда көпшілікке белгілі. Оларсыз жаңа жыл мерекелері өтпейді. Қазір көптеген сапалы өнімдерде тұтатуды жеңілдету үшін ұштар жасалған. Петардалар — қатты шартыл және ашық заряд – бұл петардалардың халық арасындағы үлкен сұранысқа ие болуының құпиясы. Олардың кейбіреулерін сіріңкенің қорабына тұтатуға болады. Кейбіреулерін фитилін тұтатып атуға болады. Құрама әсерлі петардалар атар алдында егер көрушілер он немесе он бір жастағы балалар болса, оларды қуанышқа кенелте айналуы, секіруі, жоғарыға ұшуы мүмкін. Тұтатқаннан кейін қолда ұстап тұруға болмайды. Бөтелкенің, шелектің, банканың ішіне, жануарларға, адамдарға қарай тастауға мүлдем болмайды.
Рим шамы – ұзын картоннан жасалған түтікше, жоғарғы жағында фитиль орналасады, ал ішінде жай жанатын пиротехникалық құрамы және жұлдызшалар болады. Ол тек далада ғана қолданылады. Қауіпсіздік ережелері. Рим шамдарын тік орнатып, қазыққа байлап қою керек, қолда ұстау өте қауіпті. Осындай фейерверктердің түрлерін тек қана ашық ауада пайдалану керек. Орын-жайларда үлкен емес түтінді аз шығаратын фонтандарды пайдалануға болады, пайдалану бойынша нұсқауларында орын-жайда пайдалану мүмкіндіктері туралы нақты жазылу керек. Қауіпсіздік ережелері. Фонтандарды, жанар тауларды және шамдарды сөндіруге тырыспаңыз! Ұшқын құрғақ немесе жанғыш затқа тиіп тұтанбайтын жерде ғана қолдануға болады.
Салют-бұл қағаздан немесе металдан жасалған, 30 метр биіктікке «парашют» немесе «жұлдызшалар» ататын гильза. Салюттер әр түрлі әсерлі бірнеше ондық гильзалармен батареяларға біріктіріледі. Осындай жағдайда балалық шақтағы мерекелік салютке ұқсайды. Қауіпсіздік ережелері. Салютті аударылып қалып, адамаға атып жібермеу үшін жерге орнатып, жақсылап бекіту керек. Мамандар салюттердің батареясының жерге бекітілген жерін топырақпен немесе қармен жауып тастауды ұсынады. Мұздың үстіне орнатуға болмайды.
Қауіпсіздік ережелері. Оны тек қана далада жағыңыз. Күнді орнату кезінде оның айналуына кедергі тигізбейтіндігін тексеріңіз.«Істеуге болмайтын» 8 ереже:
- Ақаулы пиротехникалық өнімдерді пайдалануға: жыртылған, майысқан, дымқылданған, сырты немесе фитилі зақымдан; 2. Фейерверктерді қалтаға салып жүруге, оларды алауда жағуға, бөлшектеп оларға механикалық әсер етуге;3. Мас күйінде пиротехникалық өнімдермен көңіл көтеруге және олардың жанында шылым шегуге;4. Жылынатын аспаптардың жанында сақтауға;5. Ағаш бұталарының, электр сымдарының астында және тез жанғыш заттардың жанында фейерверкті қолдануға;6. Фитильді тұтату кезінде пиротехникалық құралға еңкеюге болмайды;7. Істемей қалған құралды екінші рет тұтатуға;
- Үлкендерсіз балаларға қолдануға
Қарапайым ережелерді сақтай отырып, Жаңа жылда өзіңіз бен жақындарыңыздың өміріндегі қауіпті сейілте аласыз.
Ә.Бекенов,
Сарысу ауданы ТЖБ аға инженері
Статистика хабарлайды
Сарысу ауданының 2022 жылғы қаңтар–қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы
Ауыл шаруашылығы. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен шаруа қожалықтары мен жұртшылық шаруашылықтары айналысады. Есепті мерзім ішінде төрт түліктің барлық түрлерінің өнімдерін қоса есептегенде 7580 тонна ет, 6261,4 тонна сүт, 4045,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 235,7 тонна ет, 242,8 тонна сүт, 111 мың дана жұмыртқа артық өндірілді. Мал басы өз төлдері есебінен көбейту арқылы мүйізді ірі қара мал саны 23942 басқа, қой 185911 басқа, ешкі 25814 басқа, жылқы 8303 басқа, түйе 3084 басқа, үй құстары 25337 басқа жетіп, өткен жылғы есепті мерзімдегімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 655 басқа, қой 4545 басқа, жылқы 510 басқа, түйе 49 басқа, үй құстары 1074 басқа көбейіп, ешкі 3739 басқа азайған.
