КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА ЖАРҚЫН ІСТЕРІ МЕН ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰЛҒА

0

Жуырда Жайылма ауылында белгілі кәсіпкер Жарылқасын (Жақан) Сейданұлының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті ұстаз Сейдан Қуандықовтың туылғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. 

Ең әуелі Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде қазақ күресінен С.Қуандықовтың 100 жылдығына арналған «Бала балуан» аймақтық жарыс өтті.

Жарыста ауыл ақсақалдары Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті ұстаз С.Қуандықовтың өнегелі өмір жолына тоқталып, жарысқа қатысушы спортшы балуандарға сәттілік тіледі.

Байрақты бәсекеде 50 ден аса жас балуандар өз бақтарын сынады. Жауырыны жерге тимеген спортшыларымыз үздік шығып, Б.Тоғызақбаев атындағы балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің диплом, медальдары және С.Қуандықовтың ұрпақтары атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сейдан Қуандықовтың өмір жолына тоқталып өтсек. С.Қуандықов 1922 жылы қайта құрылған Шу болысында, қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1932-1933 ашаршылық жылдары Сейданның отбасы өзге де туыстарымен бірге үдере көшіп, осы күнгі Шабақты өзеніне келіп қоныстанған. Судың жағасын мекендеп аң, балық аулап күнкөріс қамын жасайды. Заманына қарай еңбекке ерте араласқандығы Сейданды ерте есейтті. Ол кісі бейнет пен зейнеттің, баршылық пен жоқшылықтың, аштық пен тоқтықтың, қуаныш пен қайғының мәнін терең түсінді және ұқты. Сұрапыл соғыс жылдары да, басқа да көрген қиыншылықтары Сейдан атаны шыңдап, өмірге құштарлығын арттырды. Таңдаған бағытынан таймайтын, шаршауды білмейтін, қолға алған жұмысын тындырмай дамыл таппайтын азамат болған. 1941 жылы Сейдан әскер қатарына алынады. Осы жылдың желтоқсан айында 105 атты әскер дивизиясында әскери борышын өтеуге кіріседі. Ұлы Отан соғысының басталып, екінші дүниежүзілік соғыстың қызған кезі. Неміс фашистері сол жылы октябрь революциясы мерекесі күні Қызыл алаңда болуды көксеген «Барбаросс» жоспарын жасап Мәскеуге қарай жаппай ұмтылған шақ еді.

Сейдан 1942 жылдың тамыз-қазан айларында бөлімше командирі болып алғашқы соғыс ұрыстарға қатысады. Бұдан соң 268 — запастағы кавалериялық полкта, 7- кавалериялық полкта әскери қызметін жалғастырады. 1942 жылғы қазан- желтоқсан айында 3-кавалериялық корпусында оқу-жаттығу бөлімінде курсант, оқуды аяқтаған соң 7-кавалериялық полкта старшина, взвод командирінің орынбасары бола жүріп 1943-1944 жылдары фашистермен болған кескілескен шайқастарға қатысады. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңі, жаудың қолына бірнеше мәрте өтіп, қайырып алған Одер өзені үшін болған жанқиярлық ұрысқа қатысқан. 1944 жылдың күзінде снаряд жарықшағынан басынан ауыр жарақат алып дала госпиталінде ұзақ емделеді. Ұлы Отан соғысындағы өтеген әскери борышы 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін» және «Берлинді азат еткені үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің қырық жылдығына арналған 1945 жыл» мерекелік медальдармен аталып өткен. Бейбіт өмірдегі еңбектері де жоғары атқарушы органдар тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Ұстаздық қызметін абыроймен атқарғаны үшін «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін өңіріне таққан. Мектеп мұғалімі бола жүріп «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі» деген төсбелгісімен марапатталды. Жасынан бала тәрбиесімен айналыссам, балаларға оқу, білім беретін ұстаз болсам, білімді ұрпақ тәрбиелесем деген арманы болған Сейдан ата 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. 1957 жылы аталған оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде аяқтайды. Сол кезде мұғалім мамандығының тапшылығы болар, Сейдан ата әскери дайындық, дене шынықтыру пәндерінен және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жайылма ауылынан шыққан елімізге танымал тұлғаларды білім нәрімен сусындатты.

Сейдан атамыздың ұрпақтары қазақтың ұлттық ойындарын дамыту мақсатында Жайылма ауылының орталық атшабарында Тай бәйге, аударыспақ, қошқар көтеруден жарыстар өткізілді.

Ең әуелі ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан ұлттық ат спорты өтті. Жүргізуші тай жарыс басталғанын хабарлап еді жиналған жұртшылық қиқуға салып, мәре сызығында тұрған жүйріктер шаңдата жөнелді.

Тай жарысына 20 тай қатысты. Көзді ашып жұмғанша бәйгеге қосқан аттардың алды мәре сызығын басып өтті.

Осылайша өзінің сән-салтанатына сай дүбірлеген тұлпарлардың шабысымен аудан халқының мерейін бір тасытты.

Сонымен қатар ауданымыздың ауылдық окруктерінен келген спортшы жастарымыз аударыспақ және қошқар көтеруден бақтарын сынады. Жарыс нәтижесінде жүлдегерлер диплом, медальдар және Ж.Сейданұлының демеушілігімен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ С.Қуандықовтың рухына арнап, ас беріліп, құран бағышталды. Сейдан атамыздың шәкірттері, көз көрген қариялар атамыздың өмір жолына, жасаған ерліктеріне кеңінен тоқталып, әке жолын, ерліктерін кейінгі жастарға дәріптеп жүрген жеке кәсіпкер Жарылқасын Сейданұлына алғыстарын жеткізді.

Сәулет Есқараев,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.