ЗАҢ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ
Өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Д.Райымқұлов келіп, аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.
Жиынға қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық прокуратура және полиция өкілдері, мектеп директорлары, қала, аудан тұрғындары қатысты.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары О.Көкей жүргізіп отырды.
Жиында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықты қадағалау жөніндегі аға прокуроры Қуанышбек Жарықбасов «Полиция бөлімдерімен қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша азаматтардың өтініштерін номенклатуралық іске негізсіз жолдау және жол-көлік оқиғалары туралы» тақырыпта хабарлама жасап, жан-жақты тоқталып өтті.
Одан кейін басқарманың азаматтық және әкімшілік салаларды құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев жергілікті атқарушы органдармен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің уақытылы және сапалы қаралуы және жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын түсіндіріп өтті.
Жиында аудан тұрғындары интернет алаяқтарына алданып қалғанын соларға тосқауыл қойса деген мәселелерін айтса, пәтер кезегі, жылу жүйесінде келеңсіз жайттар орын алып жатқанын жеткізді.
Бұл сұрақтарға басқарма бастығы Д.Райымқұлов жауап беріп, алдағы уақытта жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Жиын соңында басқарма өкілдері жеке қабылдау өткізді.
С.Есқараев, «Sarysý»