Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті
Ағымдағы жылы 3 шілде күні сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының кезекті 60-шы сессиясы өтті.
Сессия жұмысына Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық мәслихат депутаттары, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов, Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлімдері және тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.
Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабековтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында: 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы; Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыстар туралы; Тоғызкент, Қамқалы және Досбол ауылдық округі әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы есептері және «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» Сарысу аудандық мәслихатының 2026 жылғы 13 сәуірдегі №57-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттардың тарапынан баяндамашыларға сауалдары қойылды. Атап айтқанда, қаралған екінші мәселеге сәйкес Жаңатас қаласындағы қоғамдық көліктің уақтылы жүруін және кестеге сай қызмет көрсетуін қадағалау, Жаңатас қаласы МЭЗ елді мекенінде өрт гидранттарын орнату бойынша атқарылып жатқан шаралардың құзырлы мекемелермен бірлесе тиісті талаптарға сай жүргізілуін бақылауға алу, бірқатар шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы құдықтарды тазалау, сондай-ақ Ақтоғай ауылындағы ауыз су жүйесінің құбыр желілерін жөндеу, аталған ауылдағы өзеннің бойындағы көшелерге көпір салу мүмкіндігін қарастыру, ауданда табиғи газбен қамтылмаған елді мекендерді газдандыру мерзімі жөнінде мәселелер көтерілді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша депутаттар Тоғызкент ауылдық округінде ауыз су жүйесін жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстардың сапасын қадағалау, Жайлаукөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қажетті дәрігермен қамтамасыз ету, сонымен қатар Үлкен Көкдала елді мекенінің аумағында көгалдандыру және абаттандыру бағытында құрылған «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабын жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау шараларының тиісті талаптарына сай жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бірлескен тұрақты комиссиялар және сессия отырысында тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Аудандық мәслихат аппараты