Елдің ертеңіне деген сенімді нығайтады
Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасы – бұл тек құқықтық мәтінді жаңарту әрекеті емес, мемлекеттің болашағына қатысты терең ойластырылған, мазмұнды әрі жауапты қадам деп есептеймін. Қазіргі қоғамның ішкі сұранысы, әлеуметтік өзгерістер мен жаһандық үрдістер ескерілген бұл жоба Қазақстанның құқықтық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталғанын аңғартады. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің адамға, оның қадір-қасиеті мен құқықтарына басымдық беретін бағытын айқындай түседі.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының басты құндылық ретінде айқындалуы-мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты қайта пайымдаудың көрінісі. Бұл адамды басқару объектісі ретінде емес, құқықтық жүйенің өзегі ретінде тануға негізделген ұстаным. Бірлік пен қоғамдық келісімге, этносаралық және конфессияаралық үйлесімге ерекше мән берілуі Қазақстан қоғамының көпқырлы болмысын ескере отырып жасалған салмақты шешім деп бағалануға лайық. Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілуі мемлекеттіліктің берік негізін сақтауға бағытталған. Әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарының, табиғатқа жауапкершілікпен қарау идеясының Конституция деңгейінде көрініс табуы қоғамның құқықтық әрі моральдық бағдарын нығайта түсетіні сөзсіз. Бұл қағидаттар қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, қоғамдық сана мен мемлекеттік саясаттың нақты өзегіне айналуы тиіс.
Жоба мәтінінде халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі екенінің нақты әрі мазмұнды түрде бекітілуі демократиялық дамудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Бұл норма азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтуге қызмет етеді деп ойлаймын.
Светлана Қожаназарова,
Сарысу ауданындағы Аналар кеңесінің төрайымы,
қазақ этно мәдени бірлестіктің жетекшісі