Конституция-бүкіл құқықтық жүйенің тірегі

0

2026 жыл Қазақстан үшін айрықша кезеңдердің біріне айналды. Елде қолға алынған конституциялық реформа жай ғана заң мәтінін түзету емес, бүкіл мемлекеттік жүйені қайта ой елегінен өткізудің көрінісі болды. Әңгіме бір-екі бапты өзгерту туралы емес, Негізгі заңның рухы мен логикасын замана талабына бейімдеу жайында болып отыр. Сондықтан бұл үдерісті көптеген сарапшылар елдің саяси дамуының жаңа сатысы деп бағалайды.
Жаңа Конституция жобасының жариялануы қоғамда үлкен талқылау туғызды. Құжат құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да бұрынғы нұсқалардан едәуір ерекшеленеді. Баптардың басым бөлігі қайта қаралып, мемлекеттік басқару қағидаттары жаңаша сипат алуда. Мұндай ауқымды өзгеріс Қазақстан тарихында сирек кездеседі. Бұл биліктің өзі де бұрынғы модельдің шегіне жеткенін, қоғамның өскен сұранысына жауап беру қажеттігін түсінгенін аңғартады.
Конституция – бүкіл құқықтық жүйенің тірегі. Оған енгізілген әрбір түзету азаматтардың құқығына, мемлекеттік органдардың жұмысына және ел дамуының жалпы бағытына тікелей әсер етеді. Сол себепті мұндай реформаның маңызы айрықша, ол күнделікті тіршіліктен алыс көрінгенімен, әр адамның мүддесіне қатысты.
Реформаның өзектілігі соңғы жылдары қоғам өмірінде орын алған терең өзгерістермен байланысты. Технологиялардың қарқынды дамуы, экономикалық жағдайдың жаңаруы, цифрлық кеңістіктің кеңеюі, халықаралық қатынастардағы құбылыстар – мұның бәрі бұрынғы Конституцияда толық ескерілмеген жаңа жағдайларды туындатты. Осыған байланыс-ты адам құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылау, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта саралау, мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Негізгі заң уақыт талабына сай жаңартылмаса, ол өмір шындығынан алыстап, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін.

Жаңабай Миллионов, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Ғұмыр Дария» облыстық ардагерлер газетінің директоры, журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.