Тарих — халықтың рухани жадын сақтайтын асыл қазына

0

Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі 1978-жылы Сарысу ауданының құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында ашылған болатын. Алғашқы рет бұрынғы аудандық партия комитетінің ең алғаш орналасқан үйінде құрылды.

1992 жылы 20 қыркүйекте Сарысу ауданының әкімі Ә.Көпбергеновтің шешімі бойынша Сарысу ауданына көптеген еңбегі сіңген азамат, еңбек ардагері Төкен Мақашевтің есімі берілді.
Қазіргі таңда аудандық музейде барлығы – 6058 жәдігер бар.Олардың негізгілері –3523
Жәдігерлікке қойылғаны – 2184
Бүгінгі күні Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Археология» залы, «Ықылас Дүкенұлы» залы, «Табиғат» залы, «Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең», «Этнография», «Мәдени ағарту және өнер» залдары халыққа қызмет көрсетуде.
Музейдің негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіш­терді, тарихи оқиғалар­ды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани, адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу. Музейлер өздерінің бірыңғайлығымен мәдениеттің ерекше өрісін құрайды, онда рухани құндылықтарды құрудың негізі болып адам іс-әрекетінің заттық нәтижелерімен табиғат объектілері қызмет атқарады. Адамзат баласы­ның қазіргі таңдағы тарихи қызығушылығы артқан жағдайда музей үлесіне үлкен міндет жүктеліп отыр.
Жас ұрпақ дүние сырларын ақтара отырып, бүгінгі күннің көкейтесті сауалдарына жауап іздейді, қоғамның бұдан былайғы заңдарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне зейін қойып қарасақ музей өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады. Музей қызметкерлері мамыр айында музейде «Музей қорына сый» акциясын ұйымдастырып отыр .
Тарих — халықтың баға жетпес қазынасы. Өткеннің өнегесін келер ұрпаққа жеткізу — баршамыздың ортақ міндетіміз.
Осы орайда музей қорын толық­тыру мақсатында ұйым­дастырылған «Музей қорына» акциясына қатысуға шақырамыз!
«Музей қорына сый» – тарихқа жасалған құрмет.
Тарих — халықтың рухани жадын сақтайтын асыл қазына. Әрбір көне жәдігер, сарғайған сурет, тұрмыстық бұйым немесе ата-бабадан қалған мұра — өткеннің үнін бүгінге жеткізетін құнды дерек. Осы құндылықтарды келер ұрпаққа аманат ету жолында музейлердің атқаратын рөлі ерекше.
Осы мақсатта ұйымдас­тырылған «Музей қорына сый» акциясы тұрғындарды тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және музей қорын толықтыруға шақырады. Акция аясында ел ішіндегі көне бұйымдар, ұлттық қолөнер туындылары, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен тұрмыстық заттар музей қорына қабылданады.
Музейге табысталған әрбір жәдігер — туған өлкенің тарихын байытып, ұлттық құндылық­тарымыздың сақталуына үлкен үлес қосады. Бүгінде көптеген құнды заттар жеке үйлерде сақталып келеді. Уақыт өте келе олардың тозып, жоғалып кету қаупі бар. Ал музей қорына өткізілген жәдігерлер арнайы талаптарға сай сақталып, ғылыми айналымға енгізіліп, көпшілікке таныстырылады.
«Музей қорына сый» акциясы — тек жәдігер жинау емес, бұл өткенге құрмет пен болашақ алдын­дағы жауапкершіліктің көрінісі. Өз қолындағы тарихи бұйымды музейге сыйлаған әр азамат ел тарихының сақталуына өзіндік үлес қосады. Сіз ұсынған әрбір көне бұйым, тарихи жәдігер, ұлттық қолөнер туындысы немесе құнды дерек — ел тарихын байытатын асыл мұра.
Бүгінгі сый — ертеңгі ұрпаққа аманат!Ұлттық мұрамызды ұлықтап, тарихи құндылықтарды бірге сақтайық!
Өйткені өткенін қадірлеген елдің болашағы да берік болмақ.
Тарихқа тағзым жасап, мәдени мұрамызды бірге сақтайық! «Өткенді құрметтеу — болашақты бағалау». Баршаңызды осы аталған акцияға қатысуға шақырамыз!

Э. Кокушева,
аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.