Қауіпсіздік – басты назарда!
Жазғы демалыс кезінде балалардың суда демалуы көбейеді. Өскелең ұрпақты жазатайым оқиғалардан қалай қорғауға болады, суға түсуге болмайтын жерлерде суға батып кетпеу үшін не істеу керек, бұл сұрақтар білім беру және ТЖ органдарын, құтқарушыларды, балалардың ата-аналарын, жергілікті органдарды алаңдатады.
Жаз мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Арнайы белгіленбеген, түбі зерттелмеген және құтқару қызметі қарастырылмаған аумақтарда шомылу адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Шомылу маусымында су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың көпшілігі тыйым салынған және жабдықталмаған су көздерінде болады. Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Осыған орай өткен аптада аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және аудандық полиция бөлімі бірлесіп, Жаңатас қаласының су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында тұрғындарға:
— су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау; рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау; балаларды қараусыз қалдырмау;
— мас күйде суға түспеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.
— Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:
— балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз;
— тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз;
— мас күйде суға түспеңіз;
— шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеңіз;
— шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамаңыз;
— тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;
— жүзуге арналмаған заттармен суда жүзбеңіз.
— қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз.
Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпті аумақтарда шомылмауға шақырамыз.
Қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігі!
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»