ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ-АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау-қасиетті борыш.
Отанды қорғау қашанда қасиетті де қастерлі ұғым. Бұл – батырлықтың, ерліктің, қайсарлықтың белгісі. Халық туған жерді ерлікпен қорғаған және қорғайтын азаматтарға, әскери борышын өтеушілерге әрқашан құрметпен қарайды.
Алайда соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен мәселеге айналуда. Ата Заңымыздың 36 бабында «Қазақстан Рес-публикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті»-деп атап көрсетілген.
Жыл сайын Қазақстан Республикасының Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31 бабына сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады.
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30 бабына сәйкес, шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі.
Осы Заңның 17 бабының 3 бөлігіне сәйкес, Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Бұл ретте, әскери қызметтен жалтару тиісті қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Осыған байланысты, әрбір азамат жүргізіліп жатқан шақыру науқанына түсіністікпен қарау керек.
Бауыржан Момышұлы атамыз: «Әскери қызмет дегеніміз — дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген.
Сондықтан, әскерге бару әрбір азаматқа міндет. Дені сау ер азамат Отанын қорғауға қашанда дайын болуы керек.
А. Тілемісов,
Сарысу ауданы
қызмет көрсету жәрмеңкесі
І. Мемлекеттік қызметтер көрсету жәрмеңкесі
ІІ. Сарысу ауданы әкімі аппараты тарапынан 30.11.2022 жылы сағат 16:00-де Сарысу ауданы әкімдігінің Instagram – парақшасы арқылы аудандық полиция бөлімінде және Жаңатас қалалық Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша «онлайн жәрмеңке» өткізілді. Аталған салалар бойынша Сарысу аудандық полиция бөлімінің және Жаңатас қалалық Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
ІІІ. Жәрмеңке қаралымы 49 желі қолданушылары қосылып, аталған салаларға қатысты 18-ке жуық сұрақтар қойып, 13 сұрақтың жауабы қанағаттандырылды, 5 сұрақ өзге сала бойынша болды.
Онлайн жәрмеңке жалпы ұзақтығы 40 минут өткізілді.
ІV. Онлайн жәрмеңкені ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және Сарысу ауданы әкімі аппараты.
Аудан әкімі аппараты
дін-діңгек
Деструктивті діни ағымдар
Деструктивті діни ағымның идеологиясына ерген жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу – барша азаматтың қоғам алдындағы негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінде жат ағымның идеологиясына ерген жас буын өкілдері діни мәселеде тек өздерінің ұстанымдарын алға тартып, өзгенің уәжі мен сөзін теріске шығарады. Сонымен қатар, олардың арасында дәстүрді жоққа шығару тенденциясы белең алған.
Шын мәнінде, дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған ғұрыптардың жиынтығы. Жер бетінде түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар.
Шариғатта адамның таңдауына қалдырған ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, ол ғалымдардың мақұлдауымен сан ғасырдан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Ұлттық құндылықтарға қарсы шығуға болмайды.
Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық, әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Құран мен хадистің негізгі мақсатын түсінбей, қателіктерге жол береді. Ғалымдар арасында ғана талқылануы тиіс мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.
Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды хақ деп білген мұсылман баласы бір-бірімен жақсы араласып, көркем қарым-қатынас құруы қажет. Ислам діні адамды ізгілікке шақырады. Осы ретте асыл дінімізді ауырлатпай, айналадағы адамдарды қорқытпай жеткізу аса маңызды іс екенін баса айтқым келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деп өсиет еткен.
Деструктивті діни ағымда жүрген кейбір азаматтар әрдайым мемлекеттік рәміздерге қатысты қатаң көзқарастарын айтып, құрметсіздік танытып, шектен шығып жатады.
Расында, Отанымыз – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз де сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі арнайы пәтуасы да бар. Сондықтан барша азамат дәстүріміз бен мемлекеттік рәміздерімізге құрмет көрсетуі қажет.
muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты
Сарысу аудандық ішкі саясат бөлімі