Қазақтың Ильясы немесе оның «Кеңгірдің қоңыр кештері» атты әні туралы мөлтек әңгіме

0

Композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, суретші, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың 90 жас мерейтойы оның туған өңірі Жамбыл-Әулиеатада бүгіндері кең көлемде аталып жатыр.

Күн сайын әртүрлі ұжымдарда тартымды кездесулер болып, көпшілік Илья ағамен дидарласып, оның саналы өмірінің сан қырлы шығармашылық өнерімен танысып, рухани сезімге бөленіп, ризашылықпен қарсы алуда. Иә, бір адамның бойынан осыншама өнер, қабілет табылып жатқанына таңғалмасқа шамаң жоқ. Қазақтың әлгі «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі осы Илья ағамызға арналғандай болады да тұрады. Халық оның сезімге толы лирикалық әндері «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Еділ-Жайық», «Кеңгірдің қоңыр кештері» тәрізді әндерін сүйсіне тыңдайды, тіпті бұл әндер айтыла бастаса еріксіз қосылып кетеді. Бұл – сол тамаша әндердің ерекше қасиеті мен құдыреті болу керек, сірә. Сондай бір кездесу Тараз қаласының мәдениет орталығы, халық бүгіндері «Шахристан» деп атап кеткен жердегі «Руханият және тарихтану орталығында» облыстық мемлекеттік архив қызметкерлерімен өткен кездесу ерекше әсерлі болды. Кездесуде Илья Жақановтың өмірі мен творчествосы кеңінен қозғалып, әндері орындалды. Бейресми жағдайда өткен кездесуде оның кейбір әндерінің қалай шыққаны жайлы да әңгіме болды. Мысалы, оның «Кеңгірдің қоңыр кештері» атты әні қалай дүниеге келгені жайлы автордың өзі былай деп баяндады.
–Өнер зерттеушісі болғандықтан мен елімізді көп араладым. Шырайлы Шығыстан бастап, байлығы мол Батысқа дейін, астықты Солтүстіктен бау-бақшасы мол, күні күлімдеген Оңтүстікке дейін армансыз шарлап, халық арасында бүгінге дейін сақталған талай керемет әндердің тарихын зерттеп, нотаға түсірдім, мақала жазып көпшілікке жеткіздім. Сол іссапарларымда қазір айтылып жүрген әндерімнің басым көпшілігі дүниеге келді. Соның бірі «Кеңгірдің қоңыр кештері» атты әнімнің қалай жазылғаны туралы айтып берейін.
1995 жылдың маусым айында пойызбен Жезқазғанға бара жаттым. Жарық стансасынан өттік. Купеде жалғыз өзім. Терезеден сыртқы табиғат көрінісіне көңіл аударып, тамашалап келемін. Ашық есіктен ары-бері өтіп жатқан жолаушылар қозғалысына онша мән бермей отырғанмын. Бір кезде джинсы костюм киген сыптай арық, бойшаң жігіт коридордан бірнеше рет олай-былай өтіп, маған көз қиығын салып қояды. Менің оған зер салғанымды байқаған ол:
–Ағай, ассалаумағалейкум. Кешіріңіз, шырамытып тұрмын. Сіз Илья аға Жақанов емессіз бе? – деді.
–Ия, қателеспедің, мен сол ағаңмын, – деп ізетпен амандастым.
–Сізбен пойызда танысамын деген ойда жоқ еді. Ғафу етіңіз, аға. Жүздескеніме қуаныштымын. Аздап болса да сізбен әңгімелесуге бола ма, жол қысқарсын. Сіз туралы, әндеріңіз туралы біраз хабарым бар. Әндеріңізді сүйсіне тыңдайтындардың бірімін. Есімім Аян, қарағандылықпын. Мамандығым суретші. Бірақ мына қысылтаяң күйзеліс кезең, экономикалық дағдарыс заманында ол мамандығым да, салған суреттерім де ешкімге керек болмай қалды. Әркім күнкөру жолын іздеп кетті. Басқалар сияқты мен де иығыма ала дорбаны іліп алып Новосібірден, Омбыдан, Тюменнен радиобөлшектер әкеліп Қарағандыда, Балқашта, Жезқазғанда сатып күнкөріп жүрген жайым бар. Ол заттарым бірде өтеді, бірде өтпейді. Орыстардың әлгі «Волка ноги кормят» дегеніндей, сенделіп, тыным таппай жүрісіміз осы, аға. Сіздің радиодан берілетін әндеріңізді сүйсіне тыңдаймын. Әсіресе «Әсел» деген әніңіз керемет. Мен үшін ол әніңіз ерекше ән,- деді де жігіт тұнжырап, көздері жасаурап, біраз уақытқа дейін үндемей қалды. Іштей толқып отырғанын сездім.
–Сіздің сол әніңіз менің өз басымнан өткен бір әсерлі оқиғаны әркез есіме түсіреді, – деп Аян әңгімесін жалғастырды. – Жастық шағымыз ғой. Суретшілікті бастаған уақыт. Марат есімді суретші жас жігіт екеуміз Жезқазғанға келіп, әртүрлі мекемелердің ғимараттарын көркемдеумен айналыстық. Күндіз бойы қылқаламды қолға алып, сурет жазып, кешке қала шетіндегі кемерлеп жатқан көлге барып, салқын суға шомылып, дем аламыз, қайықпен жүземіз. Кейде мольбертімізді ала келіп, жағалауға қойып пейзаж жазамыз. Ары өткен, бері өткендер біздің «шимайларымызға» қызықтап, қарап өтіп жатады. Бір күні екі қайыққа мінген жас ұл мен қыздар тобы біз отырған жағаға келіп тоқтады. Біздің жаза бастаған картиналарымызды қызықтап, өзара пікірлесіп жатты. Әлгілердің ортасында қолаң шашы қос бұрым болып өрілген талдырмаш аққұба қыз картинамызға әсерлене қарап тұрғанын байқадым. Оның картинамызға қызыққанын сездім.
Бірнеше күннен кейін әлгі қыз біз отырған көл жағасына келді. Таныстық. Есімі – Жамал. Қарағанды медицина институтының студенті екен. Жазғы каникулын Жезқазғанда тұратын жездесі мен әпкесінің үйінде өткізуде екен. Жамал екі күннің бірінде кешке көл жағасына серуендеуге келіп жүрді. Біздің жазып жатқан картиналарымызды тамашалап, кейде әртүрлі ойлы сұрақтар қояды. Бірте-бірте қысылмай еркін сөйлесетін болдық. Қайыққа отырып, ескек есіп, көл бетінде тербеліп, алаулап батқан күн нұрын тамашалап жүрген кездеріміз аз болмады. Маратты қайдам, менің Жамалға деген көңілім жығылып, оны бір күн көре алмасам тұра алмайтындай болдым. Өмірлік серігімді тапқандай ойда жүріп, оған қалай ғашық болып қалғанымды сездім.
Бірде бір шаруа туындап, бірнеше күнге Қарағандыға кетіп қалдым. Оншақты күннен кейін Жезқазғанға оралдым. Марат жатақханада жоқ екен, «Е, күндегі әдетімен көл жағасына кеткен болар», деп көл жағасына бардым. Алыстан көзім шалды. Көл жағасындағы ірі қойтаста қызыл гүлді сары көйлек киген Жамал отыр. Марат досым мольберттегі холсқа бір, Жамалға бір қарап бар көңілімен портрет жазуда екен. Бір кезде Жамал тастан ерке лақтай жеп-жеңіл секіріп түсіп, сықылықтай күліп келіп мольберттегі жазулы картинаға үңілді де Маратты қапсыра құшақтап бірнеше рет сүйіп алды. Сол сәтте жүрегім қызғаныш отына күйді. Олармен салқын амандастым да шешініп көлге шомылдым. Содан Маратпен екеуміздің арамыз суый бастады. Марат онсыз да көп сөйлемейтін, тұйық мінезді жігіт еді. Сол күннен бастап кінәлі адамдай сөзден тиылды. Көл жағасына баруды қойдым. Бірақ Жамал ойымнан кетпейді, көргім келеді. Сөйтіп, осындай халде жүргенімнің бірінде Марат маған:
–Сен де сүйдің Жамалды, мен де сүйдім Жамалды. Сол Жамал енді екеумізге де жоқ! – деді.
Әрі қарай еш әңгіме болған жоқ. Бірақ жүрегімнің бір түбінде Жамалға деген сезім алауы қанша жылдар өтсе де сөнбей келеді, аға. Құдайға шүкір, үйленгем, ұл-қызым өсіп келеді. Өзімізді бақытты отбасымыз деп есептейміз. Бірақ кейде Жамалмен танысқан уақыт, көл жағасындағы кешкі әсерлі серуендер, оның сүйкімді бет-бейнесі, сиқырлы әдемі күлкісі, өзіне ұнайтын қимыл-жүрісі көз алдыма көлбеңдеп тұра қалады. Қанша жылдар өтсе де сол бір қызықты күндерді жүрек, шіркін, аңсайды да тұрады. Сіздің «Әселім» әніңіз бізге, Жамал екеумізге, арналып жазылғандай болады да тұрады. Әннің мына сөздеріне көңіл аударыңызшы:
«Самалы жұпар жазғы бір кеште,
Ойласам болды Ыстықкөл жақты.
Айтылған сырлар түседі еске,
Оятқан сонда ақ махаббатты.

