Кәсіпорын ұжымымен кездесті
Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде еліміздің басты ұлттық құндылықтары айқын көрініс тапқан. Құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты белгіленген. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланып отыр. Еңбек құқығының конституциялық деңгейде нығаюы ерекше мәнге ие. Әрбір жұмысшының құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету заңмен қадағаланады.
Апта ішінде аудан әкімі Сәкен Мамытов «Қазақсода» ЖШС-інің ұжымымен кездесу өткізді. Жиын барысында аудан басшысы жаңа Конституциялық реформаның тиімділігі туралы кеңінен тоқталды. Кәсіпорын қызметкерлерін алдағы келе жатқан саяси науқанға қатысуға шақырды. Компания өкілдері еліміз үшін маңызды оқиға саналатын референдумға белсенді қатысатындықтарын жеткізді.
Жаңа Конституция жобасы барлық азаматтардың заң алдында тең екенін нақты көрсетеді. Бұл нормалар әлеуметтік, лауазымдық немесе басқа да артықшылықтарға жол бермейтінін айқындайды.
Реформа қоғамдағы әділеттілікті күшейтуді көздейді. Заң бәріне бірдей қолданылған жағдайда ғана халық сенімі артады.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
«Sarysý»