Сырлы жүрек сазы
Апта ішінде аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор, өнер зерттеуші, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың шығармашылығына арналған Сарысу, Талас, Созақ аудандары арасында «Сырлы жүрек сазы» атты байқауы өтті.
Аймақтық байқаудың негізгі мақсаты И.Жақановтың лирикалық әндерін насихаттау, қазақ мәдениеті мен әдебиетін, қазақ тілінің мәртебесін арттыру. Жаңа әлемдегі-Жаңа Қазақстан бағытында мәдениеттің, өнердің дамуына үлес қосу. Дарынды таланттарды анықтау, ағамыздың әндеріне заманауи қарқын беру.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ж.Сақыпбеков сөз сөйледі.
-Бүгін біз Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор, музыка саласының дамуына елеулі үлес қосқан Илья Жақановтың 90 жасқа толуына орай, аймақтық ән байқауында басқосып отырмыз.
Бұл шараның мәні бөлек, мағынасы тереңде. Қазақ өнерінің алдаспанына айналған Илья Жақанов сарысулықтардың ғана емес күллі қазақтың мақтанышы.
«Ел іші — өнер кеніші» деген дана халқымызда өсиетті сөз бар. Қазақтың даңқты перзенті Илья Жақановтың шығармашылығын насихаттауға бағытталған бүгінгі байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Өнер айдынында биіктерді бағындыра беріңіздер,-деді.
Байқауға Талас, Сарысу және көршілес Созақ аудандарынан 7 үміткер қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Байқауда И. Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әнін және сазгердің әндерінен бір әнін орындау кезеңдері бойынша қатысушылар өз бақтарын сынады.
Әншінің бәрі дүлдүл, бәрі бұлбұл болса да, мәрені бәрі бірдей кеспейтіні бар. Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды ауданымыздың талантты әншісі М. Омаров қанжығасына байлады. Таластық Сағыдат Әділбек 2-орынды жеңіп алды. Ал 3-орынды сарысулық Мөлдір Мұсаева иеленді.
Айта кетейік жеңімпаз жезтаңдай әншілерді ауданымызда өтетін И. Жақановтың 90 жылдық мерейтойында композитордың өзі марапаттайтын болады.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»