Жаңа конституция-жаңа бағыт
1 шілде – Қазақстан тарихындағы маңызды күндердің бірі. Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осыған орай аудан әкімінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркеновтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ілгерілету бойынша аудан активі өтті.
Кездесуге облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, мекеме және бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков «Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын ілгерілету бойынша ауданда атқарылар жұмыстар туралы» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Жандарбек Қалмырза, облыстық мәслихат депутаты Айтбала Жолмаханова Жаңа Конституциялық реформаның тиімділігі туралы кеңінен баяндады.
Жиында жаңа Ата Заңның қоғам өміріндегі маңызы мен елдің одан әрі дамуына қосар үлесі кеңінен талқыланды.
Жаңа Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат қана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін нақтылайтын өмірлік қағидалар жиынтығы. Сондықтан оның күшіне енуі әр қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Ата Заң қоғамдағы тұрақтылықты, заң үстемдігін және азаматтардың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиын соңында Жаңа Конституцияны насихаттау тобының спикерлеріне «Қазақстан республикасының Конституциясы» кітабы тапсырылды.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»