Қос тілді Татьяна
Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің көп көмегі тиіп жүр.
Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Татьяна Валентинқызы Комарова. Ол қазір «Айгөлек» балабақшасында логопед мамандығы бойынша жұмыс атқарып келеді.
Мереке қарсаңында «Айгөлек» балабақшасының басшысымен хабарласып, өзге ұлт өкілі жайлы сұрағанымызда Татьянаның ұялы байланысын берді.
Қай тілде хабарласқаным жөн болар екен, тәуекел түсінетін шығар деп қазақ тілінде сәлемдесіп едім «сәлеметсіз бе» деген құлаққа жағымды дауысты естіп, қуанып қалдым. Айта беріңіз, мен қазақ тілін жақсы білемін деп жауап берді. Мен де өз бұйымтайымды айтып, мереке қарсаңында газет бетіне сіз жайлы жазсақ деген едім, әуелі жұмысым көп, аттестацияға дайындалып жатырмын деді, дегенмен, рұқсатын берді.
Бүгінгі кейіпкеріміз Татьяна Валентинқызы Комарова 1974 жылы 27 маусымда Жаңатас қаласында туылған. Бақытты балалық шағы өте қызықты өтті. Ол 1981-1989 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында оқып, білім алады. Әрі қарай нан пісіру өнеркәсібінің тамақ техникумына түсіп, бітіріп шығады. 1993 жылы техник –технолог лауазымында нан зауытында жұмыс істейді. Содан кейін ол өзінің қызмет түрін өзгертіп, «Қазіргі гуманитарлық ғылымдар педагогикалық колледжіне «оқуға түсіп, дипломын алады. 2008-2011 жылдары педагог-психолог мамандығы бойынша «Әулие ата» университетінде оқуын жалғастырып, 2007 жылы педагог-дефектолог мамандығы бойынша «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне» жұмысқа ауысып, дефектология бойынша мамандарды қайта даярлау курстарын аяқтайды. 2014 жылы «Айгөлек» балабақшасында логопед ретінде жұмыс атқарып келеді. Педагогикалық жұмыс өтілі 21 жыл, педагог-зерттеуші санаты бар.
“Мен – шексіз даламыздың қызымын. Бала кезімнен үлкендерге құрмет көрсету керек екенін үйреніп өстім. Қазақтардың жасы келгендерге сыйластығы ерекше. Кішкентай кезімнен әр таң сайын мектепке бара жатып, көшемде тұратын аталармен амандасуды әдетке айналдырғам. Сол кезде біз әрқашанда жылы сөйлесетінбіз. Қазақтар әрдайым адамдарды жақын тартып, өз бауырындай көреді. Соның арқасында менің де мінезім ашық болды деп ойлаймын. Өйткені бейтаныс жандармен тез араласып, коммуникацияға оңай түсемін. Көбі менің мемлекеттік тілді жетік меңгергенімді біледі. Мен қай жастан бастап мемлекеттік тілді меңгергенімді айта алмаймын, өйткені ана тілім сияқты бала күнімнен қазақша сөйледім. Мен елімді, жерімді, мемлекеттік тілді шын сүйемін. Еліңді, халқыңды сүю үшін себеп те керек емес”, – деді ол.
Айтуынша, қазақтардың толеранттығы мен бейбіт болуының арқасында ол өзін ешқашан басқа ұлт өкілі деп те ойламаған. Ұлты бөлек, ойы қазақ Татьянаның айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Сонымен қоса, ниеттен бөлек, сол тілде көп кітаптар оқып, аудармалар жасаумен айналысу қажет. Біртіндеп шағын мәтіндер жазудан бастап, маңыздысы сөйлесетін орта табу керек. Өйткені сөйлесетін адам болмаса, әрі қарай даму да мүмкін емес.
Біз тілдескен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтты. Ендеше алдағы уақытта ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп жатса, игі. Қазіргі жаһандану заманында әлемді ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып келеді. Сондықтан өз ана тілімізді ұмытпай, керісінше оның қолдану аясын кеңейту кейінгі ұрпаққа міндет!
Камели Сүлейменова, «Sarysý»