БЕЛСЕНДІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Өткен аптаның сенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізудің қорытындысы бойынша кеңейтілген отырыс болып өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев және сайлау учаскелерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібіне 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын Сарысу ауданында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы туралы және Қазақстан Рес-публикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мен даярлау барысында, жоғары белсенділік танытқан азаматтарды марапаттау туралы мәселелер қаралды.
Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Шортанбаев сөз сөйлеп, ауданда 25 сайлау учаскесі бойынша 25245 сайлаушы тіркелгенін, оның ішінде 210 алғашқы дауыс берушілердің 114 дауыс беруге қатысып, сайлау кезінде 161 сайлау комиссияларының мүшелері қызмет атқарғанын айта келе сайлау комиссиясы мүшелерінің оқытылуы, байқаушылар бойынша, Call-орталығының жұмысы жайлы да мәлімет беріп өтті.
Басқосуда өткен сайлау науқаны кезінде белсене атсалысқан және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған бірнеше комиссия мүшелері мен кандидаттардың сенімді өкілдері мен байқаушыларына аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Д.Шортанбаев Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының марапатын тапсырды.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»
ОБЛЫСТЫҚ
СПАРТАКИАДА ӨТТІ
өткен аптада қаламыздың спорт кешенінде «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің құрылғанына 15 жыл толуына орай, «Сарысу – саялы мекенім» атты облыстық спартакиада өткізілді.
Спартакиадаға Қордай, Меркі, Талас, Шу, Сарысу аудандарынан командалар қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімі М.Сұлтанғалиев және аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыста киберспорт, дойбы, садақ ату және үстел теннисі сияқты спорт түрлері бойынша 5 команда сайысқа түсті.
Тартысты өткен командалық жарыстың нәтижесінде 1- орынды Меркі ауданы қанжығасына байласа, 2- орынды Шу ауданы жеңіп алды.Ал, 3- орынды Талас ауданының командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздарын аудан әкімі М. Сұлтанғалиев арнайы құттықтап, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды.
С.Есқараев, «Sarysý»
ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ ЖАНДАР
Уақыт зымырап өте шығады. Бір күнді екінші күн басып, бүгінің кешегі күн болып қалады. Сөйтіп өткен күндер тарихқа айналады. Бұл өмір заңдылығы. «Болашағың жарқын болсын десең, өткеніңе көз жүгірт» дейді халық даналығы. Расында да, өткенін білмеген ұрпақ, ертеңіне қалай сенімді болмақ? Тарих сыр шертеді, бүгінгінің ұрпағы мен кешегінің даналарын байланыстырады. Ұрпақ сабақтастығын жалғастырады. Кешегіні баяндау –келешекке керек. Шыққан жерін, оқыған мектебін, білім берген ұстаздарын ұмытпай, оларды ұлықтау әрбір азаматтың парызы. Тарихын біліп, өткен күндерді бағалап, сара жолды ұстанғандар ғана мемлекеттің дұрыс дамуына үлес қосады.
Кезінде тай-құлындай тебісіп, қатар өскен Әйтеке би атындағы орта мектептің 1983 жылғы түлектері араға қырық жыл салып, еліміздің түкпір-түкпірінен ауылға жиналды. Білім ордасында бас қосып, қоңыраудың сыңғырын қайта естіді. Сыныптастардың әлі күнге дейін әзіл-қалжыңы жарасып, сыйластығы ажырамаған. Туған жерге сағынышпен жеткен 40 жылдық түлектер бір сәтке партаға отырып, жастық шақты тебіреніспен еске алып, ұстаздарына деген сығынышын әнмен жеткізді.
Ауылдың 1983 жылғы түлектері туған жерге тарту ретінде мектептің акт залына 120 дана орындық сыйға берді. Сонымен қатар мектептің ұстаздары мен оқушылары «Жомарт жүректі жандар» тақырыбында 40 жылдық түлектерге арналған концерт ұйымдастырды.
Оқушылар қазақтың патриоттық әндерін тамылжыта шырқап, жүрек жарды өлеңдер оқыды. Мың бұрала би биледі.
Осыдан қырық жыл бұрын үлкен өмірге қанат қаққан түлектер қазір еліміздің әр аймағында, сан салада табысты еңбек етуде. Бірі қаржыгер, бірі кәсіпкер, енді бірі аяулы ұстаз. Қай-қайсысы болмасын ауылдың мақтанышы. Салтанатты шара барысында аға буын өкілдері биылғы мектеп бітіруші жас түлектерге өмірлік ақыл-кеңестерін айтып, ақ жол тіледі.
Жалпы Жайылма ауылында ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, әр жылдары бітірген түлектер өз ауылына, алтын ұя мектебіне деген қамқорлық көрсетуі игі дәстүрге айналған.
А.Бүркітбаева, Әйтеке би атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары