Қарты бар елдің, қазынасы бар
1 наурыз — Алғыс айту күні ауданымызда кең көлемде аталып өтті. Халқымыз қарашаңырақтың қадірлі иелері-қарттарға деген құрметті қашан да жоғары бағалаған. Бұл ретте, Тыл және еңбек ардагерлеріне алғыс білдіру-кішіпейілдіктің белгісі.
Осы орайда, аудан әкімі Сәкен Мамытов Тыл еңбеккерлері, ауданымыздың Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері Қоңырбеков Ордабек пен Ақылбеков Ермекбай аталардың шаңырақтарында болып, айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады.
-Еліміздің өсіп-өркендеуі мен ауданымыздың дамуына үлес қосқан тыл және еңбек ардагерлерінің орны ерекше. Сіздердің көп жылғы адал қызметтеріңіз кейінгі буынға үлгі-өнеге. Қай салада болмасын, табандылық пен жауапкершіліктің, кәсібилік пен адамгершіліктің биік үлгісін көрсеттіңіздер. Осындай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық,-деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, ол 15 наурызда алдағы өтетін Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
-Референдум-ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи сәт. Конституциялық өзгерістер мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Сондықтан сіздерді маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын,-деді аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы.
Қазыналы қариялардың елге айтар батасы да, тілегі де біреу-бейбіт күн мен ашық аспан, елдің, ұрпақтың амандығы. Мұндай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаларын дәріптей түсетіні анық. Осындай құттықтаулар қала мен барлық ауылдық округтерде де жалғасты.
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
«Sarysý»