Жайсаңдардың лебізі…

0

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев:
— Еділ, Жайық екі су. Есемізді қайтарып, ес-тұсымызды жиғызған екі қайнар еді. Ежелден бері аңсаған шөлімізді қандырған екі зәмзәм еді. Көптен бері ерніміз біреуіне жетсе де, біреуіне жете алмай, сыңар емшек емгендей пұшайман боп жүрген жетім құрсақ көңіліміздің мерейін үстеп, рухани ырысымызды түгендегендей ән туғызған сайыпқыран композитор Илья Жақановтың шапағатты шабытына қазақ баласы түгел қарыздар. Ильяны көрсем Зұлқарнайынды көргендей болам!
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері Мұхтар Мағауин:
-Біздің қазақ, бүкіл туыстас түркі халықтары Алтайда туды, Арқада өсті, Еділ-Жайық бойында өркен деді, күш-құдіретке жетті. Ол біздің тарихымыздағы ертегідей ерекше кезең еді. Бірақ, бұдан төрт-бес ғасыр бұрын тарихтың бір қиын кезеңінде біз қапыда, қайғыда Еділден айырылдық. Сондықтан, күні бүгінге дейін қазақ баласының жүрегінде Еділ дегенде арылмас мұң бар. Бірақ, құдайға шүкір, қазір сол жойқын Еділдің бойында бір қауым жұртымыз отыр. Ежелгі тарихи мекенімізде түтін түтетіп, өсіп-өніп жатыр. Біз соңғы екі ғасырда Еділді қайтадан жайлай бастадык. Еділден біржола айырылмаппыз.
Тарихтың тағы бір сәтті кезеңінде ата жұртымыз өзімізге қайтып оралатынына мен нық сенемін. Еділ мен Жайық екі айырылуға тиіс емес. Халқымыздың жүрегінде әманда бірге. Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әні ғасырлар үні, өткендегі арман, болашақтағы үміттің айқын көрінісі. Таза ұлттық сипаттағы ғажайып әуез.
Шыңғыс Айтматов, Қырғыз халқының халық жазушысы:
-«Еділ-Жайық» қазақтың ұлы даласының құдіреті зор рухы!
Хасанейн Мәхаммед Ар-Рабиа, Каир университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:
-Атырау қаласында 2000 жылдың алтын күзі мәңгі есімде калады. Арада ғасырлар керуені өткенде Бейбарыс сұлтан өзінің туған жеріне қайта оралды. Мен осы салтанатқа қатысып, «Ұлы даланың ұлы перзенті» атты халықаралық ғылыми конференцияда Бейбарыс сұлтанның өмірінен баяндама жасағанымды зор бақыт, деп білемін. Осы бір шуақты күндерде Атыраудың Фок сарайында «Еділ-Жайық» әнін дүйім жұрттың алдында автордың өзі орындағанын көріп, Бейбарыс сұлтандай дананың елі мен жерінің айбынды рухына басымды идім. Бір үзіліс кезі шай үстінде Сәтімжан Санбаев есімді жазушының «осы әнді фильм етіп шығарса» деген ниетін біліп, мен ол кісіге: «Егер ондай фильм түсіріле қалса «Еділ-Жайық» әні қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихының ең жарқын символы болар еді» дедім. «Еділ-Жайық» әнінің авторын шын жүректен қолын қысып құттықтадым. Қатар отырып дәмдес болдым. Мұндай сәт ұмытылмайды.
Халық қаһарманы, Совет Одағының халық әртісі Роза Бағланова: -Өмірімде жұлдызы жарқыраған небір әндерді шырқадым. Оны халық жақсы біледі. Ал жасым ұлғайған шақта шығып, мені таңғалдыра қызықтырған «Еділ-Жайық»-әннің төресі! Әттең, оны орындай алатын емеспін. Бір арманым осы…
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов:
-«Еділ-Жайық» әні қазақтың сайын даласының шексіз де шетсіз кеңдігін асқақтата айғақтап, көз алдыңа елестетеді. Биік аспан, көз жетпейтін көк жиек, соны әрлендіріп тұрған екі өзеннің шалқып аққаны, бір жағынан, жүрек түбінде жатқан тылсым сезімнің қылын шертсе, екінші жағынан, ерте заманда осы өлкені иеленіп, мекендеген ата-бабаларымыздың рухын еске салады. Тарихта ерекше орынға ие болған Еділ патша мен Жайық деп аталатын мифтік қаһарманды еске түсіреді. Бұл әнде ғасырлар бойғы жойқын тарихтын лебі, Отанға деген патриоттық сезім пафос бар. Ол хормен орындалғанда ерекше құдіретті.
Архитектор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шота Уәлиханов: -Илья Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақ халқының еңсесін көтерді.
Ақын Мұзафар Әлімбаев:
-«Еділ-Жайық»-Тәуелсіздік пен еркіндіктің асқақ сағынышы. Қасиетті толғау!
Медицина ғылымының докторы, академик Ахмет Алдашев:
-Алғаш рет «Еділ-Жайықты» тыңдағанда көз алдыма қазақтың кең даласы мен орыс даласының келбеті керілді. Әуезі де екі халыққа ортақ. Мені ылғи осы жағы толғандырады. Жүрегімдегі бір тәтті сезім, ол.
Қазақстан Республикасының халық артисі, кинорежиссер Асанәлі Әшімов: «Еділ-Жайық» қазақ халқының гимні!
Театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай:
-«Еділ-Жайық» қазақтың жан дүниесі. Рухы. Оны үні жететін әнші ғана айта алады. Сондықтан, ол көп әннен биік тұр.
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов:
-Уақыт озған сайын әр ұрпаққа мейірім мен ұлылыктың, елдік пен ерліктің шапағатын беретін бір қол жетпес ән «Еділ-Жайық!»
Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, музыка маманы Юрий Петрович Аравин:
— Это песня уже стала народной.
Әбдірахман Омбаев, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
-«Еділ-Жайық» әні Тәуелсіздік гимні!
Құрал Ержанов, Шымкенттегі «Сарыарқа» акционерлік қоғамының президенті:
-«Еділ-Жайық» -халық салтанаты!
Астрахандағы Агроинвестициялық коммерциялық Банктің бұрынғы президенті, Ресейдің еңбек сіңірген экономисі Никита Сеитович Ысқақов:
-Біз Астраханда тұратын қазақтармыз. Еділді емген елміз. Ежелгі ата жұртымыздан қоныс аударған жоқпыз.
Еділ мен Жайық үшін ата-бабамыздың жан көксеуін «Еділ-Жайық» әні шуақты сезіммен жырлаған. Мен бұл әнді Огинскийдің «Полонезі» сияқты қаһармандық шығарма, деп есептеймін.
Қазақстан Теміржолы Бас директорының батыс аймақтағы сол кездегі өкілі Аманкелді Селбаев:
-«Қазақ даласындағы ең ұлы дария Еділ мен Жайық. Ол қазақ халқының мекені, тірегі. Зары мен көз жасы. Елдік рухы мен ерлік салты. Сұлулығы мен сәулеті. Ақылы мен айбары. Ол Ресеймен арамыздағы қасиетті шекара. Осыны жойқын қуатпен асқақтатқан ән «Еділ-Жайықты» еш нәрсеге теңгермеймін!»
Совет Одағының халық артисі, композитор Еркеғали Рахмадиев: -Кейінгі кезде шыққан әндердің ішіндегі ең дүлдүлі Ильяның осы «Еділ-Жайығы!»
Жазушы Әлібек Асқаров:
1989 жылы жаз айында біз бір топ өнер иелері «Өнер» баспасының арнайы командировкасымен Таулы-Алтайдың қазақтар тұратын Қосағаш ауданына келіп, халықпен жүздесіп, кездесулер өткіздік. Сонда жұрттың сұрайтыны «Еділ-Жайық» әні. Біз сол сапарымызда әскери машинаға мініп, тау қойнауын жебелеп, жан баспаған қиын-қиын жолдармен Алтайдың шың басына шықтық. Бағытымыз Қатон-Қарағай ауданы. Мәңгі мұзы сірескен Алтайдың төбесінде тұрып бәріміз «Еділ-Жайық» әнін айттық. Бұл әннің биіктігіне тағы бір көз жеткіздік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.