ӘН АТАСЫ немесе Ілкеннің әні
«Қазақтарды ән мен әуенге әуес халықтар санатына қосуға болады. Олар мұны өздері де мойындап, «Біз ән салуды сонау ықылым замандарда аспаннан жерге түскен ән Құдыретінің өзінен үйрендік деп аңыз қылады. Ол аңыз бойынша әлгі Құдырет биіктеу ұшқан жердегілердің үндері ән салуға онша келіңкіремейді екен де, ал төмендеу ұшып өткен жердегілер ән айтудың нағыз шеберлері болады екен»-деп жазады Григорий Николаевич Потанин өзінің қазақтар туралы еңбегінде.
Сол ән Құдыреті Сарыарқа мен Сарысу өзенінің үстіне келгенде өте төмен ұшып өткен бе, әйтеуір, қазақтың үнін ғаламға танытқан ғажайып әншілері, жүдә, көп-ақ қой.
«Олар кімдер еді?» деп ым қақсаңыз болды, көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген қазақ жезтаңдай жампоздарының аты-жөндерін қазір-ақ таласа-тармаса санап берейін деп отыр.
Сал-серілерімен, батыр-балуандарымен аты шыққан сол Сарыарқаның бір пұшпағын ән мен сәнге бөлеп жатқан Сарысу өзені бойының жұрты алағай да бұлағай қайбір жылдары оңтүстікке қарай ауа көшті.
Кеп тоқтаған жері ұшқан құс пен жүгірген аңға бай Қаратаудың алқаракөк алабы болды. Арып-ашып келген ағайынның азын-аулақ тұяғына Қаратаудың шұрайлы шатқалы мен шұраты, құйқалы қыры, өрнектелген суреттей өзен, көлдері, мөлдір бұлақтары өзек жалғар нәр болды.
Үлкен Ақтау сілемінің солтүстік беткейінен бастау алып, Шабақты өзеніне құятын Бүркітті өзенін берекенің өзі десе де болатын. Бүгінде ол Жаңтас қаласының шығыс жағымен ағып жатыр.
Ал Қаратаудың солтүстік беткейіндегі бұлақтардан басталатын Шабақты өзенінің арнасы бұрынғы Байқадам, бүгінгі Саудакент ауылының тұсына жеткенде жайылып, кеңейе түседі. Кейін осы қойны құтқа толы аймақ толайымен Сарысу деп аталды.
Жаңарқадан босқан жұрттың туған жерге деген сарғайған сағынышын бірауық басатын бұл аттың берілуіне халқы үшін білімі мен білігін аямай беріп кеткен Қазақстан КП (б) Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Жаңарқаның тумасы Жанайдар Сәдуақасов пен Қазақ КСР Ағарту ісінің халық комиссары Ораз Жандосов еді.
Мұны бірді айтып, бірге кеткендік емес, аққу-қаздардың сыңси ұшқан тобындай боп, үркіншілік жылдары үдере көшіп келген жұрттың қанында қап кеткен Сарыарқаның сәні мен әнінің тарихына тереңірек үңілу деп түсінген абзал шығар, бәлкім.
Орыспын деп оқыраймастан, қазақтың қасиеті әні мен жырында екенін дәл айтып, оны еуропалық өркениет деңгейінде бағалағанына Алла разы болсын, «Бүкіл дала ақындар мен әншілерге қайнап жатыр. Қазақтардың өмірі туа салысымен әнмен басталады» деп тамсана, таңғала жазады тағы да сол Григорий Николаевич Потанин.
Міне, осы Сарысудың сары даласын қобызының сарынымен сыңсытып өткен Ықылас Дүкенұлынан кейін әсем әнімен ақселеудей тербетіп Илья Жақанов келді. Одан кейін Амангелді Сембин шығып, Италияның Милан қаласындағы Ла-Скала опера театрында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Сарысудай өнер дарыған өңір Сембиннен кейін де сусап қалған жоқ, әсем үні сырнайдай боп Сәуле Жанпейісова, Айгүл Мақашева келді сахнаға.
Иә, қайсыбірін айтайық, Потанин жазған аңыздағыдай ән Құдыреті осы өңірдің үстіне келгенде Қаратаудың қожыр-қожыр қара тастарынан тұратын шатқалдарының ұңғыл-шұңғылына дейін аралап, Шабақты мен Бүркітті өзендерінің бетін қанаттарымен сыза ұшқан сияқты, кер жазықты әншілер мен композиторларға қарық қып кетіпті.
Илья деген аттың тарихын білгенше құлағыма тосындау естілетін. Содан ба екен, атақты композитордың есім-сойын жаза қалсам «Ілия» деп «түзетіп» қоятынмын.
Сөйтсем, Ілекеңнің азан шақырып қойған атының өзі о бастан Илья екен. Илья болғанда ол кәдімгі Владимир Ильич Лениннің әкесі Ильяның құрметіне қойылған боп шықты.
Ресейде Сталиннің, Қазақстанда Голощекиннің қанды шеңгелі халық арасынан «халық жауларын» бірінен кейін бірін бүріп, бүк түсіріп жатқан кезде, осы Илья деген ат біраз сарысулық ағайындарды ажалдан арашалап қапты. Ішінде Ілекеңнің әкесі мен туған туыстары да бар. Ілекеңнің анасы босанып, өмірге қошқардай ұл келіп, ат қою керек боп жатқан кезде Мәделі бастаған топ келе қалмай ма? Келе қалады да «Лениннің әкесінің аты кім?» деп сұрайды. «Илья» дейді білетін біреу. «Ендеше мына шекесі торсықтай ұлдың аты Илья болсын» деп азанын шақырып, батасын береді Мәкең.
Ал ол анау-мынау емес, тура Лениннің әкесінің атын қойған азаматтардың «халық жауы» боп, кеңес өкіметіне қастық қылуы мүмкін емес деген түсінік бәрін тіктеп келген саяси қуғын-сүргіннен аман алып қалады. Тек Ильяның әжесі ғана Ильяны «Ілкен, Ілкен-әй» деп шақырып, «Ілкенжан, Ілкенжан-әй» деп еркелетеді.
Атақты композитордың «қайда оқығанын», «қандай қызмет істегенін» солай жазудың «мәстірлеріне» қалдырайық та Ілкеннің (осыдан былай қарай әжесінің тілімен Ілкен деп отырам) әні мен атын қашан және қалай естігенімді баяндайын.
Жетпісінші жылдары жазушылардың әңгіме, повесть, романдарын, композиторлардың әндері мен романстарын әжептеуір біліп қалған жаста ем. Әсіресе, «Жайлаукөл кештері» ел аузынан түспейді. Радио да, теледидар да, ауылға келетін концерттердегі әншілер де сол әнді орындап жатады…
***
Міне, бір әні бір ғасырдың мұрасындай болған сол композитор Илья Жақанов 90 жылдық мерейтойына орай туған жері Жамбыл облысына келді.
Әні мен жыры жүректерді тербеген сазгер-ақын, жазушы-суретші, ұлағатты ұстаз-тәлімгер ағаның әр сөзі әннің тарихы, жанның ем-домы. Таңдайы мен тілінен тамған сөз-тамшысынан ән өнерінің небір тылсым сырларын тұшынып тыңдай бергің келеді. Тоқсанға келген абыздың сөздері Тоқырауын толқындарындай тербетіп, иіріміне шым батырып әкетеді.
Ағаның әлем әдебиеті алыптарының біріне айналған Шыңғыс Айтматовпен достығы да кейінгі ұрпақтарға үлгі. Ұлы суреткердің кітаптарындағы кейіпкерлердің жан тебірентер сырларын әнге қосып, қайта жырлаған («Жәмиланың әні», «Даниярдың әні» («Жәмила» повесі бойынша), «Әселім», «Асылым» («Шырайлым менің, шынарым менің» повесі бойынша), «Бибіжан» («Қош бол, Гүлсары» повесі бойынша) Илья ағаның төскейде малы, төсекте басы қосылған екі елдің арасындағы туысқандық атты жан- нөпірінен ән-көпіріне айналғанының белгісі.
«Еділ мен Жайығы» ше?! Зар-заман жылдарында:
«Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны,
Жайықты келіп алғаны,
Жағаға қолды салғаны,
Ойылды келіп алғаны,
Ойындағысы болғаны»-
деп күңірене термелеткен Мұрат Мөңкеұлының зарын егіз өрімдей еркелей аққан екі өзенге деген асқан сүйіспеншілікпен, перзенттік махаббатпен, іңкәр жүректен шыққан лирикаға мелдектеген пафоста әнге қосты. Ән, әсіресе, белгілі әнші Айгүл Қосанова шырқағанда бар бояуымен шырайланып шыға келеді.
«Кеңгірдің қоңыр кештерінің» дүниеге келу тарихы да жан тебірентеді. Илья ағаның өз аузынан естіп отырып, жігіт пен қыз арасындағы нәзік сезімге, достыққа жасалған қиянатқа күйінесің. Пойызда, жол-жөнекей айтылған жолаушы әңгімесінен Илья аға қандай тамаша туынды жасаған!
Ал «Жайлаукөл кештері» — сазгер-ақынның ел сүйіп тыңдайтын шоқтығы бөлек туындыларының бірі.
-Мен қызарып батқан күнге қарап тұрғанды ұнатам. Бірде Жайлаукөл ауылында сапарда жүргенімде, сол жердің есті азаматының бірі «Әрбір адамның өзі ғана сезініп, өзі ғана сүйе білетін жәннат мекені бар. Жайлаукөл де шет жайлап, қиыр қоныстанып жатқанымен, біз үшін жұмақ-мекен. Көктемдегі көк майсасы, қызғалдақтары, жұпар иісті жусаны мен кеудеңді сарайдай ашатын саф ауасы біз үшін ыстық, — деп жер-анасы алдындағы перзенттік махаббатын жеткізді.
Әңгімеден соң отырған үйімнен сыртқа шықтым. Қыс мезгілі ғой, дала шыңылтыр аяз. Арқаның желі өңменіңнен өтеді. Ал батыста күн қызылжалқынданып батып барады. Күннің батар шағы ұлы даланың үлкен панносы сықылды. Сүйсініп қарап тұра бергім келеді. Әлгінде естіген әңгімемнің әсері де бар. Сол кезде:
«Алаулап күн батса қырды асып,
Кетуші ек, қалқатай, сырласып.
Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені,
Есте ғой, дариға, Жайлаукөл кештері»
деген өлеңнің алғашқы шумағы ойыма оралды. Кейін Алматыға барғанда басқа шумақтары жазылды. Атақты «Жайлаукөл кештері» әні дүниеге осылай келген, — дейді ән-аға.
Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында 1936 жылы 6 мамырда дүниеге келген көрнекті композитор, өнертанушы, ұстаз, Қазақ және Қырғыз елдерінің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, жазушы, қылқаламмен ақ қағазға табиғат суреттерін де мөлдіретіп түсіре білетін суретші Илья Жақановтың кіндік қаны тамған жеріндегі шығармашылық-ғұмырнамалық турнесі өңірімізде жалғаса береді.
Туған жерге, қош келдіңіз, Илья, Ілкен аға!
Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.