Дархан дала дарыны
Сарысу жері- өнер қонып, бақ дарыған өлке. Осынау қасиетті топырақтан есімі елге елеулі небір тарпаң тұлғалар түлеп ұшты. Солардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, көрнекті композитор, сазгер, публицист, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың да орны бөлек. Даңқты жерлесіміз күні кеше тоқсанның төріне ат шалдырып, торқалы тойын ел-жұртымен бірге тойлауды бастап кетті. Сан қырлы саңлақ үшін бәрі де жарасымды, қандай құрмет те лайықты.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді дана халқымыз. Илья Жақанов қандай жауапты қызметтер атқарса да, нендей жоғары марапаттарға қол жеткізсе де ол өскен өңірін бір сәтке де естен шығарған емес. Сайын далаға келгенде шабыты шарықтай түсетіні тағы бар. Оның Сарысуға деген шексіз махаббаты осылай ән болып төгілді, жыр болып өрілді. Басқасын айтпағанның өзінде «Жайлаукөл кештері» әнінің өзі тұнып тұрған тағылым емес пе?
–Шәмші Қалдаяқов, Күнсайын Қуатбеков, Теміржан Базарбаев төртеуміз отырғанбыз. Кенет: «Подмосковные вечера» не деген керемет ән!» – дедім. «Бұл әнге адамның қандай жан сезімі, қандай табиғат сыйып кеткен. Біздің қазақтың әуені де, әуезі де жетеді ғой. Шіркін, «Подмосковные вечера» сияқты бір ән жазар ма еді» деп айтқан болатынмын. Толқып отырған шақ қой.
Арада біраз жыл өткенде, 1971 жылы мен атақты күйші Ықылас Дүкенұлы туралы туындыма материал жинап жүріп, Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы Жайлаукөлге бардым. Қыс мезгілі еді. Қыстың қаһары жан түршіктіреді. Ақсақалдардан Ықылас туралы көп материалдарды емін-еркін қағазға түсіріп отырдым. Жайбарақат жатқан ауыл тұрғындарының таңертең – бірі, түсте – екіншісі, кешке – үшіншісі соғымға шақырады. Барасың, кейде шаршайсың. Қолым қариялардың әңгімелерінен босамайды. Қазіргідей диктофон жоқ. Кейде далаға шығамын. Тысқа беттегенде батыс жақта қып-қызыл боп күн батып бара жатады. Әлгі өртеніп батқан күнге қараймын да, ойға шомып үйге кіремін. «Кукурузник» деп аталатын ұшаққа отырып, бір таңда Жамбылға қайтатын болдым. Сол күні Құлыншақ (Ықыластың немере туыстары) деген кісінің үйінде Ермекбай есімді Ықыластың тікелей немересі, ауылдың бір топ кісілерімен ет жеп отырып, толқып кеттім. Сондағы мені толқытқан сөз: «Илаға, амандық болса ертең сіз қайтасыз. Жамбыл, Жамбылдан соң Алматыға ат басын бұрасыз. Сіз қалалық болдыңыз, біз осы жерде жүріп-тұрып жатырмыз. Сәуір-мамыр айларында келе қалсаңыз, айнала гүл болып тербеліп кетеді де, Жайлаукөлге құстардың бәрі бет түзейді. Осы дала бізге жұмақтың төріндей толқып жатады. Құстардың үні, тағы өзге көріністер жүректі тербейді» деп әңгіме айтты.
Осы әңгімені тыңдап отырғанда:
«Алаулап күн батса қырды асып,
Кетуші ек, қалқатай, сырласып.
Ұмытсам сол күнді-оу, сол күнді, кеш мені.
Есте ғой, Дариға, Жайлаукөл кештері» деген ән туды.
Сол үйдің Рабхат деген ұлының барқыт үні, баритон дауысы бар екен. Мектепте мұғалім көрінеді. Баянмен балбыратып, толқытып, кең тыныспен орындады. Сол сәтте-ақ үйреніп алды. Ертесіне ұшаққа отырар кезде жайлаукөлдіктер өзім сөзін жазған сол әннің бір шумағымен мені шығарып салды. Міне, «Жайлаукөл кештерінің» туған сәті осы.
Арада жылдар өткеннен кейін біз әлгі композиторлар бас қосып отырғанда «Ой, шіркін-ай, «Подмосковные вечера» секілді керемет ән жазу деген бұл ғажап қой» деп отырғанымызда, Теміржан Базарбаев маған: «Илья, сен сол әнді жаздың ғой!» – деді. Бұл сөзге мен таңырқай қарадым. Сол сәтте Күнсайын Қуатбеков әңгімені жалғап: «Сен жаздың ол әнді. Ол – «Жайлаукөл кештері», деді. Бұл кезде үндемей отырған Шәмші: «Это верно», деп үн қатты.
Сөйтіп «Подмосковные вечера» маған «Жайлаукөл кештері» сияқты әнді жазуға ықпал еткен сияқты. Мен оны өзім сездім бе, сезбедім бе, білмеймін. Бірақ сол әнге деген менің бүкіл ынта-ықыласым, ол әнге берілуім, түсінуім, жүректің солай соғуы, осылай болса деген ниеттің барлығы «Жайлаукөл кештері» арқылы шыққан сыңайлы, – дейді автор сағынышқа айналған жылдар туралы еске алып.
