Адам баласы өзінің атқарған жарқын істері арқылы, өзі өмір сүрген қоғамға тигізген пайдалы қызметтері арқылы тарихта қалатыны ақиқат. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан, өз елінің адал перзенті болған, адамгершілік қасиеттердің иесі, кейінгі ұрпаққа жарқын істері мен өшпес ізін қалдырған, әрі менің нағашым Қуандықов Сейдан егер тірі жүргенде 100 жасқа толатын еді.
Жуырда Сейдан ағамыздың баласы Жарылқасын хабарласып, «Сейдан нағашыңның аруағына арнап ас бергелі жатырмын. Қазір соның дайындық жұмысымен айналысып жүрмін. Сен де алыс емес, жақын жиендерімнің бірісің әрі жазатын өнерің бар ғой, осы нағашың жайлы мақала жазып, аудандық газетке шығаруға көмектесші» деді нағашылық ілтипатпен. Мен, ойпырмай ол кісі жайлы менде көп мәлімет жоқ, мендегі бары тек Пернебай Дүйсенбин нағашымның «Сейдан аға» атты кітабы дедім, жарайды, жан-жақтан сұрастырып, құрастырып көрейін деп қолыма қалам алған едім… Бүгін сол уәдемді орындайын деп өзімнің «Нағашы жақсы қандайды…» атты жарияланбаған мақаламды және Пернекеңнің жоғарыда аталған кітабын қолға алып «Өмірі өнегелі өрілген» деп айдар тағып осы мақаланы оқырманға ұсынып отырмын.
Бұрынғы Ақмола уезіне қарасты Көктас болысы 1921 жылы 28 мамыр күні Ақмола уездік атқару комитетінің арнайы қаулысы негізінде Қарақыз, Шу болысы болып қайта құрылған екен. Қарақыз болысында Тама руының Әліп, Құрақ,т.б. рулары болған. Ал, Шу болысын тек Кіші жүздің Алшын шеркештері мен Жағалбайлы әулеттері мекен етіпті. Жаңа болыстықтың Ревком төрағасы болып Байсейіт Жұманов, ал мүшелері болып Тәжібай Елібаев, Байсейіт Көшенов тағайындалып, хатшысы қызметін Сәрсен Бейсенов атқарған. Тәжібай Елібаев жиырма жылдай Қазақ КСР-ің Байланыс министрі болған Әбдіразақ Елібаевтың әкесі Алпысбайдың туған ағасы еді, алшын Жақсылық атаның ұрпағы болатын. Тәжібай Елібаев та жаппай қуғын- сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккен азаматтардың бірі. Соңында Алтынай мен Күмісай атты қыздары қалды. Күмісайы ардақты ұстаз Донда Сенбин ағайдың жұбайы болды. Тарқатып айтуыма себеп, Тәжібай Сейдан ағаның жақын туыстары еді ғой.
Сейдан Қуандықов 1922 жылы қайта құрылған Шу болысында, қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1932-1933 ашаршылық жылдары Сейданның отбасы өзге де туыстарымен бірге үдере көшіп, осы күнгі Шабақты өзеніне келіп қоныстанған. Судың жағасын мекендеп аң, балық аулап күнкөріс қамын жасайды. Заманына қарай еңбекке ерте араласқандығы Сейданды ерте есейтті. Ол кісі бейнет пен зейнеттің, баршылық пен жоқшылықтың, аштық пен тоқтықтың, қуаныш пен қайғының мәнін терең түсінді және ұқты. Сұрапыл соғыс жылдары да, басқа да көрген қиыншылықтары Сейдан ағаны шыңдап, өмірге құштарлығын арттырды. Таңдаған бағытынан таймайтын, шаршауды білмейтін, қолға алған жұмысын тындырмай дамыл таппайтын азамат болған. Өмір күресінде өзінің табандылығымен әрдайым жеңіске жетіп отырды. Марқұмның қолға алған ісін тындырмайынша тыным таппайтын қасиеті бүл күнде белгілі кәсіпкер, бақытты отбасының отағасы, перзенті Жарылқасынға (Жақанға) қатты дарыған-ау деп қоямын. Жақанның өзі » қандай жетістікке жетсем де, ол, Айжанның арқасы » деп жымияды. Тамыры мықты терек теңселмейді ғой!
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ауданымыздың Құрметті азаматы, Республикалық «Дарабоз» байқауының бірнеше мәрте жүлдегері Пернебай Дүйсенбин «Сейдан аға» кітабында:»1933-1957 жылдар аралығында Шабақты өзенінің жағалауына қоныс тепкен Жақсылық атаның ұрпақтары өсіп-өніп еңбек етті. 1933 жылы келіп қоныстанған елден 2 ауылдық кеңес құрып, оған Чапаев,Интернационал, Киров,Жақсылық, Тілек серіктестіктері кіреді. Осындағы Жақсылық, Тілек серіктестіктеріне Жақсылық әулеті, Чапаевқа Құлтуманың Рысқұл, Кенжеғұл әулеті, Интернационалға Құдайберлі ұрпақтары, Кировқа Ақкөбек пен Досым әулеттері ұйысты» деп жазады. 1934 жылы Жақсылық пен Тілек біріктіріліп Калинин атындағы колхозға айналады. 1950 жылы Чапаев,Интернационал, Киров Калинин атындағы колхозға бірігіп, ірілендірілді. Шаруашылығы кеңейген колхоздың төрағасы болып Әйнекбай Әбішев сайланады. Ал,1957 жылы аталған колхоз Калинин атындағы совхозға айналдырылды. Алғашқы директоры болып ұйымдастырушылық қабілеті өте зор Хамит Арынғазиев тағайындалды. Осы совхоз ұйымдасқан елді мекенде құрылысы 1934 жылы басталып 1935 жылы пайдалануға берілген Ленин атындағы орта мектеп ашылған болатын. Мектепте төрт серіктестіктің балалары оқып, білім алады. Айта кеткен абзал, мектеп серіктестік тұрғындарының асарлатып жасауы арқылы тұрғызылған екен. Бас ұстасы Сейданның жақын туысы Сәбденбек Есболов болған екен. Сәбдекең менің туған нағашы атам Есболов Ерденнің ағасы. Міне, осы мектепте Сейдан Қуандықов өзінің саналы ғұмырын балаларға тәлім-тәрбие, сапалы білім берумен айналысқан.
1941 жылы Сейдан әскер қатарына алынады. Осы жылдың желтоқсан айында 105 атты әскер дивизиясында әскери борышын өтеуге кіріседі. Ұлы Отан соғысының басталып, екінші дүниежүзілік соғыстың қызған кезі. Неміс фашистері сол жылы октябрь революциясы мерекесі күні Қызыл алаңда болуды көксеген «Барбаросс» жоспарын жасап Мәскеуге қарай жаппай ұмтылған шақ еді.
Сейдан 1942 жылдың тамыз-қазан айларында бөлімше командирі болып алғашқы соғыс ұрыстарға қатысады. Бұдан соң 268 — запастағы кавалериялық полкта, 7- кавалериялық полкта әскери қызметін жалғастырады. 1942 жылғы қазан- желтоқсан айында 3-кавалериялық корпусында оқу-жаттығу бөлімінде курсант, оқуды аяқтаған соң 7-кавалериялық полкта старшина, взвод командирінің орынбасары бола жүріп 1943-1944 жылдары фашистермен болған кескілескен шайқастарға қатысады. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңі, жаудың қолына бірнеше мәрте өтіп, қайырып алған Одер өзені үшін болған жанқиярлық ұрысқа қатысқан. 1944 жылдың күзінде снаряд жарықшағынан басынан ауыр жарақат алып дала госпиталінде ұзақ емделеді. Ұлы Отан соғысындағы өтеген әскери борышы 1 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін» және «Берлинді азат еткені үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің қырық жылдығына арналған 1945 жыл» мерекелік медальдармен аталып өткен. Бейбіт өмірдегі еңбектері де жоғары атқарушы органдар тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Ұстаздық қызметін абыроймен атқарғаны үшін «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін өңіріне таққан. Мектеп мұғалімі бола жүріп «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі» деген төсбелгісімен марапатталды. Әдетте, мұндай төсбелгілер ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, бесжылдық жоспарын асыра орындаған ауыл шаруашылығында, өндірісте жұмыс істеген жұмысшыларға берілетін шығар деп ойлаушы едім, мұғалімдердің осындай төсбелгімен марапатталатынын алғаш білдім.
1945 жылдың шілде айында әскерден босанып елге оралады. Сол тұста Сман Көшеков, Ібіжан Сушин, Донда Сенбин, Ілияс Байдәулетов, Зикен Бекенов, Ошақбай Жүнісбековтер де соғыстан аман- есен туған жерге келіп мектепте жұмыс атқара бастайды. Осы азаматтардың барлығы дерлік мықты мұғалімдер қатарынан көрініп, басшылық қызметтерде болып ел құрметіне бөленді.
Жасынан бала тәрбиесімен айналыссам, балаларға оқу, білім беретін ұстаз болсам, білімді ұрпақ тәрбиелесем деген арманы болған Сейдан аға 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. 1957 жылы аталған оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде аяқтайды. Сол кезде мұғалім мамандығының тапшылығы болар, Сейдан аға әскери дайындық, дене шынықтыру пәндерінен және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Пернебай Дүйсенбин өзінің ағасына арнаған кітабында » Сейдан аға біз оқыған кезде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Одан сәл ертеректеу дене шынықтыру пәнінен де ұстаздық етті» дейді. Еліміздің мақтанышы, кино өнерінің саңлағы, ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ағамызға да сабақ берген екен. Асекең Сейдан ағайы туралы еске алғанда:» Ленин атындағы мектепте Сиязбек Ысқақов,Октябрь Түсенов, Кәрішал Уызбаев,Ағиша Қасымбекова, Рабиға Исмайлова, Әкпар Түсіпбеков, Мейрамкүл Өміртаева, Ыдырыс Мырзанов, Арыстанбай Болтаев,Айдан Байнаев, Бақтияр Аждаров, Дина Түсіповалармен бірге оқыдық. Сейдан аға бізге дене шынықтыру пәнінен сабақ берді» дейді. Бұл кез соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңі. Әлі де толық тоқшылық бола қоймаған, балалардың киім-кешекпен толық қамтыла қоймаған қиын шағы. Сейдан аға әскерден келген жиырманың үшіндегі жас жігіт. Әскери тәртіпке әбден үйренген, сабақ үстінде балаларды сапқа тұрғызып, әскердегіше орнында тұрып жүргізу, адымдатып жүргізу жаттығуларын жасатады екен. Ол кезде қазіргідей арнайы спорт залдар болмаған, қыста, жауын-шашын кезінде сабақ мектептің ішінде өте беретін. Туысқан қарындасы, әрі оқушысы болған, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова апайымыз: «Сейдан ағай алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс берді. Сол уақытта адамдар өте бауырмал еді, сол кісілер мені Досжан ағамыздың, әкеміздің баласы деп еркелететін. Біз мектепке осы күнгі Тәкі талының күншығыс жағында орналасқан Қостөбе деген жерден жаяу барамыз. Қуандықов Сейдан ағай өте ақкөңіл, балаларға дауыс көтеріп ұрыспайтын, соғыста көргендерін айтып, балаларды ерлікке, бауырмалдыққа баулитын» деп еске алады.
Сейдан ағаның табиғаты әдебиетке жақын болғанын, әдебиетті жақсы көргенін Пернекең Сейдан аға оқуға берген, ескіше әріппен жазылған Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны жайлы естелігінде айтады: «Ұмытпасам 1973-1974 жылдары Сейдан аға «Пернебай, сен осы жазумен айналысып жүрсің ғой, мен саған бір шығарма берейін. Латын әрпімен өзім ертеректе бір кітаптан көшіріп алған едім» деп кең жолдық бір дәптерді қолыма ұстатты. Бірақ, ешкімге айтушы болма деп ескертті дейді. «Дастанды бірнеше рет оқып шықтым. Тамаша шығарма. Ағай, ескерткендей не құпия бар екенін білмедім. Ол кісі авторын да айтпады» дейді. Кейінірек, дастанның жаппай репрессия құрбаны, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың шығармасы екенін білген екен. Міне, Сейдан ағаның әдебиетке көңіл бөліп, өзіне ұнағандарын жазып алуы, әдебиетті сүйетін жандарға тән қасиет екенін көрсетеді. Екіншіден, өзінің жақын туыс інісінің шығармашылығын ұштауға назар аударғаны деп түсінемін.
Сонымен қатар, Сейдан ағай ақкөңіл, кісіге қиянаты жоқ, арамдыққа бармайтын, бауырмал, балажанды пейілі кең болған деседі көзін көргендер. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, байланыс саласының ардагері, менің әкем Жұмабайдың сыныптасы болған Жақсылықбай Тәжібаев Сейдан жездесі туралы: » Сейдан Қуандықов туралы пікір айту, кітап жазу екінің бірі, егіздің сыңары түгілі, менмін дейтін азаматтың бәрінің бірдей қолынан келе бермейтін, аса жауапты абыройлы жұмыс. Сейданды қай жағынан қарасаң да терең тұңғиық, өте күрделі жұмбақ тұлға. Өйткені оның бойындағы жақсы қасиеттері бірді-екілі кездескен азаматтарға көріне қоймайды. Оның жақсы қасиеттері, қыр-сырлары тереңге бойын бүгіп, жасырынып жатады. Сейданды шынайы толық түсіну үшін жан-жақты білім, ақыл-парасат пен ұзақ уақыт керек. Ол үшін сен де онымен бірге ұзақ жылдар қызметтес, еңбектес, дәмдес, тұздас болуың керек» деп Сейдан ағаның «сегіз қырлы, бір сырлы» жан болғандығынан, асыл қасиеттері мол болғандығынан хабар береді.
Тараз қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болған ауданымыздың мақтанышы, Құрметті азаматы Күләш Әбдікешова әпкеміз нағашылары жайлы естелік айта келіп:»Сейдан нағашым ауданымыздағы іргелі, бұрынғы Ленин атындағы, қазіргі Әйтеке би атындағы мектепте ұстаз болып, абыройлы еңбек етті. Ол 1986 жылы алпыс төрт жасында зейнеткерлік жастан асқан шағында өмірден озды. Бүкіл ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы, ауылдық кеңес қызметкерлері қаралы жиын өткізіп, ақтық сапарға шығарып салды» дейді. Күләш әпкеміз атқару комитетінде, аудандық партия комитетінде қызмет еткен жылдары, әлеуметтік салаға, оқу- білім, тәрбие, спорт, мәдениет және өнер саласына жетекшілік етіп еді.
Сейдан ағаның бауырмалдығы жайлы мына жайды айтпай кетуге болмас. Ол кісінің ойдағы-қырдағы, жақын- алыстағы ағайындарды түгендеп, олардың жағдайларын, аман-есендігін біліп тұратын қасиеті бар еді. 1953 жылы Шолақтау қаласында тұратын немере ағасы Сағынтай Елепановтың отбасын көшіріп әкеліп, оларды бұрынғы Байқадамдағы Божбан Сатқынұлының үйіне орналастырады. Келесі жылы ауылға көшіртіп алдырады. Содан соң, Жайылма ауылынан он екі шақырым жердегі, көршілес жатқан Саудакенттің батыс жағында орналасқан бұрынғы Сталин, қазіргі Жаңаталап ауылында жақын туысы, жақсылық атаның ұрпағы Ерғара ағасы тұратын. Ерғараұлы Қозыкен жоғарыда аталған кітаптағы еске алуында:» Айына 1-2 рет демалыс күндері үйімізге мығым денелі, сұңғақ бойлы, қараторы кісі келіп тұратын. «О, Сейдан бауырым келді»деп ата-анам қазан көтеріп, жандары қалмайтын, ұзақ түн әңгіме айтатын. Сондай бір әңгіме ішінде:»мен сізді ауылға, ағайындардың ортасына көшірмесем болмайды» дегенін құлағым шалып қалды дейді. Келген сайын осы әңгімені көтеріп жүріп, 1957 жылы Ерғара бауырын Калинин атындағы совхозға көшіріп алады. Ол кезде Сейдан аға отбасымен үш бөлмелі қазақы үйде тұратын. Сол үш бөлмелі үйдің бір бөлмесіне Ерғараның отбасын, бір бөлмесіне өзінің отбасын орналастырып, ортадағы бөлмені ортақ асхана ретінде пайдаланып, екі отбасы ас ауқатты бірге ішкен. Мұнан артық бауырмалдылықтың үлгісін көрсетуге болады ма!? Өмір ағымы көрсетіп отырғандай қазір бүкіл бір отбасы түгілі, бірді-екілі адам келсе қабақ шытпай қарсы алатын отбасылар өте сирек қой! Рас, Сейдан ағаның бастауымен Ерғара бір жылдан соң ағайындар тұратын көшенің бойынан асарлатып жеке үй көтереді. Онда да ағайындардың, оның ішінде Сейдан ағаның сөз көмегі, қол күші көмегі айтарлықтай болған. Ағаның бұл тірлігіне қарап сүйсінесің, тәуекелшіл, мәрт мінезді адам болған деп есептейсің.
Және бір қыры, ағай ақын болмаса да, қазақтың төрт жолдан тұратын шумақтарын құрастырып жіберетін икемі, таланты болған екен. Ақыл тоқтатқан жасында өзінің замандастары мен шаруашылық басшылары, қызметкерлері туралы өткен ғасырдың 70-80 жылдары жазған «Бәрі жейді» деген сыни шумақтарында:
«Совхозда директорлар батыл жейді,
Қорадан қой, қамбадан астық жейді.
Онымен ептеп жесе бірсәрі ғой,
Ұлғайтып семізі мен туын жейді.
Есепші кредиттен кесіп жейді,
Өзге де ебін тауып есіп жейді.
Ревизор келе қалса әлдеқалай,
Қол қойып, қаламымен көсіп жейді», — деп сол кездің өзінде орын алған келеңсіздіктерді әшкерелейді. Шумақтардан Сейдан ағаның шындық, әділдік үшін де жаны шырқырап күрескенін, оны өлең жолдары арқылы жеткізгенін байқаймыз. Бұл өлең шумақтары Сейдан ағаның қолжазба жазған ескі дәптерінен алынған, уақытында жарияланған, жарияланбағаны белгісіз. Мұндайда сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңде жатыр екен ғой деген ой түйесің.
Отбасында береке болмаса, ердің тапқанын ұқсататын ақылды әйел болмаса, ердің жасаған ісін қоштап, қолдап, құрметтеп отыратын отбасы болмаса ердің аты қалай шығады? Құдайдың қалауымен Сейдан ағаға өмірлік серік етіп сондай жақсы, ақылды адамды қосқан. Жұбайы Арзымхан- Кіші жүз Жағалбайлы Тәжібайдың ағасы Өтегеннің ұрпағы. Сейдан аға екеуі өмірге Әкімтай, Рая,Клара, Жарылқасын, Әбілқасым деген перзенттерін әкеліп, оларды тарбиелеп, оқытып өсіреді. Өкінішке орай, Әкімтай мен Әбілқасым бұл өмірден мезгілсіз озып кетті.
Әрі туысы, әрі көршісі болған Ілияс Байдәулетов ағайдың қарындасы Әйнекен апамыз:» Сейдан аға көпшіл, кеңпейілді, адамға көмектесуге дайын тұратын кісі болды. Арзымханның сіңілілері Аманкүл, Ұлболған,Сарқыт деген балдыздарын туған қарындасындай тәрбиелеп, оқытып, тұрмысқа шыққандарына әкесіндей қамқорлық жасады» деп еске алады. Бұл да Сейдан ағаның бойындағы жақсы қасиеттердің көрінісі деп білемін. Арзымхан шешеміз өте қарапайым, момын, ашуын ақылға жеңгізе білетін, дархан пейілді, адал жан болған екен. Сондықтан болар, алыс-жақыннан келген ағайын туыстардың балалары, тіпті мектепке сырттан келген мұғалім қыздар, осы үйде жатып, жұмыс істеді. Міне, бұл Арзымхан апамыздың бойындағы көп әйелдерде кездесе бермейтін ерекше қасиеті шығар. Ол кісі жайлы менің туған нағашым Есболов Ерденнің әйелі, нағашы апам Есболова Алтынайдың да жағымды әңгімелер айтып отырғанын естігенім бар. Ол кісінің дастарханы, қонақ күтуі ерекше болатын деп отыратын. Жайылма өңіріне бара қалса Сейдан ағаның шаңырағына соқпай кетпейтінін айтушы еді. Сол кезде ағайындар арасындағы сый-құрмет, татулық сияқты құндылықтар биік саналған шығар деп те ойлайсың.
Мақаланы Сейдан ағаның баласы, қарашаңырақтың иесі, қазіргі кезде облысымызға белгілі кәсіпкер- Жарылқасын Сейданұлы жайлы жазбалармен аяқтағанды жөн көрдім. Бойында әкеден дарыған іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттері бар Жақан қазіргі нарықтық экономикаға негізделген заманға тез бейімделіп өзінің жеке кәсібін, шаруа қожалығын ашып, ауданымызда кәсіпкерлік жүйесін дамытуға едәуір үлес қосып келеді. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалық төрт түлік малдың барлық түрін өсірумен, ет, сүт өнімдерін өндірумен, оларды өткерумен айналысады. Отбасылық бизнесті дамыта отырып, туған жерінің, туған ауылының өсіп-өркендеуіне де көңіл бөледі. Аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларына қолдан келгенінше қайырымдылық көрсетеді. Жайылма ауылының орталығынан шағын тойхана, азық-түлік, өнеркәсіп тауарларын сататын дүкен салып тұрғындарға қызмет көрсетуді ұйымдастырды. Кәсіпкерлікті дамытуға Жақанның құдай қосқан қосағы, жары Айжанның да қосқан үлесі қомақты. Жалпы басшылық жасау Жақанның мойнында болғанымен, барлық істің оябын тауып, ұқсатып отыратын Айжан. Расында солай, жерлестері «шіркін Айжанның дайындаған шұбаты қандай дәмді» деп тамсанғандарын талай естідік. Мұндайда Жақан» Біздің Айжанның шұбаты керемет, өзі де керемет!» деп мойындап қоятыны тағы бар. «Әке көрген оқ-жонар, шеше көрген-тон пішер» демекші Жақан мен Айжанның бойында ата-аналарынан жұғысты болған, солар үйретіп тәрбиелеген қонақжайлық қасиет көрініп тұрады. Қонақ десе үнемі есіктері ашық, дастарханы жаюлы. Сол ауылға жол түсе барып үйіне бас тірей қалғанда үйде Айжан болмай қалса да Жақан жаны қалмай, елпеңдеп, келінін, баласын дауыстап шақырып, жиен келіп қалды сусындарыңды әкеліңдер деп тапсырма беріп жатады. Тіпті, олар болмаса өзі бәрін жайып салатынына куәмін. Дәл, осы бауырмалдық қасиеті кешегі күндері ағайын, туыстарын жинақтап, қомақтап жүретін әкесіне тартқан болуы керек.
Адам ұрпағымен мың жасайды дейді ғой. Сол секілді Сейдан ағайдың соңында да Жақан сияқты ізбасары, өмірін жалғастырушы ұрпақтары бар. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұстаныммен марқұм әкесінің жүз жасын ұлықтап, құран бағыштайын деп туған ауылы Жайылмада ас бергелі жатыр. Ас қабыл болсын! Сейдан ағаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Кейінгі ұрпақтарына Алла ұзақ ғұмыр берсін!!
Суретте: С.Қуандықов жұбайы Арзымханмен бірге.
Д. Ақділда,
ҚР журналистер
Одағының мүшесі