ЕЛ РӘМІЗДЕРІ — ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

0

4 маусым – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні. Биыл рәміздеріміздің ресми түрде таныстырылғанына 30 жыл толды.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарға көз жүгіртсек, еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген болатын.

Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Бірі білсе, бірі білмес рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Кейін «елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында» 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.

«Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз», — аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы Жанат Жұмаділдаев.

Осы ретте биыл ауданда ҚР мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына орай бірқатар бағдарламалық жоспар бекітіліп, жыл басынан бері 40-тан аса мәдени-көпшіліктік іс-шаралар өтті. Атап айтар болсақ, 1-4 маусым аралығында қала мен барлық ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Ел рәміздері – елдігімнің айғағы!», «Рәміздерім – мақтанышым!» атты кездесу жиындар, сондай-ақ, білім беру мекемелеріндегі жазғы сауықтыру лагерінде Мемекеттік рәміздер құрметіне арналған патриоттық-танымдық кештер мен шығармашылық байқаулар өткізу жоспарланған.

Жалпы ауданда 97 мекемеде Ту мен Елтаңбаны қоса алғанда барлығы 392 рәміз орналасқан. Ал мемлекеттік рәміздерді дайындау және пайдалану 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңмен реттеледі. Мәселен, аталған Заңның 6-тарау, 13-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды қалыптастыру» туралы тарқатылып айтылған.

Айта кетейік, Жаңатас қаласының орталығында ораналасқан биіктігі 27 метрлік «Ту тұғыры» монументіндегі Тудың ені – 3, ұзындығы – 6 метрді құрайды.

Сарысу ауданы әкімдігінің

Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.