Туған жер төсіндегі толғаныс

0

Биылғы жылы жерлесіміз, ел ардақтысы, сазгер, жазушы, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақанов ағамыз мерейлі 90 жасқа толып отыр. Бұл–тек бір адамның мерейтойы емес, қазақ мәдениеті мен өнерінің мерейлі белесі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Илья ағамызға Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру сәтінде: «Илья Жақанов –қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына.

Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты» деп Илья ағамыздың ерен еңбегін бағалай келіп жүрекжарды тілегін айтқаны күні кешегідей есімізде. Мемлекет басшысы айтса айтқандай Илья ағайдың қазақтың музыка, өнер, әдебиет, живопись мәдениетіне қосқан еңбегі орасан зор, өлшеусіз. Ол –қазақ руханиятының көрнекті өкілі, сазгер, жазушы, зерттеуші, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, халқымыздың мәдени мұрасын байытқан дара тұлға. Саналы ғұмырын қазақ ән өнерін насихаттауға, төл әдебиет пен рухани құндылықтарды дәріптеуге арнаған өнер иесі. Оның шығармалары бірнеше ұрпақтың жүрегінен орын алып, көңіл көкжиегін шаттыққа бөлеп келеді.
Илья Жақанов шығар­ма­шылығында туған жер тақырыбы ерекше орын алады. Оның көптеген әндерінде қазақ даласына, ауылға, туған елге, жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілік, махаббат терең сезіледі. Композитордың әндері көбіне лирикалық әуенімен, табиғатты суреттеуімен және жүрекке жақын қарапайымдылығымен халыққа кең тараған. Туған жер тақырыбындағы кең танылған «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Көгілдір көлме», «Толағай» , «Есіл бойы», «Талдыбұлақ», тағы басқа әндері әнсүйер қауымның жүрегінде.
Туған жер туралы әндердің ішінде ауданымыздың табиғатына, елді мекендеріне, өзен, көлдеріне арнаған «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме» және «Талдыбұлақ» әндерінің маңызы жерлестері үшін ерекше. Осы мақалада Илья ағамыздың аталған әндері жайлы, сол әндерге «кейіпкер» болған елді мекен, өзен, көл туралы айтсам деп едім.
«Алаулап күн батса қырды асып,
Кетуші ек, қалқатай, сырласып.
Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені,
Есте ғой, дариға, Жайлаукөл кештері»- деп басталатын «Жайлаукөл кештері» — қазақ музыкасының алтын қорына енген әндердің бірі. Бұл шығармада туған өлкенің табиғаты, көл жағасындағы кештің көркем көрінісі мен сағыныш сезімі бейнеленеді. Ән халық арасында өте танымал. Орайы келіп тұрғанда өзімнің де бұл әнді үнемі айтып жүретінімді айта кетейін.
Ал, осындай тамаша, ғажайып кеш көрініс тапқан ауыл өткен ғасырдың елуінші жылдары ұйымдастырылған Жайлаукөл кеңшарының орталығы еді. Алғашқы ұйымдастырылған кезде ауданымыздың бірер елді мекендерінен жұмысшылар, мамандар, мұғалімдер қоныс аударып барады. Қазіргі Ұ.Сыздықбаев ауылынан, Ақтоғай ауылынан да біраз ағайындардың көшіп барғанын білемін. Кейін мал шаруашылығы өркендеп, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып Жайлаукөл кеңшары ауданымыздағы белді шаруашылықтардың біріне айналды. Осы әннің құдіретімен талай студент жастар ауылды көруді, ауылға келуді аңсап, студент жастардың құрылыс отрядтарының құрамына енуге сұранған да кездер болды. Студент жастардың құрылыс отряды мектеп, балабақша ғимараттары мен түрғын үйлер салуға көмектесті.
