Таза Қазақстан-таза қала!

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай жариялаған үндеуінде:
-Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды.
Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз.
Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.
Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын. Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз,-деген болатын. Осы қағиданы берік ұстанған сарысулықтар «Наурызнама» оңкүндігі аясында Жаңару күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.
Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың тапсырмасына сәйкес аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Сенбілікке аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары, дербес бөлім қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене қатысып, көшелер мен қоғамдық орындарды күл-қоқыстан тазартты. Сонымен қатар жол жиектері, арық-атыздар, саябақтар мен демалыс орындары ретке келтіріліп, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды.
***
«Тазару» күніндегі тазалық жұмыстары ауданымызда қарқынды түрде іске асуда. Тазалықты сақтау әсіресе қоғамдық орындарды күл — қоқыстан арылту-басты мақсат.
Осы орайда, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері «Ақбұлақ» бастауына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар үшін таптырмас демалыс орынға айналған бастауды таза ұстауға бағытталған шара барысында жастар айналаны қоқыстан тазартып, талдарды әктеп, табиғаттың түрленуіне үлесін қосты. Тазалыққа қатысушылар аталмыш акция арқылы барлық тұрғындарды қоршаған ортамызды таза ұстауға үндейді.
***
Ауданымыздағы Ысты Тілік баба ескерткіші Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылының арасында менмұндалап тұрған маңызы бар тарихи жәдігер.
Тазару күніне орай, Жаңатас қаласы, Саудакент және Игілік ауылдарының ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл әкімдігінің ұжымы, аталмыш орынға тазалық жұмыстарын жүргізді. Қасиетті орындағы игі іске қатысушылар ескерткіш маңын күл-қоқыстан тазалап, табиғатты аялауға үлес қосты.
***
Осы ретте Тазару күні аясында Жайылма ауылында 500 қара тал көшеттері отырғызылды. Бұл өткен сенбі күнмен қосқандағы егілген талдар. Туған өлкені көркейтіп, жасыл желекке айналдыру мақсатында өткен шараға ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жастар қатысты. Шара аясында егілген көшеттер ауылдың көркіне көрік қосып ғана қоймай, экологияны жақсартуға септігін тигізбек.
***
«Тазалық-табалдырықтан басталады» демекші, көктемнің шуақты күні қым-қуыт тірлік пен жаңарудан басталады. Бұл күні халық тазалыққа баса мән беріп, қолға күрек ап, қызу жұмыстарға білек сыбана кіріседі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлыстың ұлы күніне орай, бекітілген Наурыз мерекесінің онкүндігінің соңғы Тазару күні ауданымызда кеңінен аталып өтті. Қала мен барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылған акцияға мекеме, бөлім, кәсіпорын қызметкерлері мен тұрғындар тартылды. Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағынан күл-қоқыс шығарылып, тазартылды. Сонымен қатар, Орталық алаңдағы «Еңбек ерлері» аллеясында 52 дана, сахна маңына 30 дана, Сағындықов көшесіне 20 дана рухани жаңғыру скверіне 10 дана арша көшеттері отырғызылды.
Шараға аудан тұрғындары да белсенділік танытты. Бірлікпен басталған тазалық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табары анық.
Мұндай игі шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға, ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге және өңірдің көркеюіне оң ықпал етуде.

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.