КӨГІЛДІР КӨЛМЕ
Көлме — көлдің тағдыры мені әр кез ауыр толғанысқа салады. Көзіме де, жаныма да ыстық көл.
1973 жылы біз жұбайым Тиыш екеуіміз қарашаның төрті күні ауылға келдік. Қолымыздағы Ләйлә бір жарым жаста.
Ызылдаған қара суық. Мезгілдің бір жайсыз кезі. Үйде, құдайға шүкір, әкей, шешей дін аман отыр. Біз келгенге мәз-мәйрам. Ауыл адамдары да жапырласа келіп амандасты.
Ертеңінде түскі аста Көлме-көлдің басында отырған Божан ағамыз келді. Амандық-саулықтан кейін мен ол кісіден Көлме-көлді сұрадым. Ауылдың қарапайым шаруа адамы менің сөзімді бір түрлі көріп, жай ғана мырс етіп: «Е, ол көлді біреу бір жаққа алып кетті ғой, дейсің бе?» деді. Мен «астыңызда машинаңыз бар, бізді тап қазір сол Көлме-көлге апарасыз!» дедім зілді үнмен. Иі жұмсақ Божекең «мақұл» деді.
Біз әб-сәтте көл жағасына жеттік. Үш шақырымдай ғана жер. Дала азынаған қалпы. Суық жел өңменіңнен өтеді. Көлдің арнасы тұп-тұнық, тып-тыныш. Қара жартастармен тұтасқан биік жағалауынан әжептәуір төмен түсіп, құлдилап кетіпті. Көл арнасы жел тимейтін бір кең ойылған қазан шұңқыр. Төңірек гулеген жел, ал, көл беті мүлгіп қана жатыр. Біз жарқабақтың үстінде тұрмыз. Божекең: «ал, көлдің түрі осы. Көз алдымызда құрып, суалып, сарқылып барады, мүлде. Көлге құятын баяғы сансыз бұлақтың суы Жаңатасқа тартылған трубамен қалаға жұтылып жатыр. Мен анау тау етегінде көрініп тұрған су станциясының қарауылымын. Көлдің мына түрін көріп, жүрегім ауырады. Елдің құты, жердің нәрі, мына төңіректің сусыны еді, Көлме-көл» деп күйзеле бас шайқады.
Баяғы айдыны, баяғы шалқуы жоқ. Не боп барады, мына дүние? Кешегі бір күндерде сұлудың көзіндей мөлтілдеп, өзіне сұқтана қарататын қайран көл… аққу-қазы қалқып, толқыны тулап, жағасында әндер шалқып жатушы еді. Бағы заманда әйгілі «Елім-ай!» әнімен қатар айтылатын «Көлме-көл» әні:
Аулым көшіп барады Көлме-көлге,
Алыс дейді Көлме-көл көрмегенге.
Алыс болса, Көлме-көл жаяуға алыс,
Ақ жарылқап күн туар өлмегенге, -деп келуші еді. Менің көзіме осы сәтте ып-ыстық жас толып тұрды, Балалық бал дәуренім, көк бұйра толқынымен жағаласа өскен албырт шағым сағымдай бұлдырап өте шыққан ба, тәңір-ау, жылдар керуені күзде қайтқан құстарға ұсап тым алыстап кетіпті. Іштей үздігіп:
Толқышы, Көлме,
Толқиын мен де,
Дариға-ай, жастық кезімдей!- деген сөзді қинала қайталадым.
Көл төмендеп барады. Тартылып барады… кер кеткен замана енді өмірі орта түсіп көрмеген Көлме-көлді де жұта бастапты.
Сол күні түстен кейін ұйыған жүрегімді қолыма ұстап отырып, Көлме-көлде өткен қайта оралмайтын алтын күндерімді:
Алыстан ән сап,
Жағаңды аңсап,
Келгенде жатсың дір етпей.
Көгілдір Көлме,
Толқышы желге,
Мазасыз соққан жүректей.
Толқының тынып,
Жатырсың тұнық,
Сұлудың мөлдір көзіндей.
Сыры мол түндер,
Жыры мол күндер,
Өткен бе, бәрі сезілмей.
Айдының шалқып,
Аққудай қалқып,
Сайранды салған сол дәурен.
Асатын едім,
Тасатын едім,
Күн болып күлсе жан сәулем.
Осының бәрі,
Жадымда әлі,
Телегей теңіз сезімдей.
Толқышы Көлме,
Толқиын мен де,
Дариға-ай, жастық кезімдей!
— деп қағаз бетіне түсіріп, «ә, дүние!» дегізген аңсаулы көңілдің әнін жаздым. Әнді сырнаймен әндеткенімде жүздерін төмен салып, мұңая тыңдаған шешелеріміз-Балкен, Жақсылық, Кенжеш орамалдарының ұшымен жылып аққан ыстық жасты сүртіп отырды.
Ертеңінде Тиыш Алматыға қайтты. Одан екі-үш күн өткеннен кейін аудан орталығы Байқадамға келдім. Ағайындармен сәлемдестім. Ел азаматтары қасыма топтаса қалды. Әр үйде емен-жарқын келісті отырыс басталды. Сондай бір әндеткен жиын бұрынғы Сталин атындағы колхозда тұратын Жақсылық есімді жібектей есілген, елге силы ақылды кісінің үйінде болды. Жақаңның ұлы Рысдәулет Сарысу ауданының спорт жағын басқаратын-ды. Бір үйдің жалғызы болса да бірегей азамат боп өсіп, білімі мен кісілігі зипа бойына бек жарасып, қатар құрбысының алды боп жүрген иманжүзді жігіт. Оның жары Айткүл біздің Тиыштың туған сіңлісі. Жақсылық ақсақал осы ауылдағы Жағалбайлының елтүзер зиялы қариясы. Көпті көрген, көкірегі ояу, ескі әңгімеге шежіре көпшіл кісі, Рысдәулеті де кең қолтық өрелі азамат ретінде тек жақсы аты шығып, ел ішінде жайраң қағып жүрді. Осы үйдегі әңгіме-дүкен өте бір жайлы әуенмен басталып, жігіттер ән айтып, домбыра тартып, елдің арғы-бергі тарихынан да сөз қозғап, бәтуәлі мәмілемен дуылдап отырды. Рысдәулет пен Айткүл телефонмен Байқадам жақтан тағы бір жолдастарын шақырып, өздерінше бәйек боп, шашылды да қалды.
«Көлме-Көл» әні осы үйде тұңғыш рет көшелі жиында айтылды. Ән аз күннің ішінде елге тарады да кетті. Кейін «Көлме-Көлді» радиода тұңғыш рет СССР халық артисі Ришат Абдуллин орындады. Абай әндерін орындауда теңдесі жоқ терең толғанысты Абдуллиннің үні өзі сияқты «бархытный» баритонға қоса, «баритональный» тенорлардың, тіпті, колоратуралық сопраналарды осы әнге керемет қызықтырды. Келе-келе «Көлме-Көл» Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Жұмат Махамбетов, Ескендір Хасанғалиев, тағы басқа да сергек сезімді, ойлы жүректі әншілердің репертуарына енді.
Илья Жақанов, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі