ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖАН

0

Мойынқұм ауданы Жамбыл облысының жартысына жуық жерін алып жатқан киелі мекен. Бұл жер кешегі Керей мен Жәнібек хандар қазақ хандығының алғаш туын тіккен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған, күні кеше ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанған атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов «Мойынқұмда ауылым» әнін арнаған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, малшылардың маршалы атанған, қазақтың қасиетті қара шалы Жазылбек Қуанышбаев пен ел Тәуелсіздігінің бастауы болған «Желтоқсан» оқиғасының құрбаны, қазақтың қайсар ұлы, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің елі екенін әрқашан мақтан етеміз.

Сол сияқты бұл өңірде тар жол тайғақ кешу заманында революционер ақын Сәкен Сейфуллиннің жүріп өткен ізі қалса, махаббаттың символына айналған Құралай сұлудың қызыл тастан өріліп тұрғызылған биік те әдемі кесенесі көш жерден менмұндалайды. Бұл өңір кешегі Кеңестер Одағы кезінде мыңғырған малымен қара жерді қайыстырып тұрса, бүгінде өндірісі өркендеген өлкеге айналып барады.

Осы шөл және шөлейт аймақты игеру мақсатында тың жерден 1965 жылы аудан ашып, сол ауданды үзіліссіз 20 жыл байыпты басқарған, биыл тірі болғанда 100 жасқа толатын, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, үлкен жүректі азамат Айтбай Назарбековті жақсы білетіндердің қатары бүгінде сиреп қалды.

Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда қолына қару ұстап, жаумен шайқасқан Айтбай аға өмірінің қай кезеңін алсақ та, қайраткерлігі мен қайсарлығы, білімділігі мен біліктілігі байқалып тұрады.

Ол 1922 жылдың 5 шілдесінде Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүниеге келді. Мектеп бітіргеннен  кейін Қапыланбек ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде соғыс басталады. Қан майданға алғашқы күндерден қатысып, 1945 жылы наурыз айында жараланып елге қайтады.

1946-1956 жылдар аралығында    Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1956-1961 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1961-1962 жылдары Шу өңіріне келіп, Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. Ал 1962 жылы Көктерек және Шу аудандары қосылған кезде Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1965 жылы жаңадан ашылған Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 1985 жылы тамыз айында құрметті еңбек демалысына шықты. Ол өзінің қарым-қабілетінің арқасында көзге түсті. Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде жұлдызы жарқырады.

1964 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша шөл және шөлейт аймақты игеру, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңадан ашылған аудан тізгіні Айтбай Назарбековке тапсырылды. Аудан орталығы болып Фурмановка ауылы белгіленді. Шағын ғана Фурмановка ауылынан аудандық мекемелерге кеңсе, олардың қызметкерлеріне үй тауып беру өте қиын болды. Ауылды аудан орталығына айналдыруға көп күш жұмсады. Осы тұста құрылыс материалдары жетіспей, жұмыс жүрмей жатқанда тұрғын үйлер қабырғасына жергілікті табиғи материалдарды пайдаланып, қамыстан тоқылған матылармен тұрғызу идеясы іске асты. Сондай-ақ қой  қоралары мен жас төлдер тұратын жылыжайлардың төбесін буылған қамыстан жасалған фашинмен жабу тәрізді жұмыстар қолға алынды. Ал мұндай әдіс құрылыс шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттырды. Сол үйлер мен қоралар әлі күнге дейін пайдаланылуда. Мойынқұм тәрізді құмды өңірді берекелі, жасыл желекті өлкеге айналдырды, ауыл-аймақтың ажарын кіргізді. Сан ғасыр бойы береке-дәулетті ішіне бүгіп, сырын ашпай құлазып жатқан жерге тіршілік әкелу Айтбай Назарбеков басқарған кезде мойынқұмдықтардың еншісіне тиді.

