Жаңа мәтінде болашаққа бағдар айқын сезіледі
Жаңа Конституция жобасында адам капиталына басымдық берілген. Мұнда әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар бекітілген. Әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі Ата заңды кұрметтеуден басталады. Яғни құқықтық мәдениетті арттыру арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ғылым мен білімді дамыту еліміздің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, инвестицияны ұлғайтуға сеп болары сөзсіз. Сондай-ақ Ата заң жобасында тәуелсіздік, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар, әрбір азаматтың өмір сүру құқын қамтамасыз ету, білім мен ғылым, талантты жастарды қолдау сияқты дүниелерге баса назар аударылған. Бұған дейін де ғылымға, мәдениетке ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет тарапынан қолдау да көп. Бірақ қоғам ішінде бұдан да басқа өзекті мәселелер баршылық. Барлығы осы адами капиталға келіп тіреледі. Сондықтан осы аталған құндылықтарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, барлық салада кісілік, еңбек бағаланатын болса, адамдардың өзіне және қоғамына деген сенімі нығая түспек.
Жоба мемлекеттің болашаққа деген көзқарасын өзгертеді. Бұрын Конституцияда көбіне қалыптасқан жүйені бекітіп, бар тәртіпті сақтауға бағытталған. Ал жаңа мәтінде болашаққа бағдар айқын сезіледі.
Қамтылмаған сала жоқ. Мәселен, өнер, әдебиет, руханият саласы, азаматтық қоғам үшін де жетістік болайын деп тұр. Зияткерлік меншікке ерекше мән беріліп отыр. Бұл енді осы саланың дамуына өріс ашады деп ойлаймыз.
С. ЖАҚСЫПЕЙІЛОВА,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы