Ы.ДҮКЕНҰЛЫНЫҢ АТЫ ҚАЙТА БЕРІЛДІ

0

Жуырда ҚР Үкіметінің арнайы бекітілген Қаулысымен Саудакент балалар саз мектебіне Сарысудан шыққан танымал күйші Ықылас Дүкенұлының аты ресми түрде қайта берілді. Сонымен қатар биыл ашылғанына 50 жыл толған білім ошағы бүгін қос қуанышқа орай, ардагер ұстаздары мен түлеп ұшқан шәкірттерінің басын қосып, салтанатты шара өткізді.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев , аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев, сала басшылары және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған М.Сұлтанғалиев  саз мектебінің жарты ғасырлық тарихына тоқталып, танымал тұлғаның атын алған білім ошағына шығармашылық табыс тіледі. Сондай- ақ,  шарада Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова мен ардагер ұстаз Жеңіс Тоқталиев, Ы.Дүкенұлының шөбересі Гүлнар Есмаханова    осынау білім ошағының негізін қалаушы Сәбит Нұркеев туралы естеліктерімен бөлісіп,  жылы лебіздерін білдірді. 

Саз мектебі 1971-1986 жылдары аралығында Ықылас Дүкенұлы атындағы жеті жылдық  музыка мектебіне С.Нұркеев басшылық етті. 1986-1996  жылдары Ж.Тоқталиев тағайындалды. 1996 жылы  елімізде әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа байланысты Қазақстан республикасы бойынша түгелдей дерлік музыка, өнер мектептері уақытша тоқтауға мәжбүр болды. Соның қатарында Ы.Дүкенұлы атындағы жеті жылдық музыка мектебі де болды. 1997 жылы  1- қыркүйек айынан бастап  Жаңатас қаласындағы  музыка мектебінің  филиалы болып қайта ашылды.  2002-2003 оқу жылы аудан әкімінің шешімімен  саз метебі болып, өз алдына бөлек шаңырақ көтеріп, қайта ашылды. Директоры болып М.Әубәкіров тағайындалды. 1996 мен 2022 жылдар аралығында Ықылас атамыздың аты 26 жылдан кейін қайта берілді.

Іс-шара барысында жиылған көпшілік мектептің ауласында орналасқан Ықылас Дүкенұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өнер ордасының ғимаратына кіріп тарихтан сыр шертетін көрмемен  танысты. Одан әрмен салтанатты іс-шара Саудакент мәдениет үйінде саз мектебінің үздік шәкірттерінен құралған оркестрдің «Күй-құдірет, күй-кие!» атты мерейтойлық концертіне ұласты.

Сахнада қобыз үні естіліп, проектордан мектеп өмірі туралы видеоролик көрсетілді. 

Концерттік бағдарламада  аудан әкімі М.Сұлтанғалиев,  аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев сөз алып, білім саласының дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін бірқатар мектеп ұстаздарын аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың  Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Одан кейін  аудандық білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетов, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының директоры Б.Ертуғанова,     ауданның білім саласының дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін  бір қатар ұстаздарға ауданның білім бөлімінің және   Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамоталарын тапсырды.

Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы, осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Осы шәкірттерді өнер нәрімен сусындатып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздар сахнаға көтеріліп, ақ тілектерін арнады.   Саз мектебінің директоры  Айгүл Мизенбаева   ардагер ұстаздарға  бағалы сыйлықтар тапсырды.

Салтанатты шарада күмбірлеген күй мен әуезді ән шырқалды. Жиналған көпшілік саз мектебінің ұстаздары мен оқушылардың өнерлеріне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.

С.Есқараев, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.