Мал шаруашылығын интенсивті өркендетуге бет бұрған жаңашыл басшы Айтбай Назарбеков бағалы бастаманы республикада алғашқылардың бірі болып іліп әкетті. Ол малшы кадрларды даярлауға, топтық-бригадалық әдіспен еңбек етуді ұйымдастыруға, осы салада еңбек етушілердің жұмысын жеңілдетіп, тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Құм жайылымдары мен тау аңғарларына ірілендірілген шопандар, бақташылар бригадалары қоныс тепті. Оларға электр желілері тартылды, монша, клуб, үй салынды. Жұмысқа жастар көптеп тартылды. Олардың арасында білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін аямайтын екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев бастаған Еңбек Ерлері Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, қой қырқудан Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Шотай Тайбағаров, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған шопандар Мешітбай Қойшыбеков, Нұржамал Туғанбаева, Күлзада Тілеубаева сында басқа да еңбек майталмандары жүрді. Айтекең қазақтың қасиетті қара шалы атанған атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевпен ақылдасып, көп жетістікке жетті.

Аудандағы суармалы егістік көлемін 10-12 мың гектарға дейін жеткізіп, жүгеріден мол өнім алынды. Әр гектардан 60-70 центнерден таза дән жинап, Қазақ ССР «Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» атанды. «Көктерек», «Амангелді» совхоздарынан Кәлпекүл Ептібаева, Міншай Жетібаева, Сәулеш Құлжанбековалар ер азаматтардан қалыспай темір тұлпарды тізгіндеді.

қалдырмады. Лезде «Шу» совхозының озат әрі жас шопан қызы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Нұржамал Туғанбаеваға аудандық газет арқылы аудан жастарын мал бағуға шақырған арнайы үндеу жолдатты. Үндеуді мектепті сол жылы бітіргелі отырған жас түлектер бірден қолдады.

Комсомол-жастар бригадаларында мал баққан жастар 3-4 жылдан кейін аудан басшысының ықпалымен жоғары оқу орындарына түсті. Олар ауданға жас маман болып оралғанда Айтбай оларды қызметке орналастырып, өзінің қамқорлығына алды. 1966 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша ауданымызда жас шопандар үшін «Жазылбек мектебі» құрылды.

Айтбай жаңа ауданды басқарған 20 жылдың ішінде тұрғын үйлерден бөлек 14 орта, 2 бастауыш мектеп, 18 балабақша, 6 пошта ғимараты, 12 мектеп-интернат, 5 аурухана, 5 дәрігерлік пункт типтік жобамен салынды. Аудан орталығында бірнеше қабатты сәнді үйлер мен айрықша жобамен 2 қабатты аудандық партия, атқару комитеті, ауыл шаруашылығы басқармасы, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, байланыс үйі, банк, училище, мектеп, балабақша салынып, 3 қабатты қонақүй, 4-5 қабатты тұрғын үйлер ауыл ажарын аша түсті. Ал бұған ағамыздың өзі республикалық газеттен көріп, зәулім әрі сәулетті Мәдениет сарайы мен еңселі орталық сауда үйінің жобасын Белоруссия мен Украинадан арнайы адам жіберіп алдырып, салдырғанын қосыңыз. Мұндай сәулетті ғимараттар басқа да елді мекендерде бой көтерді. Сол кездегі ең өзекті деген жол мен электр энергиясы мәселелері оң шешімін тауып, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде Бірлік – Ұланбел, Бірлік – Хантау, Хантау – Мирный – Ақбақай автомобиль жолдары салынып, асфальт төселді. «АН-2» ұшағы қатынай бастады. Алматы, Тараз қаласына аудан орталығынан «ЯК-40» ұшағының күнделікті ұшуы Айтбай Назарбековтің тікелей еңбегі екенін айта кеткен жөн. Ал бұған сол жылдары Алматы қаласынан ауданның ең шалғайдағы Ұланбел ауылына күніне бір мәрте «Икарус» автобусының тұрақты қатынап тұрғанын қосуға болады. Аудан басшысының ықпалымен «Мойынқұм» фольклорлық ән-би ансамблі алдымен 1978 жылы Мәскеу қаласында Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесі мен БЛКЖО Орталық Комитеті өткізген конкурсқа қатысып, жүлделі оралды. 1979 жылы  Кеңес  Одағының  Португалиядағы  мәдениет күндеріне қатысуға мүмкіндік алды.

Осы жерде Жазылбек Қуанышбаевқа аудан орталығындағы «Жазата» саябағында атамыздың көзі тірісінде-ақ алып бейнесі асқақтағанын айта кеткен жөн. Ол кезде мұндай еңселі ескерткіш тірі адамға қойылмайтын. Сондықтан да даңқты тұлғаның екі жұлдызы мен аты-жөні жазылған тақтатастың сырты қапталып, оған «Шопан ата» деп жазылған еді. Ал кейіннен Жазекең 1986 жылы бақилыққа аттанып, денесі осы ескерткіш артына қойылған соң қаңылтыр бұрандасы босатылып, астынан «Жазылбек Қуанышбаев» деген жазушыға келген де оны көрген жұрт таңғалған еді. Мұны Айтбай Назарбековтің тапқырлығы демеске шара жоқ.

1973 жылдан  бастап  аудан да қазақша күрестен Жазылбек Қуанышбаев атын- дағы республикалық турнир өткізу дәстүрге айналды. Дәстүрлі түрде өтіп тұрған турнирде тұсауы кесілген балуандар кейін Азия, әлем  чемпионттары мен Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғады.

1975 жылы ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға оң бағасын берді. Осы жолы Айтбай аға үлкен кісіге көп нәрсені көрсете жүріп, ауданға пайдалы біршама мәселені шешіп алды. Айтбай Назарбековтің үлкен жеңісінің бірі арнайы бау-бақша, көкөніс өсіретін «Жасұлан» көкөніс-сүт совхозын ашуы болды.

Жаңадан құрылған ауданда кадр тапшылығы бірден сезілді. Сол тұста Айтекең көптеген жергілікті кадрды тәрбиелеп, оларға қамқор болды. Бүгінде Мойынқұм өндіріс саласы бойынша облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы аудан санатына еніп отыр. Мойынқұм кейінгі жылдары ауылшаруашылықты ауданнан өнеркәсіпті ауданға қарай бет бұрып, дамудың даңғыл жолына түсті. Ақбақайдағы алтын өндіру фабрикасы, Мыңарал, Хантау цемент, Мыңарал балық зауыттары, Шығанақтағы барит, Мирныйдағы гранит, көмір өндіру көрсеткіштері бүгінде ауданның атын алысқа шығарып отыр. Бұған Ұланбелдің қызыл тақтатасын қосуға да болады. Мойынқұм ауданы іргесінің берік қалануына зор үлес қосқан, Сарысу топырағында туған Айтбай Назарбековтің еңбегі ерекше. Оның игілікті істерін мойынқұмдықтар ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Содан да болар, өзінің тікелей ықпалымен салынған Жасұлан ауылына 1997 жылы Айтбай Назарбековтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығындағы бір көше оның есімімен аталады. Аудан орталығындағы «Жаз ата» саябағындағы ескерткіші Жазылбек атаның жанынан орын алып, бірі басшы, бірі қосшы болған ауданның қос қайраткеріне айналған екі азамат елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін алыстан байқап, бағамдап тұрғандай…

Айтбай аға басшылық қызметте жүріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге батыр ана Айтбике апай екеуі 2 ұл, 8 қызды тәрбиеледі. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі отбасы болды.

-Менің жиырма жылдан астам өмірім осы Мойынқұмда өтті. Мойынқұм мен үшін тағдыр. Оның табысына да, шабысына да, қуанышына да, ренішіне де ортақпын. «Еңбек қуған қазынаға жолығады» деген сөз бар. Мен қазынаға осы Мойынқұмда жолықтым. Еңбек еттім, ер атандым. Сондықтан Мойынқұм менің өмірім, таусылмайтын әнім,-деп Айтбай ағаның зейнетке шыққан кезінде тебірене айтқан әңгімесі есімде қалыпты.

Айтбай ағаның есімі Мойынқұм өңірінде ғана емес, тіпті Жамбыл облысында да ерекше ілтипатпен аталады. Кезінде өзі құрған аудан бүгінде тарихи тағылымы терең, байлығы ерен өлкеге айналды. Ауданның абыройын асқақтатып, мәртебесін көтерген ағамыздың өмір жолы бәрімізге үлгі-өнеге болып қала береді.

 Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі,

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.