Илья ағамыздың тағы бір әсем де сыршыл әнінің тууына себепкер болған табиғаттың көркем көріністі бір жаратылысы, Ақтоғай ауылының шығыс жағында, 4-5 шақырым жерде қарт Қаратаудың етегіне таман орналасқан, осы таудың етегінен ағып шығатын бұлақтың суымен толып-тасып, кезінде балығы тулап, қамысы шулап, құстары ағыл-тегіл болып жататын Көлмекөл еді. Илья ағамыз да осы көлдің жағасында талай серуендеп жүрді, суына шомылды, керемет ғажайып көрінісіне тамсанды. Ағамыз дүниеге келген 1936 жылдың 6 мамыры күні табиғат ерекше мінез көрсетіп, құдайдың құдіретімен бір күнде жылдың жаз, күз, көктем, қыс айларында болатын құбылыстар болған екен. Таңертең жайма шуақ жаз, одан соң күздің желі, жауыны, соңында қар ұшқындап, борасын болған көрінеді. Сол кезде ауылдың көнекөз қариялары мұны жаңа туылған нәрестеге қатысты жақсы ырымға балаған екен. Ауыл тұрғындары сол көлдің жағасын жаз жайлау етіп, жағалай киіз үйлерін тігіп, қой қораларын жасап, бір-бірін шақырысып, балалар тай-тулаққа мініп, лақ-қозы жайып, мәз-мейрам отыратын еді. Бала кезімізде ауылдың қойын кезекпен бағып жүргенімізде талай барып, суына шомылып, малымызды жағасына дамылдатып, жусатып алатынбыз. Әр сенбі, жексенбі күндері Жаңатас қаласының тұрғындары, кеншілері осы көлге барып шомылып, балық аулап, катамаранмен жүзіп демалып қайтатын. Көлдің жан-жағында кішігірім күнқағарлар, шағын ларектер тұрғызылатын. Біз де ауылдан арнайы барып, қызықтап қайтушы едік.
«Көгілдір көлме» әні — табиғат сұлулығы мен туған жердің көркемдігін жырлайтын сыршыл әндердің бірі. Атыраудан ауылға ат басын бұрып келіп қалған кезде, міндетті түрде осы Көлмекөлге барып, оның қасындағы қырға шығып, сонау жастық шағын еске алып, терең ойға шомып: «Ойпырм-ай, Көлме бұрынғы кемеріне келіп толатын күн туар ма екен?» деп өзіне –өзі сұрақ қоятын. Ағаймен бірге мен де баянымды ала шығып, ілесе барып көлдің жағасында тұрып «Көгілдір көлме» әнін шырқағанымыз есімде. Осы көлдің шығыс жағындағы төбенің етегінде Илья ағай оқыған мектептің орыны бар. Ол орынды да бізге «мына жерде алғашқы мектептің орыны болған» деп айтып қоятын. Әннің тууына себеп болған жайт, Көлменің өткен жүзжылдықтың сексенінші жылдарына қарай мүлдем тартылып кетуі еді. Әдеттегідей Ақтоғайға сапарлап бір келгенінде көлге барады. Көлдің суы тартылған, ұлтаны ақ сорға айналған, баяғы шуылдаған қамыс, тулаған балық, жағалай ұшқан үйрек, қаздың бірі көрінбейді. Осы жайды көрген Илья ағаның жүрегінен: «Алыстан ән сап,
Жағаңды аңсап,
Келгенде жатсың дір етпей.
Көгілдір көлме,
Толқыны желге,
Мазасыз соққан жүректей», –деп өткен күнге сағыныш, көлдің мына күйіне күйініш, сол күндер қайтып келер ме деген аңсаудан сөзі мен әні қатар келіп, тұтас әсем ән туады. Бұл әнді қазір сарысулық, ақтоғайлық өнерпаз Нартай жетекші болып жүрген «Астана» тобы нақышына келтіре шырқап жүр.
Құдайға шүкір, жақсы күндер лебіндей соңғы бірер жылда көлдің табанына су жиналып, қамысы өсіп, құстар легі келе бастады. Өткен жылы ағайымыз ауылға келген кезде көлге жиналған суды көріп, көлден әріде орналасқан Көкбұлақтан көлге су әкелуге болмас па екен деген пікірін де естіп едік. Болашақта қалай болады, ол уақыттың еншісінде болмақ.
Илья ағаның «туған жерден артық еш жер жоқ» –деп айтқаны есімізде. Бұл сөзді ауылға келген әр сапарында айтумен келеді. «Ауылды қалай көркейту керек, ол үшін жасыл желек, оның ішінде ақ қайың талдарын отырғызса керемет болар еді», –дегенін де естідім.
Жақын өткен 3-4 жылдың көлемінде шығарған туған жер туралы әні – «Талдыбұлақ» әні.
