ТЕАТР ТАРЛАНЫ

0

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовтың 85 жасқа толуына арналған «Театр тарланы»  атты әдеби-сазды кеш өтті. 30-дан астам киноға түсіп, қазақ өнерін әлемге әйгілеген Асанәлі Әшімов – бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, алаштың ардақтысы. Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара талантқа арналған кешке мектеп оқушылары қатысты. Кешті жүргізуші Таутаев Мәди Асанәлі Әшімовтің еліміздің рухани-мәдени өміріне қосқан зор үлесін атап өтіп, оның асқан таланты, ерік-жігері мықты қасиеттеріне айрықша тоқталды. Алиев Құрал Есенқұл Жақыпбековтың «Біздің елдің жігіттері» атты термесін  орындады. «Тұлға» атты Асанәлі Әшімов туралы деректі фильм көрсетілді.

Рухани азық іздеген кешке қатысушылар бүгінгі кештен  қайталанбас әсер алып қайтты.

БАБАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен  қаз дауысты     Қазыбек бидің  355 жылдығына орай «Бабадан қалған асыл сөз» атты тақырыптық кеш  өткізілді. Іс-шараны  ашқан  Малика Ералиева  Қазыбек бидің өмірбаяны мен шешендік жолы туралы кешке қатысушыларға мағлұмат берді. Мәдениет қызметкері  Ұлжан Хасанова  қазақтың заңы «Жеті жарғы» жайлы, мәдениет қызметкері Замира Ниязбекова «Бұқар жыраудың  Қазыбек биге жасырған он жұмбағы» туралы айтып өтті. «Саудакент» халық театрының артистері  «Қазыбек би ұлағаты» атты көрініс көрсетті. «Бабадан қалған асыл сөз» атты бейнеслайд көрсетілді. Кешке қатысушылар Қазыбек бидің нақыл сөздері мен шешендік өнері жайлы ой бөлісті.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен  « Сыбайлас жемқорлық-қоғам дерті»  тақырыбында пікір-сайыс кеші  өтті. Кештің мақсаты:  “Сыбайлас-жемқорлық” деген ұғымды түсіндіріп, пайда болу жағдайлары жайлы түсінік қалыптастыру, өз көзқарастарын білдіріп, дүниетанымдарын кеңейту, өз мемлекетіне деген  жауапкершілікке  және әділдікке тәрбиелеу болды.

Кеш барысында Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Өмірсерік Жақсыбаев адалдық, әділдік, әдептілік, жауапкершілік, ар-намыс сияқты көптеген адами қасиеттерді түсіндіріп, осы құндылықтар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізі екенін айтты. Шара барысында  кешті жүргізуші тағылымға толы тарих беттеріндегі әділдікті ту еткен кемеңгерлердің туралығын жан-жақты айтып өтті. Кешке қатысушылар  адалдықты, парасаттылықты қалай түсінетінін, оны қалыптастыру жөніндегі ойларын айтып,  ойында жүрген сұрақтарын қойып,  пікір алмасты.

Өнегелі отбасы-қоғам байлығы

Жаңатас көпсалалы колледж кітапханасы мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен  Халықаралық отбасы күніне орай «Өнегелі отбасы-қоғам байлығы» атты отбасылық сайыс өтті.Мақсаты: «Отбасы» құндылығының мәнін ашу арқылы,отбасылық құндылықтарды қазақстандық  отбасының имиджін анықтау, отбасы мүшелеріне құрмет, ата-анаға сүйіспеншілік, отбасындағы өзара сыйластық қасиеттерін дамыту.

Қатысушылар 4 бөлім бойынша сайысқа түсті.Атап айтсақ: «Отбасым-мақтанышым» өздерін таныстыру, «Өнерлі отбасы өрге жүзеді» өз өнері, «Біз шағын мемлекетпіз» ситуациялық  жағдай, «Отбасы-бақыт мекені» салт-дәстүр, тағамға қатысты сұрақ-жауап бөлімдерінен сайысқа түсті. Нәтижесінде 1-орынды Жеңісбаевтар, 2-орынды Кемаловтар және Боранбаевтар, 3-орынды Жақсыбай отбасылары иеленіп, арнайы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.

 «SARYSÝ-aqparat»

Leave A Reply

Your email address will not be published.