Лагерь ханшайымы
Бүлдіршіндердің қабілеттілігін шыңдап, шығармашылық қасиетін арттыратын түрлі шаралар аудан көлемінде атқарылып келеді.
Соның ішінде «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулардың бала үшін маңыздылығы зор. Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Сарысу ауданының білім бөлімінің «Жаңатас қалалық аула клубы» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде «Лагерь-Ханшайымы» атты қыздар арасындағы байқау өткізілді. Байқаудың мақсаты — қыздарды халқымыздың ізгі қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік және ісмерлік негізінде тәрбиелеу және де әр қыз баланы парасатты, жан-жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге тәрбиелеу. Байқау «Балауса» топ ішінде ұйымдастырылды. Сайысқа сәні мен білімі жарасқан бүлдіршін қыздар қатысты. Байқау шарттары 5 кезеңнен құралды. Ең алдымен «Мен қазақтың қызымын» таныстыру кезеңінде қатысушылар мәнерлеп өздерін жан-жақты таныстырып шықса, екінші кезең бойынша «Қыз еркем – кестесімен көркем» әр бүлдіршін өзінің қолынан келетін бір ісмерлік өнерін көрсетіп таныстырып берді. Үшінші кезеңде «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» қыз бала тәрбиесіне байланысты даналық сөздердің мағынасын ашу сайысында білімдерін шыңдаса, төртінші кезең «Өнер» Түктібай Мерей «Анашым-ана жаным» әнін, Абай Нұрсезім «Қуыршағым» әнін шырқаса, Убайдулла Сайда үнді биін билеп, Сабина «Let’s Get Loud» атты әсем биімен көзге түсті. Соңғы кезең бойынша арулар «Сұлулық сыры» музыка ырғағымен өз қолдарынан шыққан сәндік үлгісін көрсету өнерін ұсынды. Тартысқа толы сайыс қорытындысы бойынша Түктібай Мерей «Өнерпаз ару», Абай Нұрсезім «Сүйкімді ару», Убайдулла Сайда «Көрікті бұрымды ару», ал Сабина «Мың бұралған биші» номинацияларымен және де естелік сыйлықтармен марапатталды.
А.ӨМІРТАЕВА,
педагог-ұйымдастырушы