«Ақ күмістей жарқырап Талдыбұлақ-ай!
Сылаң қағып ағады таудан құлап –ай.
Көк толқынның лебімен ырғалады-ай,
Жағасында жайқалып жасыл құрақ ай!»,-деп басталатын шығармада туған жердің табиғаты, мөлдір сезім, сағыныш әсерлі суреттеледі. Бұрынғы көптеген әндеріне тән нәзік лирика мен әуездік, ұлттық нақыш осы әнде де байқалады. Бұл әнге «кейіпкер» болып отырған «Талдыбұлақ» өзеннің аты. Сарысу ауданының табиғаты әсем ауылдарының бірі Ақтоғай ауылын екі өзен қоршап ағып жатыр. Шығысында Талдыбұлақ, ал, күнбатысында Ақтоғай өзені. Талдыбұлақ – бастауын өзіміз Көмей деп атайтын Қаратаудың шатқалынан алады. Шатқалға кіреберісінен бастағанда екі шақырымдай болатын жерде, таудың жартасты қия бетінен, етектен 15-20 метрдей биік жерден тастың арасынан бұлақ шығып жатыр. Таңқалмасқа болмайды, бұлақ төменде, жерден емес тасты жарып, неғұрлым биіктен ағып шығып жатыр. Суы мөп-мөлдір, сап-салқын, ішсең құмарың қанады. Шатқалдың іші қалың ағаш, долана талдары, неше түрлі гүлді шөптерге тұнып тұрады. 2025 жылы ауданымыздың Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбинмен бірге осы бұлақты тамашалап қайтқан едік. Міне, Илья ағай да осы Талдыбұлақ өзенінің әсем табиғатын жақсы білетін, оның суына шомылған, жағасында отырып өзеннің сылдырап аққан дауысынан әсем әуендерді тыңдай білген. Сол кездегі алған әсерлерінің нәтижесінде және туған жерге, туған елге деген, оның табиғатына деген сағыныштан «Талдыбұлақ» әні туған деп есептеймін. Бұл әнді қазір ауданымыздағы өнерлі жігіттерден құрылған «Сарысу» триосы орындап жүр.
Композитордың туған жерге арналған әндерінің ерекшелігі — оларда пафостан гөрі шынайы сағыныш, табиғатқа іңкәрлік және қазақы рух басым. Ол – қазақ музыкасының сыршыл сазгері. Қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талантты тұлғалардың бірі. Ол — композитор, жазушы, журналист әрі қазақ ән өнерінің жанашыры. Сазгердің шығармалары халықтың жүрегінен орын алып, ұлттық музыка қорынан ерекше орын иеленді. Оның әндерінен туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғат сұлулығы мен адам жанындағы нәзік сезім анық байқалады. Композитордың шығармашылығы ерекше лирикасымен бағаланады. Оның әндері терең мағыналы сөзімен, әуезді әуенімен халық арасына кең тарады. Әсіресе «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Көгілдір көлме» секілді әндері қазақ музыкасының алтын қорына енді. Бұл шығармаларда туған жердің табиғаты, елге деген сағыныш пен ұлттық рух көркем бейнеленген.
Илья Жақанов тек композитор ғана емес, қазақ өнерінің зерттеушісі. Қазақтың әйгілі әншілері мен композиторлары туралы құнды еңбектер жазып, ұлттық өнердің дамуына үлес қосты. Оның еңбектерінде қазақ музыкасының тарихы, дәстүрлі ән мәдениеті және өнер тұлғалары кеңінен қамтылған.
Сазгер шығармаларының басты ерекшелігі — қарапайымдылық пен шынайылық. Оның әндерін тыңдаған адам туған жердің кең даласын, табиғаттың әсемдігін және адам жанының нәзік толқынын сезінеді. Сондықтан оның туындылары уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, халықпен бірге жасай береді.
Бүгінде 90 жасы республиканың түкпір-түкпірінде мерекеленіп жатқан Илья Жақанов — қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, абыз ақсақал. Оның шығармалары жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлттық өнерді құрметтеуге тәрбиелейді. Сазгердің әндері мен еңбектері қазақ руханиятының асыл қазынасы болып қала береді.

Диханбай Ақділда, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.