Еділ мен жайық
Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербетеді кеме, ойнайды қайық.
А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!
Шырқалады әндер, жан жүрек іңкәр,
Сырқылдайды сұлу Еділ мен Жайық.
Әуелейді адам, самғайды сұңқар,
Шығандарға, шыңға қанатын жайып.
А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!
…Өз отбасымда «Еділ-Жайықты» немерем Әлихан жақсы айтады. Кейде ол маған домбыра ұстатады да:
-Тартшы, папа! -дейді.
-Нені? -деп ойлана қалам.
-«Еділ-Жайықты» -дейді, ол.
Мен жайлап тартамын. Сонда ол жүрегінде бір жылы сезім лүпіл қаққандай жымың-жымың етіп, бірдеңе дегісі келіп, іштей төгіліп, мөлдірейді бір. Көзінде шуақты нұр. Бір сұлу дүниеге ынтыға берілгендей ұмсынады дейсіз. Дәл осы сәтте 5 жасар Алуа да жүгіріп кеп: «О-о-о, ағады шалқып Еділ мен Жайық» деп дөңгелене билеп ала жөнеледі. Үй-іші мәз болып, шаттыққа бөленеді. Балапандарымның титтей ғана жүрегінен бастап, еңкейген кәрінің жүрегін тербеп, күллі әллемге жайылған «Еділ-Жайығым…»
***
Өтеді күндер, жылжиды жылдар… алда қанша ғұмыр бар, оны бір Алла біледі. Пендемін, әрине, «Еділ-Жайықтың» қанат қағысына қарап, оның өріс жайып, менен ұзап бара жатқанын көргенімде атақты Қазақ вальсінің авторы Латиф Хамидидің «Жақсы ән композитордың өзінен де ұзақ жасайды» дейтін сөзі еске түсіп, ойландыратыны бар.
«Еділ-Жайық…» аққу үніндей сызылып, келер күннің көз жетпес кеңістігіне бет түзеп барады…
Илья Жақанов,
Алматы-Атырау, 2011 жыл