Қарап отырсақ, Илья Жақановтың өнер жолында өрге шабуына туған топырақтың, ата-ана тәрбиесінің, үлкендер тағылымының ерекше әсер еткені байқалады. Бұл туралы жазушы Толымбек Әлімбек те «Өмірдің кейбір сәттері-ай» атты жазбасында тамаша суреттепті.
«Илья Жақановтың туып өскен жері – Жамбыл облысы Сарысу ауданының бүгінгі Ақтоғай ауылы. Бұрын «Ілгерібас» колхозы аталатын. Қасында жапсарлас жатқан – «Жаңакүш», «Серго» колхоздары бар. Композитордың әкесі Жақан ән десе ішкен асын жерге қоятын, көкірегі ояу, көзі ашық жан. Өзі мектепте мұғалім еді. Ойлары озық, сөз білетін, көшелі әңгімелер айтатын, өзінен бірер жас үлкендігі бар Қораластың Әбдірахманы, Әйнектің Алдабергенімен жиі араласатын. Алдаберген әнші, кәдімгі тума актер. Керемет дастандарды сырнаймен орындайтын. Илья Жақанов атақты Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың, Мәди мен Естайдың әндерін Әбдірахманнан естіген. Ол әндер – Біржанның «Жанботасы», Естайдың «Қорланы», Мәдидің «Қаракесегі». Бұл – Әбдірахман айтатын әндер. Ал Алдаберген – сері. Бұл кісі ән де шырқайды, жыр да толғайды. Кәдімгі Қалибек Қуанышбаевқа еліктеп, Алдар көсенің, Қожанасырдың рөлдерін орындап, елді қыран-топан күлкіге қарқ қылатын.
…1942 жыл. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан шақ. Онда Илья Жақанов 7 жаста. Әкесі Жақан майданда. Жапсарлас жатқан «Ілгерібас», «Серго», «Жаңакүш» ауылдары «Жон» дейтін жайлауға шығады. Масатыдай құлпырған жайлауда ақ шаңқан ақ боз үйлер тігіліп, ел адамдары жаз бойы шөп шабады, малын жаяды, піскен кезде егіндерін орады. Жон жайлауы. Күрең күз. Жұлдыздар самсаған түндер салқын. Арқадан келген қариялар: «Жон бізге Арқаны жоқтатпайтын жайлы мекен болды» деп тамсанып айтып отырады. Алты қанат қазақ үйдің ішінде, алқақотан отырған адамдар ортасында бірде Әбдірахман ән салады. Ілекеңмен жасты балалар ай жарығымен ақ сүйек ойнап, далада жүреді. Илья болса ән мен жырға құштар, ынтық. Қариялардың қасында отырып, әуесқой әншілердің тамылжыта салған әндерін тыңдап жатып, үлкен кісілердің алдында, болмаса тізесін құшақтап ұйықтап кетеді. Түсінде де әуезді әсем әнге елітеді… Сол балалық шақтағы бір әннің шумақтары мынадай: Ту тіккен Тобықтының қос басшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі. Жамағайын жақыны сол кісінің, Бар екен Кебек деген бір інісі… – деген жолдары жадында жатталып қалыпты» деп ой толғайды жазушы.
Міне, бұл жолдар адамның бойына тектен тек дарымайтынын аңғартып тұрғандай.
Илья Жақановтың композиторлық өнерінен басқа жазушылығы мен өнер зерттеушісі ретіндегі қызметінің маңызы да орасан зор екені көпке мәлім. Әсіресе, өнер зерттеушісі ретіндегі рөлі ұшан теңіз. Оның дәлелі бүкіл қазақ елінің халық композиторлары мен халық әншілері туралы деректерді өз сөзімен айтқанда «жарық күнде қолына шам ұстап» іздеп тауып қалың жұртшылық игілігіне айналдырғаны. Өнер зерттеушісінің әр түрлі баспалардан жарық көрген «Зәуреш», «Аққу әні», «Селбай әулеті» атты кітаптарымен таныса отырып, бір кезде К.Симоновтың А.Бектың «Волокалам тас жолы» атты шығармасы туралы айтқанындай, осынау ұлы тұлға үшін мақтаныш сезіміне бөленбеу мүмкін емес. Не деген сұңғылалық, не деген тынымсыз еңбек пен мехнатты тіршілік десеңізші!
Бесаспап ғалымның, зерттеушінің, жазушының қаламынан «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс!» (1968), «Екі жирен» (1971), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988), «Аққу әні» (2006), «Зәуреш» (2012) атты шығармалары әдебиет пен өнерді құрметтейтін қалың көпшіліктің сүйікті кітаптарына айналды.
Доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ш. Нағымов атап өткендей, «Илья Жақановтың шығармашылық әлемі аса кең: Ол — тамаша қаламгер жазушы, шебер драматург, ел ішін ерінбей — жалықпай шарлап халық әндері мен әншілер туралы дерек іздеуші фольклоршы, саяхатшы — ғалым, қазақ радио пьесасы атты өнер саласының негізін салушы, халық композиторлары мен халық әншілері туралы телехабарлар жүргізудің майталман шебері».
Міне, осындай телегей теңіз талант иесінің ортамызда жүргені біз үшін үлкен бақыт. Олай болса, көзінің тірісінде алты Алаштың абызына, қазақ руханиятының аңызына айналып үлгерген дара тұрғаның дүбірлі тойы құтты болсын!
Камели Сүлейменова, «Sarysý»