Менің атымды неге Илья деп қойған?
Ал, Қазақ Елін соншама махаббатымен өзі де құшағына алып, елі де оны еміріне иіскеп, жұпарына тоймай жүрген Илья Жақанов кім?! Илья Қазақстанның оңтүстік өлкесінде қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында 1936 жылдың балбыраған мамыражай кезі — мамыр айының басында дүние есігін ашып, табиғат жаңарып жатқан шағында ілесе бірге келіпті. Ильяның анасы Бәлкен сол сәтті былай еске алыпты: «1936 жылдың қызғалдақты қыры құлпырған мамыр айының алтыншы жұлдызы… сол күні біздің « Ілгерібас» колхозының жайлауындағы болған, құдіреті күшті тәңір ием, Қаратаудың қыртыс-қыртыс жотасы… біз Жон жайлауына шығып, Нұртай өзенінің қыр жағы … күншығыс беті-бұлағы сылаң қаққан Бөкенсайына келіп, жапатармағай үй тігіп жаттық. Дала қызғалдағы көз жауын алып, жайнап тұрды. Жайлаудың жұпар лебі желпіді. Арқаның салқын самалына үйренген біздің жұрт осы жайлауға шыққанда: шіркін, осы Жон-ай, Сары арқаны жоқтатпайды, дейді масаттанып. Айтса айтқандай, Жон көкірегімізді ашқан бір жаннат дүниесі боп, сондай қызықтырды. Жұрт мәре-сәре мәз кезде, о тоба, жылы жел көтеріліп, қара нөсер сабалап ұрып кеп берді. Әне-міне дегенше, ол жапалақтап жауған қарға ұласты. Лезде дүн-дүниені ұлпа қар басып салды. Бұл не деген ғаламат еді! Кенет мен белім ұйып отыра қалдым. Дүниеге сен келдің, Илья, сен!» -деп толғана айтқан әңгімесі табиғаттың буырқанған болмысы мен ерекше құбылысын көз алдымызға елестетеді.
Заман аласапыран боп, дүркіреп тұрған кез. Аппақ кіршіксіз ақ адамдар еріктерінен тыс «халық жауы» аталып, түрмеге қарай бағытталып жатқан мезгіл. Дүниеге сәби келіп, мәре-сәре болып жатқан отбасына жандарын қоярға жер таба алмай, айдалып кетеміз деп зәрелері кетіп жүрген елдегі үш қария құтты болсын айтып, келе қалады. Балаға әлі ат қойылмаған екен. Бұлар сол рәсімді атқармақ боп, нәрестеге есім берудің саяси жағын да қамтып, Лениннің әкесінің атын қойыпты. Содан бала «Илья» атанады. Осылайша ат қойылу жайы ел-жұртқа тарап, тіпті, аудан басшыларына да жетіп, баланың әкесі Жақан да, ат қойып, азан шақырған үш қонақ та қуғын- сүргіннен аман қалыпты. Сөйтіп, Ильяның адамды аялауы дүниеге келмей жатып басталған екен.
Илья дүниеге келгенде табиғат та, адамдар да бір сілкініпті. Жас Илья сәби кезінен халықтың ән бұлағына әннің нөсер жауынына шомыла қызықтап шапқан, кең даланың мөлдір ауасын әсем дауысымен алғаш дірілдеткен жас өспірім мектепте оқып жүргенде-ақ өнерпаздығымен; әнге әуестігімен жырға елтуімен, мектептегі шәкірттік өмірі әнді жүрек бөлшегі етуімен өтіпті.
Орта мектептен соң, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіпті. Бұл 1954 жыл еді. Әнге, жырға әуестігі толастамады. 1956 жылы, студент кезінде тұңғыш сыймаған сезім дүмпуімен лықсып алғашқы ән туыпты. Ол «Түн ортасы болғанда» деп аталыпты. Илья жастайынан поэзия пірі Қасым Аманжолов жырына сүйсінген. Өзі әнге сұранып тұрған ақын өлеңі Ильяның мөлдіреген нәзік сазына оранып шыға келіпті. Оған Қадыр Мырзалиев сөзіне шығарылған «Салтанат» әні жалғасыпты. Әндер легі бір-біріне ұласып, композитордың шын шабытты, жұлдызды шағы жарқырап, тума талант тиегі ағытылыпты. Студенттер бұл кезде Абілахат Еспаев бастаған сазгерлер әндерімен шалқып жүрген шағында, Илья әндері де салтанатты көшке ілесіп, жастардың рухани нәріне айналыпты.
Қадір Жүсіп, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор