Ана деген-теңдесі жоқ ұлылық
Қазақстанда Аналар күні аталып өтуде. Бұл мереке 2023 жылы ресми түрде бекітіліп, жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады.
Аналар күні – аналықтың қадір-қасиетін дәріптейтін, аналарға деген сүйіспеншілік пен алғыс сезімін білдіруге арналған маңызды мереке. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді. Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Өйткені ана – тек отбасының ұйытқысы емес, рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіретін негізгі тұлға.
Аналар күні — бүкілхалықтық мереке. Бұл мереке жарық дүниеге бала әкеліп, өсірген әйелдерге ғана емес, әлемнің жарығы мен шуағын сыйлаған анасына алғысы бар әрбір адамға да қатысты.
Осы мереке ауданымызда кең көлемде аталып өтті.
Саудакент ауылы
Саудакент ауылдық мәдениет үйінде аналар күніне арналған «Мерекеңмен, анашым» атты концерттік кеш өтті. Шарада аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Ауданымыздың әлеуметтік дамуына үлес қосып, отбасының ұйытқысы болып жүрген бірқатар аналар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ауылдық мәдениет үйінің әншілері барша аналарға арнап әннен шашу шашты. Сонымен қатар, іс-шара барысында Жаңаарық ауылдық ардагерлер тобынан құралған «Шабыт» тобының өнеріне көрермендер тәнті болса, Жаңаталап ауылдық округінің «Асыл әжелер» ансамблінің ән шашуы көпшіліктің көңілінен шықты. Ауыл өнерпаздарының «Аққулар ұйықтағанда» көрінісі ерекше әсерге бөледі.
Саудакент ауылдық мәдениет үйі
Ә.Бүркітбаев ауылы
Ана – жүрегі әрдайым «бала» деп соғатын абзал жан. Ол кез келген уақытта баласын қорғауға дайын. Қазақ халқы ықылым заманнан ананы биік қойған. Ана деп ән салып, өлең жазып «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп ақ жаулықты ананы қастерлейді.
12 мамыр-Аналар күніне орай Ә.Бүркітбаев ауылдық клубында «Ана – өмір шуағы» атты аналармен сұхбат кеші өткізілді. Аталған мерекені өткізу – ананың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, аналық құндылықтардың маңызын насихаттауға, қазіргі Қазақстан қоғамындағы аналардың рөлін айқындауға, сондай-ақ қазақ халқының тарихындағы аналар бейнесін ұлықтауға бағытталған.
Іс-шараның мақсаты – аналарды құрметтеу, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлін насихаттау.
Кеш барысында аналармен еркін сұхбат жүргізіліп, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, ананың қоғамдағы орны туралы пікірлер айтылды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тағылымды әңгімелер өрбітті.
Э.Байсеңгірова, Ә.Бүркітбаев ауылдық клубының меңгерушісі
Досбол ауылы
Досбол ауылдық клуб үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, сабыр мен төзімнен жаралған, әрбір шаңыраққа нәр берген аяулы да, ардақты алтын құрсақты аналарымыздың сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында Аналар күніне орай «Ана – өмір шуағы» атты аналармен кездесу кеші өткізілді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі, бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Досбол ауылының өнерпаздары Бейсен Исламбек, Кенжетай Қожаханның орындауындағы ана тақырыбындағы әсем ән әуендері көпшіліктің жүрегінен орын алды. Досбол орта мектебінің оқушылары аналарымызға арнап өлең шумақтарын оқыды. Іс-шара жоғары деңгейде өткізіліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ж.Үсенбекова,
Досбол ауылдық клубының меңгерушісі