МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ РЕФЕРЕНДУМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖАСАҒАН ҮНДЕУІ

0

Құрметті отандастар!

Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз  дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді  азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын.

*  *  *

Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын.

Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып,  өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін.

Ата заңға өзгерістер енгізу реформа- ларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан- жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді.

Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.

Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру  бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық  мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл–туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз.

Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.

Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз.

Елдің референдумнан күтері көп

Кемел келешек үшін

Саяси маңызды өзгерістерге қадам әкелетін референдумға сарысулықтар да бір кісідей атсалысып, өз таңдауларын жасады. Халық бұл референдумнан кейін елдегі әлеуметтік- экономикалық ахуал жақсарып, дамитынына үмітпен қарайды.

5 маусым күні таңертең шағынаудан тұрғындары №363 референдум учаскесіне қарай бет түзеді. Ондағы мақсат референдумда өз дауысын беру, таңдауын жасау. Бірнеше тұрғындар ерте келіп, референдум учаскесінің ашылуын күтіп тұрды. Сағат таңғы 07.00-ге таянғанда Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды. Референдум учаскесінің төрағасы Серік Ниязов келген тұрғындарды құттықтап, дауыс беру ережесін түсіндіре отырып, бір кісідей жақсы атсалысуға шақырды.

Дауыс беру өте тыныш, байсалды жағдайда өтті. Сайлау учаскелерінде саяси партия өкілдері  мен БАҚ өкілдері белгіленген орынға отырып, дауыс беру жағдайын бақылап отырды.

Сондай-ақ, ерте келіп ең алғашқылардың қатарында дауыс берген қала тұрғыны Бектай Сержановаға референдум учаскесінің төрағасы сыйлықтарды тапсырды.

Әлбетте, референдум барысында сайлаушылардан көбі елдің тұрақты дамуын қалайтындарын айтты. Өйткені келер ұрпақ өз болашақтарын Қазақстанмен байланыстырса екен деген тілектерін білдірді. Сөзсіз, адамдардың қолайлы өмір сүруі үшін бірінші кезекті әлеуметтік-экономиклық жағдайды жақсарту қажет.

«Ел билігінің халықтың өркендеуіне қажетті бастамаларды дер кезінде көтере білуі қуантарлық жағдай. Оның айғағы бүгінгі конституциялық референдум деп айтуға негіз бар. Референдумның негізгі мақсаты – елдің басты заңы Конституцияға өзгерістер енгізу. Бұл Қазақ елі, қазақстандықтар үшін ерекше маңызы бар іс-шара. Халықты ақпараттандыру өте жақсы деңгейде жүргізілген. Референдум учаскелерінің дайындығы көңілден шықты. Барлығы да жоғары деңгейде. Саяси науқанға бейжай қарамағаны байқалады. Бәрі де ел ертеңі жарқын болуы үшін үлкен белсенділікпен дауыс берді», -деді дауыс беруге келген еңбек ардагері К.Жылқыбаева.

Референдум учаскесіне келіп, дауыс берген аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев  ең қарт сайлаушы Баян Тұрдалиеваға, мүмкіндігі шектеулі сайлаушы Жанар Шоқпароваға, жас сайлаушы Әбділәзиз Мұхаммед Дарханұлына, сол күні туған күн иелері Таңшолпан Жалғасбай мен Бақытжан Сәрсеқұловқа сыйлықтарды тапсырды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар да, денсаулығы сыр беріп аудандық орталық ауруханада ем қабылдап жатқан тұрғындар да саяси маңызы бар айтулы шарадан қалыс қалмады. Осы мақсатта, сайлау учаскелерінің жауапты қызметкерлері үй-үйді аралап, аудандық орталық ауруханаға дауыс беру жәшігін апарып, өзі дауыс беру ғимаратына бара алмайтын сарысулықтар өз таңдауларын жасады.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.