ДАМУЫ ЖЕДЕЛ, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ — ҚАЗАҚ ЕЛІ ЖАСАЙ БЕРСІН!
Жаз, күз айларында қолөнер және бейнелеу өнер иелерінің шығармашылығын тамашалап, патриоттық сезімге толы әсем ән әуеніне бөленгенін баршамыз білеміз. «Отаным» деп шырқата салған әнім» атты қала және ауылдық округ әкімі аппараттарының, Жаңатас қаласындағы мекемелер мен кәсіпорындардың қатысуымен өткен фестиваль өз мәресіне жетті.
Өткен аптада Сарысу ауданы әкімдігінің ұйғарымымен «Отаным» деп шырқата салған әнім!» атты қала және ауылдық округ әкімі аппараттарының, Жаңатас қаласындағы мекемелер мен кәсіпорындардың қатысуымен аудандық мәдениет және өнер фестивалінің қорытынды концерті болып өтті.
Фестивальді өткізудегі мақсат- жас ұрпақты патриоттық әндер арқылы өз Отанын қорғай білуге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндетін өтеу парыз екендігін түсіндіру мен Отансүйгіштікке баулу.Ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымыздың, өнердің кәусарынан нәр алғызып, шеберліктерін шыңдау және халыққа таныту мақсатында өткізілді.
Фестиваль шымылдығы Жайылма ауылдық өнер мектебінің домбырашылар ансамблінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Балбұлақ» күйлерімен ашылды.
Аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, өнер фестиваліне атсалысып, үздік өнер көрсеткен қала және ауылдық округ әкімі аппараттарының, Жаңатас қаласындағы мекемелер мен кәсіпорындарды марапаттап, ауылдық округ әкімдері мен өнерпаздарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды тарту етті. Сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, жеке кәсіпкер Шынайдар Ералиев те «Ауылым-алтын бесігім» жобасына қатысқандарға сый-сияпаттарды тапсырды.
Концерттік бағдарлама барысында Егешовтер дуэті «Сезім», Диана Сейдіш«Қазақстан», Жайылма ауылдық округінен Жеңіс Оспанбеков «Жолыққан қандай жақсы», Игілік және Жаңаталап ауылдық округінен Әжелер ансамблі «Қазақстан пай, пай,пай», Түркістан ауылдық округінен Дархан Дәуітбеков, Бекнұр Қыдырәлиев «Туған жер», Руслан Бекбау «Туған жерім тамаша», Тоғызкент ауылдық округінен келген әнші Дана Садықова «Атамекен», Байқадам ауылдық округінің әншісі Нығметжан Халықов «Бір ел болса», әнші Ақерке Ұзақбекова «Ұмытпадым», Игілік ауылдық округінен Асу Нұртанов «Боз орамал», Әншілер тобы «Атамекен» әндерін тамылжыта шырқап, көрермендерін әсем әнге бөледі.
Ал, Арыстанды ауылының биші қыздары «Күрді биі», «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері «Қазақ» биін мың бұрала билеп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»
тәуелсіздік бәрінен қымбат
Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел болып қалыптасуымызға ата-бабаларымыздың қосқан үлестері орасан зор екені баршамызға белгілі. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 31 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз.
Мереке қарсаңында Жаңатас қаласы әкімі аппаратының мәжіліс залында қала әкімі Д.Борсықов бір қатар азаматтарды қабылдады.
Кездесуде қала әкімі Д.Борсықов сөз алып,
— Тәуелсіз ел болып, өз алдымызға арман-мақсаттар қойып, бірге жетудеміз.Қазіргі таңда қаламыз жылдан-жылға көркеюде.Біршама жұмыстар атқарылып, жаңа нысандар салынып, жұмыс орындары көбеюде. Жастарымызға қолайлы жағдай жасалып, барлық мүмкіндіктер берілуде.
Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Осынау мереке күні қаламыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген Сіздердің адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, -деп қаламыздың дамуына өзіндік үлестерін қосқан бір қатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ
Аудандық мәдениет үйінде ауданда мемлекеттік қызмет көрсететін заңды тұлғаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын – алу мен әдеп нормаларын сақтауды насихаттау туралы семинар — кеңес өтті.
Семинарға Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Е.Бекпатшаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, бөлім қызметкерлері, Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімі аппараттарының қызметкерлері, мектеп директорлары мен білім бөлімінің мамандары қатысты.
Семинар–кеңесті аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Сақыпбеков ашып, жүргізді.
Жиын барысында аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Ж. Құдайбергенов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларындағы мемлекеттік қызмет түрін сапалы көрсету мақсатында берген тапсырмаларының ауданда орындалуы туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, «Сарысу адалдық алаңы жобалық кеңсесінің» ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы «Сарысу адалдық алаңы жобалық кеңсесінің» жетекшісі Ш. Бейсенбайұлы айтып өтті.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мен әдеп нормаларын сақтауды насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бекпатшаев Елдос Сайлауұлы сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екендігін айтып, жиналғандарды әдеп нормаларын сақтауға шақырды.
Семинар барысында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і жастарының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған тақырыптық қойылым көрсетілді.
С.Есқараев, «Sarysý»