Өнеркәсіп өндірісі. 2022 жылғы қаңтар-қарашада өнеркәсіп кәсіпорындарымен (шағын кәсіпорындар, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қосқанда) 69631,3 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 2021 жылғы сәйкес кезеңге 103%-ды құрады.
Инвестиция. Құрылыс. Аудан бойынша қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі – 24010,5 млн. теңгені, пайдалануға берілген тұрғын үй – 18530 шаршы метрді, құрылыс жұмыстарының көлемі – 6306,4 млн. теңгені құрады.
Бөлшек сауда. Есепті мерзім ішінде ауданда бөлшек сауданың көлемі 2128,4 млн. теңгені құрап, оның ішінде азық-түлік тауарлары 904,7 млн. теңгеге, азық-түлік емес тауарлары 1223,7 млн. теңгеге сатылды.
Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат халықтың осы санатының қоғамға толыққанды интеграциялануына және басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т.б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.
Жалпы, ағымдағы жылы оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз етуге 209030,0 мың теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 71%-ға артық.
Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда.
Сонымен қатар, 2022 жылғы қаңтардан бастап оңалту құралдарының барлық 55 техникалық түрі бойынша сервистердің қағидатына сәйкес мүгедек адамдар үшін aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл цифрлық жобада келесі мүмкіндіктер қолжетімді:
— оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы;
— оларды алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту;
— бизнес-процестердің ашықтығы, делдалдық қызметтерді жою;
— бағаны біріздендіру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану;
— оңалтудың техникалық құралдарын және қызметтерін жеткізушілердің тең қолжетімділігі.
Ауданда оңалтудың жеке бағдарламасы белгіленген 598 азамат бар. Ағымдағы жылдың 11 айында аталған азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы келесідей көмек түрлерімен қамтамасыз етілді:
— 184 адам тиiстi 259 протез-ортопедиялық құралдар түрiмен (қол протезі-1, аяқ протезі-4, жамбас протезі-4, кеуде безi протезі-3, аппарат-1, балдақ-25, таяқ-85, жетек арба-4, аяқ киiм-106, бас ұстағыш-3, корсет-12, тутор-2, ұлтарақ-6, қақпақ үстағыш-1, жейде кию-1, шұлық кию-1);
— 17 адам тиiстi 35 сурдоқұралдар түрiмен (есту аппараты-8, ұялы телефон-9, көпсалалы дабылды жүйе-4, сағат-10, ноутбук-4);
— 11 адам тиісті 33 тифлоқұралдар түрiмен (ұялы телефон-5, таяқ-9, сағат-6, ноутбук-1, оқу машинасы-1, термометр-2, тонометр-3, плейер-6);
— 22 адам 30 кресло-арба түрлерiмен (балаға арналған бөлмелiк-2, балаларға арналған серуендік-1, балаларға арналған көпфункциональды уневерсалды-3, үлкендерге арналған бөлмелiк-10, үлкендерге арналған серуендiк-11, үлкендерге арналған жүйелік-1, үлкендерге арналған көпфункционалды-1, кресло-каталка-1);
— санаторлық-курорттық емделуге арналған жолдамалармен өтiнiштерi бойынша 134 адам;
— жартылай стационарлық жағдайда облыстық мүгедектердi оңалту орталығында 15 адам бейімдеуден өтiп қайтты.
Сондай-ақ, естiмейтiндiгi бойынша 9 мүгедектігі бар адамға 2 ымдау тiлi маманының қызмет көрсетуі үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүргiзiлдi;
— мiндеттi гигиеналық құралдар мен кеңейтiлген тiзiмге сәйкес тиісті қосымша компенсаторлық құралдармен тиiстi мөлшерде 181 адам қамтамасыз етiлдi;
— жүрiп-тұруы қиын 41 мүгедектігі бар адамдарға, кресло-арбадағы мүгедектігі бар баланы алып жүрушi ата-аналарға және гемодиалез диагнозындағы (бүйрек ауруы) 1-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға «Инватакси» қызметi көрсетілуде.
Үйде оқитын 72 мүгедектігі бар балаларға материалдық қамсыздандыру шаралары атқарылуда.
Бөгде адамның күтiмiне және жәрдемiне мұқтаж үйде қызмет көрсету жағдайында 49 балаға, 18 жастан асқан 26 мүгедектігі бар адамға, жалғыз басты 119 қарт пен 2 мүгедектігі бар адамға, барлығы 196 адамға 2 әлеуметтік жұмыс жөнiндегi маман, 25 әлеуметтік қызметкер тараптарынан арнаулы қызмет түрлерi көрсетiліп келеді.
Аталған жұмыстар жалғасын табатын болады.
Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі