БАРЛЫҚ БАЛА БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ
1 маусым күні-барлық әлем Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді. Халықаралық балаларды қорғау күні-сәби тілегін назарсыз қалдыруға болмайтын мейірімге толы мерекелердің бірі. Барлық бала бақытты болуға құқылы. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру-адамзаттың алдында тұрған зор міндет.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Балалар-жасөспірімдер орталығымен және әлеумет- тік бағдарламалар бөлімі тарапынан 1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, балаларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап орталық саябақта «Бақытты біз баламыз» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Әлеуметтік қызметкерлер балалардың іс–шараға келуін қамтамасыз етті.Балалармен бірігіп концерттік бағдарламаны тамашалады, кейбір балалармен көңілді стартқа қатысты. Көптеген қызықты ойындар мен эстафеталық ойындар ойнатылды. Мадияр Қазына «Бақ құсым», Орынбасарқызы Назым «Көңілді күн» атты ән шашуын тарту етіп, Талантұлы Асылжан сурет салып ата-аналарын қуантты.
Іс-шара соңында Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде есепте тұрған 56 балаға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Шалбайұлы Тілеубаев арнайы дайындалған тәтті балмұздақтар мен сыйлықтарды табыс етті. Мүмкіншілігі шектеулі балалар бір сәтке ауру ойдан, айықпас дерттерінен айырылғандай қуанышты күн кешті.
Балаларға қуаныш сыйлады
Аудан әкімдігі білім бөлімінің «Психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде арнайы педагог мамандарының ұйымдастыруымен «2022-Балалар жылы аясында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау» күнінде «Біз бақытты баламыз» атты тақырыбында мерекелік іс-шара өткізді.
Іс–шара барысында балалар- мен түрлі ойындармен қатар сайыстар ұйымдастырылды. Қыздар арасында қолөнер бұйымын жасап, ең үздік бұйымға марапаттар берілді. Ал ер балалар арасында «Қол күрес», «Шеңберге дәл тастау», «Кім епті?» т.б. ойындары ойнатылды. Жаңатас қаласының жеке кәсіпкерлері «Бәрі бар» дүкенінің иесі Алтынбек Мейірбеков және «Арзан» дүкенінің иесі Асхат Байымбетов мекемедегі ерекше оқытуды қажет ететін балалардың өсіп дамуына өз үлестерін қосу мақсатында демеушілік етіп, балаларға түрлі дамытушы ойыншықтар мен балмұздақ тарту етті. Мекеме меңгерушісі А.Қойшиманова демеушілерге білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетовтың атынан Алғыс хатты тапсырды.
Оқу жылы барысында аудандық және облыс көлемінде ерекше оқытуды қажет ететін балалар арасында ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздары Қазына Мадияр, Раяна Бастықбай, Алия Айдын- қызына облыстық білім басқармасының атынан Мақтау қағазы, Алғыс хаттары табыс етілді. Балаларға шаттық күлкі сыйлаған демеушілер мен педагогтарға ата – аналар ризашылықтарын білдіріп, алғыс тілектерін білдірді.
Камели Сүлейм енова, «SARYSÝ»