Тулайды жүрек,
Толқындай шалқып.
Аңсайды жүрек,
Өзіңе тартып.
Сағынтқан әнім,
Әселім, жаным.

Тағдырмен қатал ойнатқан сонда,
Қайдасың менің армансыз күнім?
Бақ құсым едің, қонбадың қолға,
Қапыда қалдым, зор толып үнім».
Сондықтан болар сіздің осы әніңізді естісем жүрегім кеудеме сыймай лүпілдеп, ерекше жылып, шымырлай бастайды. Ол сезім, сірә, адам санасынан еш өшпейтін шығар, Илья аға, – деп аяқтады Аян өзінің көңілінде көптен жүрген шерін тарқатқандай болып.
Көпке дейін оның айтқан әңгімесі ойымды орап алды. Адам тағдыры, оның жүрегін лүпілдеткен нәзік сезімі неткен ғажап! Егер олай болмаса не болар еді?..
Мен әлгі маған жолсерік болған Аян атты жігіттің әңгімесінен әсерленіп Жезқазғанға келгеннен кейін ертеңіне Кеңгірлі көлінің жағасына бардым. Көрікті-ақ көл екен. Оның жеңіл ерке самалға шымырлап еркелеген толқыны, жағажай көрінісі адамды ерекше сүйсіндіреді. Көл бетінде еркін қалқып жүзіп жүрген қайықтар да көлге көрік бере түседі. Сол сәтте көңілге лықсып мына бір лирикалық әдемі ырғақ келе қалды:
«Кеңгірде кіші бесінде,
Кейде бір қоңыр кешінде.
Жағада жүрдік үшеу боп,
Сол күндер, шіркін, есімде».
Осы шумақты көл жағасында жүріп бірнеше рет күбірлеп қайталадым. Әрі қарай ой толқыны ерік бермей басқа бір жұмбақ әлемге жетектеп кете берді:
«Сен дағы сүйдің сол қызды,
Мен дағы сүйдім сол қызды.
Аялап бақтық алаңсыз,
Жайнаған сол бір жұлдызды.

Нұрлы еді-ау сол көктем,
Кеңгірде қайық тербеткен.
Аққудай сызып айдынды,
Алысқа ұзап ән кеткен.

Сені де өпкен сол бір қыз,
Мені де өпкен сол бір қыз.
Қапыда біздер көз жаздық,
Ғайып боп кеткен сол жұлдыз.

Сен дағы таптың жарыңды,
Мен дағы таптым жарымды.
Баса алмай әлі келеміз,
Жүректе ыстық жалынды.

Кеңгірдің беті — шарайна,
Самалын желпіп маңайға.
Барады күндер білінбей,
Боз қырау түсіп самайға.

Тағдырдың сыйы осылай…
Арманда қалдық, досым-ай.
Кеңгірдің қоңыр кештерін
Өтерміз әнге қосып-ай».
Бұл ән сөйтіп экспромт жазылып еді. Бар болғаны бір сағатқа жетпей дүниеге келген лирикалық әдемі ән туды. Сөйтіп, көп ұзамай «Кеңгірдің қоңыр кештері» әнім ел-жұрт арасына тез тарап, көптің ықыласына бөленді. Бұл әнді қазір біраз танымал әншілер орындап жүр. Солардың ішінде оралдық әншілер Дастан Есентеміров, Дария Бақытова және Ернар Өмірәлінің орындауында бұл ән ерекше қабылданады. Бұл әнді қырғызстандық өнерпаздар да нақышына келтіре, лирикалық сезіммен тамылжыта орындауда. Жақсы ән – кез келген композитордың сенімді екі қанаты. Одан ол шабыт алады, көңілі тасып, бақытты сезімге бөленеді, — дей келіп бір терең тыныстап алып Илья ағамыз әңгімесін әрі қарай былай жалғастырды:
…Өткен жылдардың бірінде Қызылорда облысының Шиелі ауданында профессор Тұрсынбек Кәкішев екеуміз қонақта болдық. Қонақта отырғанда бір жас көрікті аққұба келіншек қасындағы жұбайынан қысылмай маған күлімсіреп бернеше рет қадалып қарай берді. Ойымда ештеңе жоқ, оған еш мән бермедім. Үзіліс кезінде әлгі әйел таяп келіп:
–Илья аға, сәлеметсіз бе? Кездескеніме қуаныштымын. Сіздің бүгіндері ел сүйсіне орындап жүрген «Кеңгірдің қоңыр кештері» әніңіздің кейіпкері мына мен боламын. Жастық шағымның бір кезеңін әсерлі бейнелеп, еш ұмытылмайтын, естен кетпейтін керемет ән жаздыңыз. Бәрі-бәрі есімде, күні кешегідей көз алдымда, аға. Біздің жастық сезімімізге өлмейтін, өшпейтін ескерткіш қойдыңыз. Сізге көп рахмет. Ғұмырлы болып, әлі талай елдің жүрегінен орын алатын әдемі де әсерлі ән жаза беріңіз. Мен осы жердегі аудандық ауруханада дәрігермін. Бала-шағам аман-есен жетіліп, өсіп келеді. Жолдасым да парасатты жан. Өткен күндеріме өкінбеймін. Тағдыр ісі осылай болды.., — деп ризашылықпен қолымды қысты.
Міне, менің «Кеңгірдің қоңыр кештері» атты әнімнің тарихы осындай, – деп аяқтады өз сөзін Илья ағамыз.
Иә, Илья Жақановтың жазған әр әнінің тарихы терең, негізі бар, жүрекпен жазылған өлмейтін, өшпейтін, ел-жұрт әрдайым жылы қабылдайтын, сүйсіне тыңдайтын тартымды, әсерлі шығармалар.
Жасай беріңіз, жаза беріңіз, Илья аға!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.