Берекелі еңбек – ауыл дамуының кепілі
Игілік ауылдық округінің табиғаты көркем, халқы еңбекқор әрі ауызбіршілігі жарасқан. Ауылымыздың дамуына және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлес қосып отырған ұйымдардың бірі – «Игілік» өндірістік кооперативі.
«Игілік» өндірістік кооперативі 1995 жылдың наурыз айында Коммунар кеңшарынан бөлініп шығып құрылған. Қазіргі таңда Игілік өндірістік кооперативінің төрағасы Аманов Аслан Қайратұлы. Кооперативтің негізгі мақсаты – егін және мал шаруашылығын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазіргі таңда кооперативте 14 қызметкер еңбек етеді. Олар ауыл шаруашылығы жұмыстарын сапалы атқарып, ауылдың дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Кооператив мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып келеді. «ҚазАгроФинанс» бағдарламасы арқылы 6%-бен тракторлар, одан кейін СПК-дан 2,5%-бен тракторлар алған. Ауыл шаруашылығы жұмыстары заманауи техникамен жүргізілуде. Сонымен қатар кооператив егін шаруашылығы, мал шаруашылығы және есеп бөлімдері бойынша тұрақты жұмыс атқарады.
Қыс мезгіліне мал азығын дайындау жұмыстары да кооперативтің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Кооператив ауыл тұрғындарына жер бөліп берген. Әр отбасыға жүгері мен жоңышқа егетін жер телімдері қарастырылған. Тұрғындар өздеріне берілген жерлерді суарып, күтіп-баптайды. Ал шөпті ору, жинау және тасымалдау жұмыстары кооперативтің қарамағында жүргізіледі. Дайындалған мал азығын сақтау мен реттеу де кооператив міндетіне кіреді.
Ауылымызда арнайы шөп жинайтын үлкен мая бар. Қысқы мал азығы сол жерде жиналып, сақталады. Бұл мал қыстату кезеңінде азық тапшылығының болмауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мал азығынан артылған өнімдер сатылып, түскен қаражат кооперативтің ішкі қажеттіліктері мен шаруашылық жұмыстарын дамытуға жұмсалады.
«Игілік» өндірістік кооперативі – ауыл тұрғындарына әрдайым қолдау көрсетіп, халықтың игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан ұйым. Ұжымның ұйымшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында ауылымыз жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Осындай берекелі еңбектің нәтижесінде Игілік ауылының болашағы жарқын деп сенемін.
Арай БАТЫРҚЫЗЫ, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 1 – курс студенті