ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ӘУЕЗДІ ӘНІМЕН ӘЛДИЛЕГЕН

0

Қазақ халқының алтын діңгегі – ауыл десек, шоқтығы биік тау тұлғалардың дені ауылдан түлеп ұшқан. Біртуар азаматтар, есімдері етене таныс көптеген ірі тұлғалар қарапайым елдімекендерден шығып жатады.

Біздің Сарысу ауданы өнер қонған, қасиетті мекен. Осы өңірден шығып, талай жерде өзін мойындатып жүрген туған жердің перзенттері аз емес.
Солардың бірі әрі бірегейі, жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері, Халықаралық Жамбыл Жабаев, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, музыка зерттеуші, суретші, композитор Илья Жақанов ағамыз.
Даңқты сазгер жақында торқалы 90 жасқа толды.
Илья Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963-1984 жылдары аралығында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің теледидар мен радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, аға редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып қызмет атқарған. Қазіргі кезде еркін шығармашылықпен айналысуда.
Бала кезінен сурет салуға жаны құмар Илья Жақанов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, 79 жасында суретші мамандығына да ие болды.
Өткенге көз жүгіртсек, Ильяның әкесі Жақанның туған ағасы Қордаш Түсіпов Сарысу ауданының алғашқы оқу — ағарту бөлімінің бастығы болған екен. Ауданда ең алдымен «Қызыл отаулар» ұйымдастыру ісін қолға алған. Өткен ғасырдың 30-шы жылғы қиыншылығында ауданның көптеген ұл-қыздарын Әулиеатадағы интернаттарға орналастырып, оқуларын жалғастыруға мүмкіндік жасаған. Осы балалардың ішінде болған Әбілда Ыбыраев, Қисан Ысқақов, Ахмедия Әлжанов, Жәкен Өтешов, Төленді Баймұратов, Әдісбек Жұманбаев, өзінің екі інісі Жақан мен Жақып кейін мұғалім, елге елеулі азаматтар болып шығады. Қордаш Түсіпұлы 1931 жылы тұрмыстары нашар және жетім балаларға арнап аудан орталығынан 20-30 балаға арналған интернат та аштырыпты.
Қордаштың туған інісі, Ильяның әкесі Түсіпов Жақан 1933 жылы Әулиеатадағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, 1935 жылы алғаш ашылған «Жаңакүш» мектебінің (қазіргі Ақтоғай мектебі) меңгерушісі болған. Сүйікті ағасы Қордаштың ісін өзінің өмірлік мұраты еткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер.
1970-1980 жылдары Илья Жақановтың есімі Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев секілді жампоздармен қатар аталды.
Илья Жақановтың әндері ұлтымыздың байлығы, рухани қазынасы. Ескірмейтін, көнермейтін әндер. Ағамыз әсем әндерімен халқының жүрегін бау­рады.
Оның шалқар шабытынан туған «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Толағай», «Еділ мен Жайық», «Меңді қыз», «Нені ойладың», «Алматы кешінде», «Асылым», «Көгілдір Көлме» сияқты мазмұны терең, әсемдікті, табиғатты, сұлулықты, махаббатты жырлаған көптеген әндері халықтың сүйіп айтатын әндеріне айналған.
Илья ағамыздың тағы бір қыры – зерттеушілігі. Қазақтың дәстүрлі әншілері мен халық композиторларының, атап айтқанда, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай әнші, Жаяу Мұса, Мәди, Майра, Балуан Шолақ т.б. сал-серілер ғұмырнамалары мен қаншама әндерін қазақ тындарманына қайта оралтты.
Жазушылығы бір бөлек ағаның «Әнші бұлбұл», «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» кітаптары, қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлы туралы «Кертологоо» деген атпен алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» деген атпен шыққан романы, «Қарабура» тарихи-танымдық шығармасы жарық көрді.
Қазақ өнері қайраткерлерінің өмірін зерттеу негізінде «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі жинақтарын, Қазақстан композиторларының шығармашылық портреттерін сомдаған шығармаларын дүниеге әкелді.
«Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдерді түсіріп, редакторлық етті.
…Бала күнімізде Илья ағаның әндерін жаттап өстік. Үйдегі үлкендер кешкісін бізге әндерін айтқызып, тыңдайтын.
Алматыдан ауылға келген кезінде Илья аға біздің үйге соқпай кетпейтін. Шешеміз Алтынсары (ауыл Әнтә апа деп атайтын) жақын әпкесі болып келетін. Әкеміз Тілеміс пен Илья ағаның әкесі Жақан ағайдың арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынас ерекше еді. Кейде туып-өскен ауылымыз Ақтоғайдың «Қызылтас» деп аталатын қатпар тасты қырқасында отырып, кейде есіктің алдында тігілген киіз үйде сапыра құйылған сары қымызды ұртап отырып әңгіме-дүкен құрушы еді Жарықтықтар. Бірінің үйіне бірі жиі барып, хабарласпай қалса іздеп отыратын.
Мен әкемізге ілесіп Жақан атамыздың үйіне барған кезде, ол кісі үйіндегі Балкен апамызға:
— Балкен тұр, көрпе сал, шай қой, «Асекең» келе жатыр, — деп, бала да болсам мені көтере сөйлеп, еркелетіп, мойнына міңгізіп отырушы еді.
2018 жылдың жазында ауданымыздағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде Илья ағамызбен бас қосудың сәті түсті. Айтыскер ақын Құсайынов Талғат бар, отбасымызбен арнайы сәлем бере барған едік. Дастархан басында біраз кісілер болды. Сазгер ағамен сәлемдесуге Қаратау қаласынан журналист Сәулембай Әбсадықұлы ағамыз келіпті.
Ел аузында жүрген қазақтың халық әндерінің шығу тарихы, қазақтың ән өнеріндегі Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сияқты ірі тұлғалары, олардың әндері туралы айтқан Ағамыздың әсерлі әңгімесіне сусындадық.
Өзіміздің Сарысудан шыққан, көп айтыла бермейтін, ұмыт болып бара жатқан өткен ғасырдың бас кезінде өмір сүрген әншілер мен өнер адамдары жайында тамсана отырып тыңдадық.
Ағамызға қосылып біраз әндерді шырқадық. Сүйікті әнінің бірі «Толағайды», Ақан серінің «Балқадишасын» домбырамен орындап бердім.
Жақсы әндердің бір-екеуін Талғат айтты. Біздің айтқан әндерімізді ықыласпен тыңдаған Илья аға «Бар екенсіңдер ғой» деп қуанып, риза болып отырды.
Балам Иманғалиды өзіне шақырып, алдына алып отырып бетінен сүйіп, батасын берді. Бір тақиясын «киіп жүр» деп Иманғалиға сыйға берді. Кезінде мені Жақан атамыздың мойнына мінгізіп еркелететіні есіме түсіп, «Ұрпақтар сабақтастығы осы екен ғой» деген сезімде болдым. Естелік суретке түстік.
Осыдан бес жыл бұрын Илья аға 85 жасқа толып және Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атанып, туған жеріне ат басын бұрып келгенде, сазгердің құрметіне облыс және аудан көлемінде өткен мерейтойлық шаралардың басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, облыс орталығы Тараз қаласында, аудан орталығы Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында жайылған мерейтойлық дастарханды өзім жүргізіп, ардақты Ағаға деген құрметімді көрсеттім. Риза болған Илья аға мен Тыныш тәтеміз батасын беріп, өз ризашылықтарын білдірген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Илья ағаға деген құрметі айрықша. Даңқты сазгер Қазақстанның Еңбек Ері атанған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Менің Жарлығыммен еліміздің ең жоғарғы атағы аса құрметті композитор, жазушы, өнертанушы Илья Жақановқа беріледі. Илья Жақанов қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстанның Еңбек Ері атанды» деп, жерлесімізге лайықты құрметін көрсеткен.
Ал, 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ел Президенті: «Ілекең – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат. Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет» — деп жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, қазақтың даласы мен баласын өзінің әуезді әнімен әлдилеп келе жатқан Илья Жақанұлына үлкен баға берген еді.
Қазақ ән-жырларын түгендеп, жинап әрі зерттеп, және өзінің әсем де әуезді әндерімен халқымызға мол мұра қалдырып келе жатқан дарабоз композитор, қадірлі Илья ағамызды торқалы тоқсан жас мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ өмір, шығармашылық шалқар шабыт тілеймін!
Торқалы тоқсан жасыңыз құтты болсын, ардақты Аға!
Тыныш тәтем екеуіңіз еркелей қатар аққан қос өзен Еділ мен Жайықтай бірге жасай беріңіздер!
Ғұмырлы болыңыз, Алаштың абызы, қазақ әндерінің археологы Илья аға!

А. Тілемісов, ҚР Журналис­тер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.